«Даму» қорында ашық есік күні өтті

609

0

Кеше «Даму» қоры аймақтық филиалында ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларды несиелеу механизмі жан-жақты түсіндіріліп, дәйекті ақпарат берілді. Сонымен бірге, несие алу мүмкіндіктері насихатталды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы директоры Жомарт Ермағанбеттің айтуынша, мұндай кездесулер қордың клиенттерімен байланысын күшейтіп, қызмет көрсету сапасын жақсартады.

– Қор  негізінен   мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидиялау және кепілдік беру құралдарымен жұмыс жасайды. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында субсидиялау және кепілдік беру қағидалары бекітілген. Оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында биыл қыркүйек айына дейін «Даму» қоры облыс бойынша жалпы сомасы 11,5 млрд теңгені құрайтын 546 жоба бойынша кәсіпорындарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі қаржылық қолдау көрсетті, – дейді Жомарт Ермағанбет.

Пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау шарттары бойынша кәсіпкерлер жобалық несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, сәйкесінше ай сайынғы төлемдерін де азайта алады. Осы бағдарлама аясында биыл «Даму» қорынан жалпы сомасы 4,4 млрд теңгені құрайтын 537 жобаға кепілдік берілген.

Кәсіпкерлер облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен жаңа өндіріс орындарын ашып, халық тұтынатын тауарлар шығаруға мықтап ден қоя бастады. Әрине, кәсіпорындар көптеп ашылып, өндіріс өркендесе қазынаға түсер қаржы да көбейеді. Сондықтан, бұл саланы жан-жақты қолдау аса қажет.

Қор қолдауының арқасында кәсібін дамытқандардың бірі – Ғалым Прекешов. Ол 2014 жылы «NP Consulting» серіктестігін құрып, елімізде алғаш болып қауіпсіздік үшін өте қажет саналатын гидрооқшаулағыш қорғаныш каскаларын шығаратын цех ашқан. Жоғары сұранысқа ие болып отырған қорғаныш каскаларының өндірісі «Даму» қорынан қолдау тауып, 2017 жылы 6%-бен несие алған.

2020 жылы өндірісті әртараптандыру үшін 14%-бен несие рәсімдеп, оның пайыздық үстемесін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде екі есеге дейін арзандату мүмкіндігіне қол жеткізді. Сонымен қатар, кәсіпорын несие рәсімдеу барысында кепіл мүлкі жетіспеушілігі мәселесін «Даму» қорының жартылай кепілдендіру құралының арқасында шешіп отыр.

– Жаңашыл бизнес көзі өз тұтынушыларын тауып, облыс аумағында ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінен тапсырыспен өнім шығарудамыз. Тұтынушылардың басым көпшілігі еліміздің ірі мұнай және құрылыс компаниялары, – дейді Ғалым Прекешов.

Аймағымызда «NP Consulting» сияқты қолда бар кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірісті өркендете отырып, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтып отырғандар аз емес. Кәсіпкерлерге бизнеспен, өндіріспен айналысуға даңғыл жол ашып берген «Даму» қорының аймақтық филиалы бүгінге дейін облыста субсидиялау құралы бойынша 139,2 млрд теңге несие сомасына барлығы 4 246 жобаға, кепілдік құралы бойынша 48,4 млрд теңге несие сомасына 2 775 жобаға қолдау көрсеткен.

Ашық есік күні барысында кәсіпкерлер және кәсіп ашушы тұлғалар ұйым өкілдерімен тікелей кездесіп, көкейтесті мәселелеріне түсіндірме жауаптарын алды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<