Дүйсенбектің ақындығы

844

0

Дүйсенбек Аяшұлының алғашқы өлеңдерін оқыған кезде-ақ ғажайып бір әсерге бөленгенмін. Өлеңдерді оқу үстінде санама, құлағыма ерекше бір дүбір естілгендей болды. Сайын даламыздың төсіндегі сансыз жылқы тұяғының дүбірі, бірте-бірте осы дүбір Құрманғазының дауылды күйлеріне ұласып кеткендей ме? Аруақты жырларды оқып отырмын, дауылды күйлер ышқына гуілдейді. Жан дүниеңді астаң-кестең күйге түсірген қалпында ойыңды оятып, санаңды сергіткендей, құдды бір үстіңе мұздай су құйып жібергендей, денеңнен діріл сезіле ме? Біртүрлі! Шынын айту керек, Дүйсенбектің өлеңдерін оқыған сайын осындай әсерге күні бүгінге дейін бөленіп келемін. Бұл не? Меніңше, бұл – поэзияның, өлеңнің рухы.

Демек, Дүйсенбек өлеңдері, жырлары рухты дүниелер санатында болғаны. Демек, өлеңді жазатын емес, жарататын ақынның да рухты болмағы шарт қой. Әдебиет теориясы мен эстетикада өнердегі тұлға мәселесіне ерекше мән беріледі. Тұлғаның яғни, көркем дүниені жаратушының қырлары мен сырлары туралы жазудайын жазылып-ақ келеді.

Қолыма Дүйсенбек Аяшұлының биыл жарық көрген «Жұлдызым жоғары» деп аталатын жаңа кітабы, жыр жинағы тиді. Парақтап оқи бастағаннан байқағаным – Дүйсенбектің ақын, азамат ретінде өсіп кеткендігі, шығармашылығының шыңына қарай бет алғаны.

Әлемдік поэзияда «медитациялық» өлеңдер көбейді. Бұлар – ақынның лирикалық кейіпкерінің жоғары интеллектуал, терең ойшыл, аса сезімтал тұлға екенін дәлелдейтін шыншыл да, шынайы туындылар. Бұндай үздік туындылардан қазақ поэзиясы да кенде емес. Әсіресе, айтулы ақындарымыз Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденовтер медитациялық өлеңдер жазуға көбірек барды. Әдебиет теориясының білгірі, профессор Г.Поспелов бұндай туындыларды ақынның, суреткердің «самоанализі», өзінің ішкі сырын ақтаруы, сөйте отырып, бүкіл адамзаттың өзекті мәселелерін қозғауы деп санайды. Қазіргі лирикалық поэзияның барша сыр-сипатын, қадір-қасиетін толық көрсете, білдіре алатын да осындай туындылар екенін профессор Г.Поспелов қазіргі орыс поэзиясының үздік үлгілерінің негізінде айтып, жазып, дәлелдеп келеді.

Қазіргі қазақ поэзиясы – парасатты поэзия, әлемдегі ең бір өскен, өркендеген елдердің әдебиетіндегі жеткен жетістігі, өскен өресімен иық теңестіре алатындай ойлы, көркем дүниелер біздің әдебиетімізде де жетерлік болса, «Жұлдызым жоғарының» алғашқы беттері осындай өлеңдермен басталады екен.

Дүйсенбек ақынның:

«Ақындығым, армысың

Айналдырған ой ұршық», – (6-бет) деп басталатын өлеңіндегі ой ұршық деген метафоралық (ауыстыру) бейне – біріншіден, тек Дүйсенбек ақынның еншісіндегі дүние. Ойды ұршыққа балап жырлау қазақ поэзиясында бұрын-соңды кездеспеген, Дүйсенбек ақынның жаңалығы.

Екіншіден, метафоралық бейнелеуді өз шығармашылығына ендіру ақынның образды ойлаудағы шығармашылық жетістігі, табысы болып есептеледі. Қазақ поэзиясында метафоралық образ жасауға басқаларға қарағанда Ж.Нәжімеденов жиі баратын.

Үшіншіден, ой ұршық бұл – барынша ұлттық бейне. Ал әдебиеттің басты қасиеті – ұлттық сипаты болатынын ескерсек, өз шығармашылығымен әдебиеттің ұлттық сипатының жүзеге асуына үлес қосуы арқылы Дүйсенбек ақын өзінің шынайы суреткерлік қалпын таныта алған деп есептейміз.

Әлем әдебиетінің тәжірибесіне сүйенсек, метафоралық бейнелердің дүниеге келуі әдебиеттің есейген, өскен уақытына сай келеді екен. Ақындардың да толысқан, шығармашылығының өскен, өркендеген кезінде метафоралық бейнелерді дүниеге әкелуге жиі баратыны байқалады. Өйткені, екі құбылысты қатар қойып, оларды өлең контексінде ауыстырып қолдану – оңай шаруа емес. Бұл жерде суреткердің қанатты қиялымен бірге, мол білімі, тәжірибесі, ойлау қабілеті, сөздік қоры, т.б. аса қажет.

Ұршық ой, дәл осы қатар тұрған екі сөз қалай қаланған? Ұршықтың жіпті иіретіні, дөңгелене отырып ширата түсетіні сияқты ой да адам миында піседі ғой. Сондықтан ойға балама ретінде ұршықтың алынуы – тапқырлық әрі ұтқырлық. Ал осы метафоралық бейнені ақын ақылмен саналы түрде жасады ма? Әлде сезім, интуиция, имправизация арқылы жасады ма? Біздіңше, сезім арқылы. Бұл жерде ақын құдіреті деген тылсым дүние бар екенін ойлануымыз керек. Аса сезімталдылық, интуицияның жоғарылығы осы образды, ой ұршықты дүниеге әкелді.

Ой ұршықтың өлең контексіне бірден еніп, ойнап шыға келгені де сондықтан. Дүйсенбек ақын әр жерінен біз мысалға келтіріп отырған «Өлеңіме өтініш» өлеңін:

«Артқа тартпа енді өлең,

Сөз бола ма міні жоқ.

Серімін ғой мен деген,

Сенен басқа түгі жоқ» – деп аяқтайды.

Бұл – енді ақынның жан сыры, бұған сенбеу, иланбау тіпті мүмкін емес. Дүйсенбек ақын стилінен байқалатын бір ерекшелік өлеңде айтылатын негізгі ой-тұжырымды өлеңнің аяғында, соңында береді. Осы сипатты орыс поэзиясын зерттеушілер А.С.Пушкин поэзиясының негізгі ерекшелігі болды деп санайды. Тұжырымды, өлеңде айтылатын ойдың нәтижесін ең соңында айту, жазу қазіргі қазақ ақындарынан Қ.Мырзалиевке тән еді. Мысалы:

«Жылайтыны туарда,

Жамандар бар қинайтын.

Жылайтыны өлерде,

Жақсылар бар қимайтын» – деген сияқты жолдар. Бір таңғалғаным, Дүйсенбек ақын жырларын оқып отырғанда ұлы суреткерлер шығармашылықтарына тән сыр-сипаттар, ерекшеліктер ойға орала береді екен. Бұдан мен ақынның осыларға ұқсайыншы, осыларша жазайыншы деген ұсақ мақсатын емес, шығармашылығының стихиялық дамуы барысында жеткен жетістігін, ақын шығармашылығының бірыңғай дамудың даңғыл жолында келе жатқанының дәлелін таныдым.

Салған жерден сезілетіні Дүйсенбек ақын – барынша дәстүршіл суреткер.

Ол «Бағзы күнгі бәйіттің, жалғанайын тініне» дейді. (6-бет) Әрі барсақ, Қорқыт жырларынан бастау алған қазақтың ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтитын толғаулық поэзиясы Дүйсенбек ақынның  шөліркесе шөлін басатын, сусындаса, шабытын шақыратын құдіретті өнернама болса, берісі Қ.Мырзалиевтен басталған, 1960 жылдардың мәуелеген, шарықтаған, тереңдеген дидактика-философиялық поэзиямыз болды. Дүйсенбек ақынның табан тіреп тұрған бастау бұлақтары, міне, осылар.

Ой арқылы жасалған метафоралық бейне Дүйсенбекте бір жерде:

«Ал, молалар сөйлемейді,

Мен сияқты мықтысып,

Алшы тастап ой-кенейді,

Жатады олар бүк түсіп» (29-бет) түрінде кездеседі. Бұл мәтінде ойдың бейнесіне асық алынып тұр. Ұршық, асық сөздерінің өлең контексіндегі қызметі әдебиеттің басты қасиеті – ұлтық сипатын жүзеге асыру. Осы екі бейне де яки, ойдың ұршыққа не асыққа баланып, ауыстырылып бейнеленуі ақынның оқыстан, табан астынан тапқан ой олжасы сынды көрінгенімен, бұл жерде де сезімге сүйенген, иек артқан ақын қуаты, шеберлігі жатқанын айтуымыз керек. Ойлы образдарды тосын сыйға тартқандай оқырмандарға жиі ұсыну Дүйсенбек ақынның стильдік даралығына айналып бара жатқандай. Бұл ақынның шығармашылық жолдағы жетістігі, табысы екеніне ешқандай күмән жоқ. Шын суреткердің стилі осылайша біртіндеп анықтала, айшықтала бермек. Әдебиет теориясын толғайтын еңбектерде суреткердің стилін бірінші болып тақырыптық бірлік анықтайды деген ұғым қалыптасқан. Бұл дұрыс та. «Жұлдызым жоғарыдан» байқалатыны – Дүйсенбек ақынның өзі туралы, өзінің жаны, ішкі сезім сыры, толғанысы, тебіренісі, зары мен мұңы туралы жазуға жиі баратыны. Кітаптың дені жоғарыда айтқанымыздай, «медитациялық» өлеңдерден тұрады. Біздіңше бұндай жағдай Дүйсенбек ақын шығармашылығы үшін кездейсоқ құбылыс емес. Керісінше суреткер ақын шығармашылығындағы эволюциялық даму – ақынның жасы, тәжірибесі бәрі де бар, осы сипатқа әкеліп отыр. Ақынның «самоанализіне» яғни өзін-өзі талдауына эмоция, ақыл, сезім, парасат, интеллекті, білім – барлығы араласатын болғандықтан, ол қалай айтса да, не айтса да бәріміздің айтқанымыз болып шығады. «Жұлдызым жоғарыдағы» «Болмысымның баяны» деп аталатын 1-бөлімді тұшынбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Өйткені онда терең ойлы, шынайы сезімге толы, ақынның ағынан жарылып айтқан туындылары көп-ақ.

Дүйсенбек ақын ұзақ өлеңдерді жазуға көп бара бермейді. Көлемді өлеңдер мазмұнында ой сұйылып, сезім созбаланып, сырғақсып кетуі мүмкін болғандықтан, ақын бұндай жағдайдан саналы түрде бас тартқан. Қысқа көлемді, жып-жинақы, «қыздың жиған жүгіндей» өлеңдер ойдан ғана тұрмайды, бірыңғай ойға құрылса, өлең өлең емес, философиялық трактат болар еді. Өлең тек сезімге ғана құрылмайды, жалаң сезімнен тұратын өлеңдер біртүрлі, жадағай, жеңілтаптау дүние болар еді. «Болмысымның баянындағы» өлеңдерде ой мен сезім шарпысып отырады. Ұшқындаған ойды сезім лаулатып, жандандырып, жалындатып жіберетіндей. Осындай өлеңдердің оқырманға етер әсер-ықпалы да зор болатыны түсінікті. Дүйсенбек ақынның өлеңдері қандай тақырыпқа арналса да, мазмұнында ақынның ішкі сезім сырлары, өз жанын, жүрегін оқырманның алдына жайып салуы басым болып келеді. Стильді анықтаудағы тақырыптық бірлік ақынның өзін-өзі талдауынан, өзінің өлеңдегі бейнесін жасауынан көрінеді дейтініміз сондықтан.

Дүйсенбектің ақындық стилін даралайтын тағы бір бірлік, ол  – тілдік бірлік. Ақынның тілі қысқа әрі нұсқа, бедерлі және бейнелі тіл. Нағыз қазақтың саф алтындай таза, мөлдір де, тұнық тілі. Профессор Сәрсен Аманжолов бар өмірін қазақтың әдеби тілін зерттеуге арнаса, ғалымның бірнеше ғылыми еңбектерінде жан-жақты дәлелденгеніндей, «қазақтың әдеби тілі Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген қазақтардың тілінің негізінде жасалған». Осы айтылған тұжырымның шындығын Дүйсенбек ақынның шығармашылығымен дәлелдеп шығуға болады. Тілді терең білетін ақын, оны поэтикаға қызмет еткізуге келгенде үздік үлгі көрсетеді, нағыз стилист болып қалыптасып үлгіргенін дәлелдейді. Тілге келгенде ақын стилінде толғау үлгілі поэзиямызға ден қою, ақын-жырауларымыздың толғау-жырларын үлгі тұту байқалады. Әсіресе Базар жырау, Бұдабайлардың толғау өлеңдеріне тереңірек үңіле отырып, ақындардың поэтикалық оралымдарына, суреттеу мен бейнелеу тәсілдеріне, көркем тіліне жітірек қараған сыңайлы. Жоғарыда айтқанымыздай, қалай болғанда да Дүйсенбек ақын өз шығармашылығында әдебиет дәстүрін берік ұстанады. Ол – өзінің өлең-жырларымен әдебиет дәстүрін жалғастырушы ғана емес, жаңартушы, жаңғыртушы суреткер ақын.

«Арал элегиясы» өлеңінен:

«Тамашасын тәрк еткен,

Сорға біткен пешенем.

Алқынады тәні кепкен,

Қос өкпемдей қос өзен».

немесе:

«Теңіз деген кеңдік еді,

Кең даланы сүйеді ол.

Батқан күнге телміреді,

Мойнын созған түйелер».

Бұндай көркем де келісті шумақтар Дүйсенбек ақын шығармашылығында көп кездеседі.

Жоғарыдағы 1-шумақта:

«Алқынады тәні кепкен

Қос өкпемдей қос өзен» – деген өлең жолдары – қазіргі қазақ поэзиясындағы соңғы жылдардың үздік үлгісі, толағай табысы. Мұндай көркем «медитациялық» үлгілер тек таланты тегеурінді ақындардың шығармаларында жасалады. Өзінің жан сырын экологиялық дейсіз бе, табиғат дейсіз бе, бүкіл адамзаттық мәселелерге ұластырып жырлау, тебірене толғану Дүйсенбектің «лирикалық кейіпкерінің» бітімі, болмысы міне, осындай. Ол – жоғары интеллектуалдықтың, ұлтшыл азаматтылықтың, елін, жерін сүйетін патриоттың егесі.

Ақын мына шумақта табиғатты сөйлеткен. Нағыз пейжаздың адам, аң, жан-жануар бейнесіне айналып кетеріне мысал:

«Теңіз деген кеңдік еді,

Кең даланы сүйеді ол.

Батқан күнге телміреді,

Мойнын созған түйелер»

Табиғатты адамша сөйлету деп осындай жырларды айтсақ керек. Түйелердің мойнын созып, телміре қарап тұрғандары – адамдардан қашып, қайтып бара жатқан теңіз. Трагедияға толы сурет қой. Поэзия құдіретіне қалай мойынсынбауға болады. Ақынның жай ғана салған табиғат суреті – пейзажы, бірақ өлең тереңінде, бүкіл адамзат трагедиясын жырлау жатыр. Кемеліне келіп толысқан, оң-солын объективті түрде бағалай білетін, әлемдік әдебиеттің, ең бастысы өзінің төл әдебиетінің тәжірибесінен, дәстүрінен мол да, мағыналы сабақ алған Дүйсенбек ақынның бүгінгі қадамы қарышты, қаламы қарымды. Оның «лирикалық кейіпкерінің» зор үні, ақынның өршіл рухын айғақтаған қалпында бүкіл әлемнің, бүтін адамзаттың зәру мәселелерін жырлауға қол созады. Бұл бағытта ақын ешбір қаймықпай, тартыншақтамай батыл қадам жасап келе жатыр.

Мен інімнің, шәкіртімнің, талантты қазақ ақыны Дүйсенбек Аяшұлының қазіргі қалпына қызыға, қуана қараймын. Ақынның 60 жылдық мерейтойына белгілі себептермен қатыса алмап едім. Сол жиында ел алдында айтсам деген ойларымның кейбіреулерін қағазға түсірген жайым бар.

Ақын інім мен туралы:

«Шалқайғанға шалқайған,

Еңкейгенге еңкейген ағам» – деп жазыпты.

Менің мінезімнің қалтарыс-бұлтарыстарын дөп басып айтқан. Мен туралы «Өлең жазбайтын ақын ағам» дегенімен де келісуге болады. Кандидаттық, докторлық диссертацияларымды өлең теориясынан қорғағасын өлең туралы бірдеңе білетінім, айта алатыным рас қой, енді.

Талантты ініме алдағы өміріне тек денсаулық, шалқар шабытты сәттер тілеймін.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қызылорда қаласының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<