ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Үкімет басшысы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірісте жарақаттанудың алдын алу және қызметкерлер құқықтарын қорғаудың маңызына тоқталып, орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне нақты тапсырма жүктеді.
Мемлекет басшысы биылғы сәуір айында қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін қамтитын заңға қол қойған болатын. Алдағы уақытта еңбек заңнамасына түзетулер енгізіледі деп күтілуде. Бұл бастамалардың барлығы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге және азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғауға бағытталған.
Үкімет отырысына селекторлық режим арқылы қатысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жиыннан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай нақты тапсырма берді.
Аймақ басшысы елді мекендерді газдандыру жобаларының жүзеге асырылуын қатаң бақылауды, құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін зерделеу, бір ай мерзімде нақты ұсыныстар әзірлеу керек.
Мәжілісте өндірістік және құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы, еңбеккерлер құқықтарының қорғалуы барлық деңгейдегі басшылардың тікелей жауапкершілігі екені ескертілді.
Санитарлық тазалық, атап айтқанда Белкөл кентіне жақын орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы жағдайды үш күн ішінде реттеу жауапты мекемелерге жүктелді. Демалыс парктері, балалар ойын алаңдары, жол бойы мен көрнекі ақпараттың жай-күйін жақсарту, тазалық сақтауды тұрақты бақылау міндеттелді.





