Ұлт ұстазына құрмет ұлы істерге ұласса…

1037

0

Биыл мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,  алғашқы оқу құралының авторы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Ол 1872 жылы Қостанай өңірінде дүниеге келген.

Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Оның әзірлеген әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, бұл әліпби – ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік. Соның бір көрінісі, Иран, Ауғанстан, Қытай елдеріне көшіп кеткен қандастарымыз әлі де осы төте жазу үлгісін қолданады екен. (Мәліметті музейдегі деректерден кездестірдік)

Біз бүгін қаламыздағы А.Байтұрсынұлы атындағы №211 орта мектебі туралы айтпақпыз. Мектептің іргетасы 1989 жылы қаланған. Ал 1991 жылы білім ошағына мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Оқу ғимараты типтік  үлгіде 1200 орынға арналған, бүгінде 900 оқушы білім алады.  Мектепте 86  ұстаз дәріс береді. Барлығы жоғары білімді, тәжірибелі мамандар. Оның ішінде  32 зерттеуші, 11 сарапшы, 21 модератор, 3 жоғары санатты және І-ІІ санатты ұстаздар қызмет етеді.

Жыл сайын мектептің материалдық-техникалық базасы ұлғайып келеді. Атап айтқанда, соңғы үлгідегі химия, биология, физика, информатика, робототехника кабинеттері және интерактивті тақтамен жабдықталған компьютер сыныбы бар. Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы атындағы кабинет оқушыларды ерекше ізденіс пен шығармашылыққа жетелейді. Ал мектеп  кітапханасында коворкинг орталығы ашылған, кітап қоры – 23187 дана, мұнда оқу-тәрбие бағытындағы түрлі тақырыптар бойынша танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. «Өзін-өзі тану» кабинеті де бар. Бұл кабинеттердің барлығы интернет жүйесіне қосылған, жаңа бағдарламалар бойынша жұмыс жасайды.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай мектепішілік музей ашылды. Музейдің ашылуына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары, Ұ.Жанбершиева, Ғ.Тұяқбаев және ғалымдар қатысты. Олардың айтуынша, А.Байтұрсынұлының ағартушылық жолын айғақтайтын құнды деректер оқушылардың ой-санасын қалыптастырып, тарихи танымын кеңейтуге өз әсерін тигізеді. Айталық, музейде ұлт ұстазының өмірі мен еңбек жолына қатысты деректер, тұтынған заттарының көшірме суреттері, кітаптар, фотосуреттер орналасқан. Негізгі құжаттардың көшірмесі республикалық музейден алынған. Музейдің ашылуына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Жолшораева, орыс тілі пәнінің мұғалімі Б.Алушаева және А.Ботабаев, Ж.Жанахметов сынды оқытушылар көп еңбек етті. Сондай-ақ, Г.Қараева, Л.Әбсадықова, Л.Нұрғалиева, М.Шілдебаева, М.Шерімова, М.Ерәлиев, Ұ.Жүсіпова, А.Төлебаева және Ж.Жанахметов сынды бірлестік жетекшілері мен мүшелерінің еңбегі ерекше.

А.Байтұрсынұлы тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. Ал 1926 жылы Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология»  тақырыбында баяндама жасады. Қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына терең мән берген ғалым осы мақсатта «Оқу құралы», «Тіл құралы», ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби», «Жаңа әліпби» атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Жалпы А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімін ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, негізін қалады.

– Ұлт ұстазының осынау ағартушылық жолындағы ұланғайыр еңбегін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Бұл мақсатта А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясындағы іс-шаралар мектеп ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ халқының рухани көсемі» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциядан бастау алды. Келелі жиында Халықаралық қазақ тілі қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Б.Қапалбек, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Г.Орда, А.Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйінің жетекшісі, әл Фараби атындағы ҚазҰУдоценті Р.Имаханбет, өзге өңірлердегі А.Байтұрсынұлы атындағы мектептердің өкілдері, сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы университеттің профессорлары Ж.Сәдуақасұлы, Ұ.Жанбершиева, Ғ.Тұяқбаев, А.Абасилов баяндама жасады. Жиын барысында А.Байтұрсынұлының жалпы түркі тілдерін зерттеуде, оның ішінде қазақ тіл білімін қалыптастырудағы жазып қалдырған еңбектері мазмұнды баяндамаларға арқау болды.

Бұдан бөлек, алдын ала бекітілген жоспар аясында облыстық, қалалық деңгейде көптеген ғылыми-танымдық, әдеби шығармашылық және қызықты интеллектуалдық бағытта байқаулар өткізілді, – дейді мектеп директоры Ә.Көшкінбаева.

Сөзімізді сабақтасақ, «Ахмет салған сара жол» тақырыбында бастауыш сынып оқушыларының сахналық қойылым байқауында А.Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағынан үзінділер көрсетілді. Байқауға 40-қа жуық мектеп оқушысы қатысып, балдырғандар өзара бақ сынасты. Ал «Ахмет – ұлы ұстаз» тақырыбында 7 сынып оқушылары арасында қалалық эссе байқауында, 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Арда туған Алаштың арыстары» қалалық жыр мүшәйрасында, 9-10 сыныптар арасындағы «Through the History» зияткерлік сайысына қаладағы мектеп   оқушылары қатысып, білімді де талантты жастар танылды. Сондай-ақ, «Akhmet – teacher of Nation» республикалық ғылыми-танымдық телекөпір шарасында Торғай музейлер кешенінің басшысы Гүлбану Құлетқызы А.Байтұрсынұлының тұтынған заттары жайлы әңгімелеп, өмірі мен шығармашылығына қатысты деректермен таныстырды.

«Қазақ тілі» бірлестігінің ұйымдастыруымен «А.Байтұрсынұлы және Алаш зиялылары» тақырыбында тарих пәні мұғалімдері арасында ашық сабақтар алаңы және «Ахмет – ұлт ұстазы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы сияқты мұғалімдер арасындағы сайыстардың да мазмұндық деңгейі жоғары болды. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлының немере қарындасы Ұлжан апамыздың қызы, асылдың сынығы Манаш Исмаиловамен кездесудің оқушылар үшін әсері ерекше болды. Кездесу сәтінде мектеп директоры Ә.Көшкінбаева ұлт ұстазының аманатын жалғап, осы жолда аянбай еңбек еткен аяулы ұстаз Манаш әжейдің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Айта кетейік, А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясындағы іс-шараларды ұйымдастыруда мектеп директорының орынбасарлары М.Қойшыбаева, Г.Әбдікәрімова, А.Абасилова, Ә.Қадірбергенов, А.Ерболатова өз міндеттерін жауапкершілікпен атқара білді. Оның ішінде «Қазақ тілі» пәні бірлестігі бойынша Р.Мизамбаева, С.Жолшораева, А.Жайылханова, Г.Қараева, Ж.Сейділдаева, А.Тұрсынбай сынды мұғалімдердің еңбегі ерекше. Сонымен қатар, орыс тілі, ағылшын тілі, тіпті жаратылыстану бағытындағы пән бірлестіктерінің жетекшілері де ұлт ұстазының еңбегін насихаттауға зор үлестерін қосты.

Бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы №211 орта мектепте әртүрлі пәндер бойынша 13 үйірме бар, онда 535 оқушы қамтылған. Ал мектепалды даярлық тобында 47 оқушы білім алуда. Сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде ұстаздардың тынымсыз еңбегі нәтижесін беруде. Соның дәлелі, 2021-2022 оқу жылында «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінен 4 жеңімпаз, «Зерде» республикалық  конкурсында 5 жеңімпаз, республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінен 4 жеңімпаз, сондай-ақ, спорт саласында халықаралық деңгейде 10 оқушы, республикалық деңгейде 23 оқушы, облыстық деңгейде 11 оқушы жеңімпаз атанған. Өткен оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша 43 оқушының 32-сі грант иеленген (оқушылардың 74,4 пайызы). Жалпы 2004 жылдан бастап мектептен 23 «Алтын белгі» иегері шықты.

Иә, ұлт ұстазының еңбегін ұлықтаудағы рухани танымдық бағытта атқарылған істерді айтып өттік. Алайда «әттең, осы жұмыстар назарға алынғанда…» дейтін тұстар да бар. Айталық, аталған мектепте А.Байтұрсынұлының ескерткіші немесе бьюсті орнатылса, білім ошағының беделін арттыра түсер еді. Сондай-ақ, мектептің білім деңгейін зерттеп, зерделеп, болашақта гимназия мәртебесін беруді де ойластырған артық болмайды. Көкейге келген ойды қалай іркеміз, мектеп ғимараты дәл осы күні күрделі жөндеуді де қажет етеді. Әрине, мұның барлығы ұстаздар қауымының құзырындағы іс емес, алайда айтар ойлары осыған саяды.

Деректерге көз жіберсек, А.Байтұрсынұлы 1925-1928 жылдары сол уақыттағы ел астанасы – Қызылорда қаласында тұрған. Демек, ұлт ұстазының табаны тиген Сыр өңірінде еңселі бір ескерткіші тұрса  да ұлағатты іс болар еді.

  Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<