«Декларация – Тәуелсіздікке жол ашқан ақжолтай құжат»

634

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды. Президент, ең алдымен, салтанатты шараға жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.

– Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн.  1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды.  Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің  Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «республика» сөзі латын тілінен аударғанда «ортақ іс» деген мағына беретінін атап өтіп, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылатынына тоқталды.

Президенттің айтуынша, мемлекет құру тәжірибесі, тарих сыны мен заман талабы шынайы символдарды айқындап береді.

– Біздің паспорт бүкіл әлемде құрметтеледі, оған ешқандай кедергі жоқ. Қазақстан азаматтары шет мемлекеттердің визасын алып, шекараларды кесіп өтеді, қызметтік және жеке мақсатта шетелге еркін шығады. Бұл – біздің этносаралық толеранттылық пен достықты нығайту жөніндегі саясатымыздың, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті бағдарымыздың нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символы мемлекеттік ту екенін атап өтті.

– Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір  байрағымызды  қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ. Біз домбыраға  әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл – дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Біздің туымызда  халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір құндылық – мемлекеттік тіл екенін айтып, қазақ тілінің мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болатынын жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды екенін айтып,  соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынғанын жеткізді.

– Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінің соңында елдің дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ руханият саласына зор үлес қосқан шығармашылық өкілдеріне Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты тапсырды.

***

Мемлекет басшысы Республика күніне орай жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды.

Президент ел шежіресіндегі аса маңызды осы күнге ұлттық мереке мәртебесі берілгенін айтып, биылдан бастап бұл мейрамды жоғары деңгейде атап өтетінімізді жеткізді.

– Әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер Республика күніне орай алғаш рет тапсырылмақ. Бұл өте орынды деп санаймын. Біз – ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған батырлар еліміз. Ерлеріміз жер шетіне жау тимесін деп әрқашан бес қаруын сай ұстаған. Ел басына күн туса, ту түбінен табылған. Сіздер сол бабалар жолын лайықты жалғастырып келесіздер. Егемендіктің бүкіл қадір-қасиеті – жердің тұтастығында және елдің тыныштығында. Осы асыл құндылықтарды өздеріңіз қас қақпай күзетіп тұрсыздар. Айбынды армиямыз және басқа да қауіпсіздік құрылымдары – мемлекетіміздің берік қалқаны, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі заманның қаншалықты күрделі екеніне тоқталып, ел қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екеніне назар аударды.

Қазақстанның Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы әскерилер мен арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін марапаттау олардың Отан қорғау жолындағы мінсіз қызметіне берілген жоғары баға деп атап өтті.

– Біз азаматтарымыздың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап жүрген әрбіріңізді құрмет тұтамыз. Өршіп келе жатқан геостратегиялық шиеленіс жағдайында күштік құрылымдардың маңызы бірнеше есе артады. Армия, құқық қорғау және арнаулы органдар – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының сенімді тірегі, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсімнен кейін Мемлекет басшысы жаңа атақ-шен алғандардың баршасын құттықтап, ер-азамат үшін халқына қалтқысыз қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін атап өтті.

– Қастерлі Отанымызды, қасиетті тәуелсіздігімізді қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Республика күні құтты болсын! Көк байрағымыз әрқашан биікте желбіресін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<