Ардагерлер демалысы

523

0

Облыстық ардагерлер қозғалысының 35 жылдығына орай, салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, ардагерлер арасында достықты нығайту үшін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Облыстық ардагерлер кеңесі мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп, әуесқой ардагерлер арасында винтовка атудан жарыс өткізді.

Жарыс ережесіне сәйкес 10 метр қашықтан №8 нысанаға ату үшін әр қатысушыға сынақ атылымға 3, негізгі атылымға 3 оқтан берілді. Тартысты сайыста командалық есепте  56 ұпаймен І орынды «Қызылорда – 3» командасы, (Ауған соғысы ардагерлері), ІІ орынды 52 ұпаймен  «Қызылорда – 4» командасы (білім саласы ардагерлері),  ІІІ орынды 47 ұпаймен Қармақшы ауданының командаcы жүлдегер атанды.

Жекелей біріншілікте І орын алған Қызылорда қаласының өкілі Қ.Баймаханов,  ІІ орын алған  Жалағаш ауданының өкілі Б.Исламов, ІІІ орын алған  Сырдария ауданының өкілі Ж.Байманов  ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табысталды.

Спорттық шаралардан бөлек, рухани демалыс та ұдайы ұйымдастырылады. Соның бірі – ардагерлердің белсенділігін арттыру, қоғамдағы беделін көтеру, оларға қолдау көрсету үшін   Қалжан ахун және Қорқыт ата кесенелеріне зиярат ету. Оған қалаға қарасты ауылдық округ ардагерлері қамтылып, Қалжан ахун кесенесімен танысып, құран бағыштады. Кесене шырақшысы Болысбек мырза ахун жайлы мәліметтер беріп, ардагерлермен сұхбаттасты. Қорқыт ата кесенесінде комплекс директоры Н.Бахтияров, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков пен экскурсовод М.Әмірбеков қарсы алып, ардагерлерді музеймен таныстырды.

Экскурсияға қатысушы ардагерлер жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалап, ризашылықтарын білдірді. Саяхатқа қатысушылар ұйымдастырушыларға ақ батасын беріп, алғыс айтты.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<