Мемлекеттік тіл – татулықтың негізі

1409

0

Облыс орталығындағы «Достық үйінде» Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» тақырыбында пленарлық мәжіліс өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат қатысты.

Мәжілістің алғысөзін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов алып, қазақ елінің жарқын болашағы үшін күрескен Алаш қайраткерінің еңбегі туралы кеңінен атап өтті.

– Бүгінгі жиын өткен ғасырдың басында қазақ тілінің тағдыры үшін күрескен, қазақ әліпбиінің негізін қалаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып отыр. Бұл күнді Тілдер мерекесі деп атаудың үлкен мәні бар. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтаймын. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғана емес, сонымен қатар, ұлы ағартушы ұстаз. Оның жасаған әліпбиі ұлттық жазудың қалыптасуына үлкен септігін тигізді. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтудің маңызы зор. Осы орайда облыс көлемінде атаулы мерекеге орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тәуелсіз ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайта нәр алуымызға жол ашқан ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оның мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет, – деді ол.

Пленарлық мәжілісте «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат «Аймақтағы мемлекеттік тілдің мәселелері», Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Абасилов «А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және ғылыми қызметінің Қызылорда кезеңі» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен бірге облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Н.Мұсаеваның «Ұлттық руханияттың негізі – тіл», ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Д.Аяшұлының «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл қолданысы», Шиелі ауданындағы «Самғау» жеке мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Т.Нұштаеваның «Мемлекеттік тілді құрметтеу – парызымыз» жайлы хабарламалары тыңдалды.

– 2017 жылдан бастап 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі күні болып бекітілді. Бұл қазақ тілі білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай аталып келеді. Қазақ елін мекен етіп келе жатқан халықтың тілге деген құрметін арттыруды мақсат еткен Тілдер мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде мерекеленеді. Баршаңызды осынау атаулы күнмен құттықтаймын, – деді М.Қазбекова.

Жиын барысында мамандар тіл білімінің негізін салушы туралы сөз қозғады.

– Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ үшін қасиетті есім. Ол өз ұлтының бағы үшін өмірдің барлық саласына араласты. Бұған оның атақ-даңқы мен еңбектері дәлел. Қазақ халқы біртуар перзентін қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, ұлттық жазудың реформаторы ретінде жақсы біледі. Осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыларының бастамасымен А.Байтұрсынұлының 50 жылдығын атап өткендігі баршаға белгілі. Содан бері тура бір ғасыр өтіп отыр. Бір ғасырдан кейін де Ахаң тағы да ұлтты ұйыстырып, ұлт зиялыларын бір жерге жинап отыр. Бұл да – ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі, – деді С.Аңсат.

Жиында Ахмет Байтұрсынұлы туралы бейнеролик көрсетіліп, өңірде тілдерді дамыту саласы бойынша үлес қосып келе жатқан тіл жанашырлары мен сала мамандары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің, облыстың Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.

***

Оқырман сағаты

Облыстық қоғамдық даму басқармасы және Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Тіл – ұлттық қазына» тақырыбында оқырман сағаты өтті.      

Іс-шараға тіл жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері, «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының еріктілері, жас кітапханашылар, студенттер қатысты. Қатысушылар ұлт ұстазы туралы дайындалған көрмемен танысып, бейнеролик тамашалады.    

Оқырман сағатының бірінші бөлігінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Ж.Ерекешова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Б.Боранбай «Ахмет тағылымы және тіл тазалығы», кітапхана қызметкері А.Серікбаева «1925-1929 жылдардағы ағартушылық қызметі» тақырыптарында хабарламалар жасады. «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Т.Бекмырзаев «Мәңгілік мәртебем»  атты арнау өлең оқыды.

Екінші бөлімде оқырмандар өз ойларын ортаға салып, тіл жанашырларымен пікір алмасты. Оқырман жастар ақын-жазушылардың тіл туралы өлеңдерін оқыды. Ардагер ұстаз Ділдахан Торғаева және ақын-журналист Несібелі Рахмет жастарға арналған ғибратты әңгімелерін айтты.

Аружан Ералы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<