Ширата түскен шаруа нәтижелі

336

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік маңызы бар нысандарды аралады.

Алдымен аймақ басшысы әуежай терминалының жұмысын көрді. Стенд арқылы негізгі жұмыспен танысты.

Жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратов қоры жаңа әуежай құрылысын салуға ниет білдіріп, сағатына 300 жолаушы өткізуге есептелген заманауи әуежай терминалын қызылордалықтарға тарту етеді. Жыл соңына дейін құрылыстың жоба-сметалық құжаттамасы аяқталады.

Мұнан соң облыс әкімі Қызылорда қаласындағы су торабын қайта жаңғырту жұмысын көріп, мамандармен пікірлесті.

Маңызды нысанды қайта жаңғыртуға бюджеттен 1 млрд 260 млн теңге бөлінген. Жұмыс толық орындалған жағдайда Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа босатылатын суды секундына 1200 текше метрден 1900 текше метрге дейін көбейтуге болады.

Сондай-ақ облыс әкімі бір жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілген С.Ысқақов атындағы колледж ғимаратында болды. Сенімгерлік басқарушы «Шакенова» ЖК ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базасын жаңартты. Қазіргі таңда 192 студент білім алуда.

Мұнан кейін облыс басшысы «Мағжан және К» және «Абай-Дәулет» компаниясы зауыттарының жұмысымен танысты. Қызылорда облысы республика бойынша күрішке деген сұранысты толық қамтыса, экспортқа шығарылатын өнімнің 92 пайызы Сырдан өндіріледі. Облыс әкімі Президенттің, Үкімет басшысының қолдауы негізінде су көлемі биыл былтырғы жылдан жоғары болғанын тілге тиек етті.

Қаладағы нысандарды аралау барысында шыны зауыты да назардан тыс қалған жоқ.

Бүгінгі күні негізгі жұмыстар аяқталды. Зауыт маңын абаттандыру, іске қосу актісін және шығаратын өнімге тиісті рұқсат құжаттарын алу іс-шаралары жүргізілуде. Бұл мәселелер штаб отырысында қаралып, мемлекеттік органдармен бірлесіп шешілуде.

Технологиялық талаптарға сәйкес пеш 1400 градус температураға дейін бірте-бірте қызатын болады. Өнім шығару үшін қажетті шикізаттық материалдардың барлығы жеткізілді. Өндірісте жергілікті шикізат – Аралдың кварц құмы қолданылатын болды.

Облыс әкімі жоспарға сәйкес  алғашқы әйнекті қазан айының ортасында шығаруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<