«Бұл – тарихи әділдіктің орнауы және халықтың қалауы»

482

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапарында өңір жұртшылығымен кездесті.

Президент жұртшылықпен кездесуінде өлкенің еліміз үшін ерекше орны бар екенін атап өтіп, Алматы облысын бөлек әкімшілік аумақ ретінде құрудың және оның орталығын Қапшағай жағасына көшірудің маңыздылығына тоқталды.

– Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны, шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады. Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамитын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл қадам өңірдегі әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге жол ашады. Алматы облысының экономикалық әлеуеті зор, инвестициялық мүмкіндігі де өте жоғары.  Аграрлық-индустриалды өңір болып саналатын облыс тұрақты дамып келеді. Алайда аймақтың жетістіктерімен қатар, шұғыл реттелуге тиіс мәселелері де баршылық.  Мемлекет басшысы осы мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жергілікті әкімдік пен Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Облыс орталығын дамыту мәселелерін шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырды, сондай-ақ еліміздің барлық аймағын қаланы өркендетуге атсалысуға шақырды.

– Облыс орталығын Қонаевқа көшіру жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту керек. Жаңа облыс орталығына  жаңа бас жоспар керек. Бұл ретте қаланың жаңа мәртебесін ескеру маңызды. Онда маңызды ғимараттар, сәулетті ансамбльдер мен нысандар салу үшін архитектуралық байқау ұйымдастыруды қарастырған жөн. Қаланың өзіне тән бірегей стилі болуы  керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алматы облысы халқының саны ең көп аймақтардың қатарында екенін ескеріп, мұнда білім беру және медицина  инфрақұрылымын  дамытудың маңызды екенін айтты. Сонымен қатар аймақта үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесі әлі шешімін таппай келе жатқанын атап өтіп, 52 мектепте балалардың үш ауысыммен оқып жатқанына назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, мектеп құрылысына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы бизнес өкілдерін жұмылдырған жөн. Сондай-ақ алдағы жылдары  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 39  мектеп салынады.

Сонымен қатар Президент Алматы агломерациясын дамыту өте өзекті мәселе екенін атап өтіп, бірқатар ұсыныс айтты.  Алматы облысының энергетика саласындағы әлеуеті зор екеніне тоқталды. Еліміз көміртегі мөлшерін азайту міндеттемесін алғанын ескерсек, бізге жаңартылатын энергия көздерінің жиынтық қуатын әлі де арттыра түскен жөн.

Оның үстіне электр энергиясын тұтыну қарқынының ұдайы өсуіне байланысты энергия тапшылығы қазірден сезіле бастады. Осы орайда Президент аталған мәселенің тиімді шешімінің бірі атом электр стансасын салу екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Президент өңірде туризм саласын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекетіміз тұрақты дамуы үшін азаматтарымыз бәсекеге қабілетті болуы керектігін айтып, заманға сай мамандық алуға, еңбек пен білім культі орныққан қоғамға айналуға үндеді. Сондай-ақ әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, жақсы үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет екенін еске салды.

– Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет.  Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек.  Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін  негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады да  деп атап айтқым келеді. Жалпы, біз  тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде  оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ. Қаншама ақпарат құралдары хабар таратады. Газет-журналдар, кітаптар шығып жатыр. Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп  келе жатыр. Жалпы, тілдік орта  түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де  аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс  жоғары. Мұның бәрі  қазақ тілін қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға  еш негіз жоқ. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер  кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс.  Бірақ өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек, – деді  Мемлекет басшысы.  

Қасым-Жомарт  Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құру ең жоғары құндылық болуға тиіс екенін атап өтіп, халық пен билік арасында дәнекер болатын қоғамдық кеңес институтының айрықша рөліне тоқталды. Сөзін қорытындылай келе, облыстың дамуына еңбегі сіңген  бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

***

Мемлекет басшысы Алматы облысы жұртшылығымен кездесуден  кейін Дінмұхамед Қонаев ескерткіші жанындағы аллеяда қаланың қалыптасуына үлес қосқан еңбек ардагерлерімен, республикаға, облысқа танымал спортшылармен жүздесті.

Президент Алматы облысының орталығын Қонаев қаласына көшіру туралы шешімі өңірді өркендету үшін маңызды қадам болғанын атап өтіп, енді қала одан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді. Сонымен қатар аллея бойымен жүріп өтіп, балаларымен бірге серуендеп жүрген отбасылармен әңгімелесті.

Тұрғындар Қонаев қаласы Алматы облысының орталығына айналғалы бері шаһардың шырайы кіре бастағанын жеткізді.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында   G4 City жобасымен танысты.

Алматы – Қонаев автомагистралінің бойында орналасатын G4 City жобасы аясында Gate District, Golden District, Growing District және Green District атты төрт заманауи аудан салынады.

Gate Distrtict ауданы қаржылық-іскерлік кластері, Golden District ауданы білім беру және медициналық кластер ретінде дамиды. Ал экспортқа бейімделген сауда-логистика және инновациялық-индустриялық өнеркәсіп нысандары Growing District ауданына шоғырланады. Green District мәдениет және демалыс ауданында курорттық кешен, гемблинг индустрия нысандары мен арнаулы парктер орналасады.

Даму перспективасы бойынша G4 City 2,2 миллионға дейін халық  мекендейтін интеграцияланған қала ретінде дамиды. Шетелдік инвесторларды белсенді тарту мақсатында қалада арнайы экономикалық аймақтар құру, жаңа халықаралық әуежай салу қарастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<