Желден жүйрік жануар

597

0

«Алтын дән» мерекесі аясында қалалық ипподромда ат бәйгесі өтті. Бәйге десе, делебесі қозатын, ұлттық спортқа жанашыр тұрғындар бұл жарыстан шет қалған жоқ. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зиялы қауыммен бірге жүйріктер жарысын тамашалады. Салтанатты шараның ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов қоңыр күздің берекелі шағымен тұспа-тұс келген дәстүрлі ат жарысында бақ сынайтын қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Алты алаштың алтын кіндігінде жылдағы дәстүрге сай сәні мен салтанаты жарасқан «Алтын дән» мерекесімен қоса Сыр жұртының бас шаһары – Қызылорда қаласының туған күнін атап өтудеміз. Кез келген елдің ұлылығын мәдениеті мен салт-дәстүрі танытса, соның ішінде ұлттық спорт ойындарының орны бөлек. Бәйге – көшпелі халықтың мәдени дәстүрінде дара түрі, атадан балаға мирас мұра. Кейінгі жылдары ұлттық спорттың облысымызда бұқаралық сипат алып келе жатқандығы қуантады. Бүгінгі сайысқа үкілеп жүйрік қосқан азаматтардың мерейі үстем болсын, – деді ол.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлерінің төрағасы Нұрлыбай Лұқпанұлы жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігі екенін тілге тиек етіп, барша жарысқа қатысушыларға ақ батасын берді.

Осыдан соң жарыс та басталды. Атсейістер республика, облыс көлемінде бәйгелерге қатысып жүрген өз жүйріктерін жарысқа үкілеп қосты. Бір сәтте ипподром шабандоздардың қиқуы мен тұлпарлардың дүбіріне толды.

Айтпақшы, жүзге жуық шабандоздың бәрі қызылордалық емес. Бап пен бақ сынауға Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан келді.

Енді жарыс нәтижесіне ойысалық. 5 шақырымды артқа тастаған тай жарыста Шиеліден келген шабандоз Дамир Әуезханның жүйрігі топ алдында келіп, қанжығасына 400 мың теңгені байлады. Мәре сызығына  алғаш болып келген үштікті Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев марапаттады. 11 шақырымды құрайтын құнан бәйгеде жалағаштық шабандоз Ержан Әлиханға І орын бұйырып, 2 млн теңге еншіледі. Бұл жолы жүлделі орын иелерінің марапатын кәсіпкер, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Самұрат Имандосов табыстады.

15 шақырымды топ бәйгеде жамбылдық Асылжан Назар жеке келіп 2 миллион теңге иеленді. Үздік шабандоздарды облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов марапаттады. Елдің үздіге күткен 25 шақырымға созылған аламан бәйгенің жүлдесі жалағаштық Ержан Алиханға бұйырды. Шабандозға 4 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Аламанда шашасына шаң жұқпай, оза шауып мәреге алдымен жеткен жүйріктерді қала әкімі Асылбек Шәменов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев марапаттады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қазақ тарихында жылқының орны ерекше екенін, оны бағалай да, баптай да білгенін айта келіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады, ұлт өнерінің сара сайысын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Бүгінде аймақта ұлттық спорт бұқаралық сипат алуда. Өңірде 16 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт  түрімен шұғылданады. 2018 жылы  Қызылорда  қаласында «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы» ашылды.

Бұл дүбірлі бәсекеден бір нәрсені анық байқадық. Сыр жұртшылығы жыл санап дамып келе жатқан ат бәйгесін әбден сағынғаны көрініп тұрды. Бұлай дейтініміз, ипподромда жиылған халық бәйге өз мәресіне жеткенше қиқулап, мерекенің сәнін кіргізді. Осыдан-ақ дәстүрлі игі шараның қонақтар мен қызылордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлағанын аңғардық.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<