Қарапайым еңбектің құндылығы

631

0

Облыс әкімі өнегелі отбасы иелеріне құрмет көрсетті

Сыр өңірінде отбасы құндылығын берік ұстап, мәуелі бәйтеректей тамырын кеңге жайған өнегелі әулеттер жетерлік. Тағылымға толы тәрбиені бойға сіңіріп, Отанға қызмет етер ұрпақ тәрбиелеген аға-апаларымыз кез келген құрметке лайық.

«Отбасы күні» аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өнегелі шаңырақ иелерімен кездесіп, ілтипат білдірді. Құрметпен шақырылғандар қатарында еңбектің арқасында абырой биігіне көтерілген қарапайым жұмысшы, құрылысшы, диқан, сауыншы, механизаторлар бар. Олардың көбі 10-нан аса бала тәрбиелеп, немере, шөбере сүйген киелі шаңырақ иелері.

Мерекелік іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов пен сала басшылары қатысты.

Аймақ басшысы қазақ халқы үшін отбасы ұғымы қашаннан қастерлі де киелі екенін, саналы ұрпақ тәрбиелеуде парасатты ата-ананың рөлі ерекше екенін жеткізді.

–    Дана халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген керемет сөз бар. Өйткені, Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта ол – отбасы. Отбасында жарасым, сүйіспеншілік, мейірім болса ғана шаңырақ биік құрылып, керегесі кең болып, түтіні түзу ұшады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы Жолдауында отбасын қорғау және бала капиталын қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Ал осындай халық игілігіне бағытталған шынайы шешімдердің ел арасында дұрыс қабылдануында Сіздердің пікірлеріңіз зор маңызға ие, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі сонымен қатар өнегелі отбасыларды насихаттау мақсатында Қызылордада «Аналар үйі» салынатынын атап айтты және аймақта атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды.

–    Президент біздің алдымызға халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік тұрмысын арттыруды тапсырды. Бұл ретте 31 тамыз күні Мемлекет басшысының қабылдауында болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде баяндадым. Қабылдау барысында бірінші кезекте аймақ экономикасына тікелей әсер ететін мәселелер қамтылды. Әсіресе, аймағымыздың негізгі артериясы Сырдария өзенінің қазіргі күрделі жағдайын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін төрт жалақты етіп кеңейту, облыс орталығынан 300 орындық жаңа көпбейінді аурухана құрылысын салу қажеттігін жеткіздім. Президент Үкіметке осы бағыттағы нақты іс-шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан бөлек, Президентке демеушілер есебінен қолға алынған жобаларды және облыста салынып жатқан жаңа құрылыс нысандары бойынша баяндадым. Өткен айда облыс орталығынан 3 ірі нысан – өнер орталығы, неке сарайы, қан орталығының құрылысы басталды. Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен аналарымызды қолдау мақсатында «Аналар үйі» құрылысының жобасын бастаудамыз, – деді облыс басшысы. Мерекелік басқосуда сондай-ақ, берекелі шаңырақ иелерін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов та құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Жиында 7 бала өсіріп,  бүгінде олардан тараған 20 немере, 5 шөберенің қызығына кенеліп отырған үлгілі әке Файзулла Сахиев пен 8 баланы дүниеге әкелген, 22 немере, 8 шөберенің сүйікті әжесі, батыр ана, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалінің және «Күміс алқа» иегері, сауыншы Разия Аппазова сөз алып, аймақ басшысына алғыс білдірді. Еркін пікір алмасу барысында қонақтар отбасы өнегесі, бала тәрбиесі мен жастарға ұлттық құндылықтарды дарыту мәселесін тілге тиек етті. Мәселен, шиелілік Берікқара Әбдіжаппаров пен жұбайы Рахия Темірдің отау құрғандарына 61 жыл толыпты. Отбасында 11 бала өсіп-өнсе, бүгінде олардан тараған 37 немере мен жиырмаға жуық шөбере шаңырақты шаттыққа бөлеуде. Берікқара әкей ауылшаруашылық саласының маманы, қарапайым күрішші, комбайыншы болып еңбек еткен. Мәуелі бәйтеректей үлкен шаңырақтың ақылшысы, қамқоршысы болып отырған Берікқара әкей мен Рахия ана отбасының беріктігі, шаңырақ шаттығы екі жасқа ортақ міндет екенін айтады.  Ал Арал ауданы Сексеуіл кентінен келген ұстаздар отбасының отағасы Төлебай Маханов ауылдастарының өтінішін жеткізді. Ол 16 мыңдай тұрғыны бар Сексеуілге перзентхана керектігі және жаңа аурухана құрылысы басталғанымен аяқталмай тұрғаны еді. Облыс әкімі бұл мәселені білетінін, заң аясында жұмыстар істелетінін айтты.

Іс-шарада жергілікті өнерпаздар жырдан шашу шашып, әулеттің аналарына сый-құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, өңірде кейінгі үш жылда бала туу көрсеткіші 16 пайызға артқан. Бүгінде Сыр өңірінде 141 мыңнан аса отбасы бар. Оның ішінде 48 мыңнан астамы көпбалалы отбасылар. Ал, 17 мыңға жуық ана «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері атанған.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<