Қоғамды біріктіретін құрал

260

0

Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Достық үйінде»  «Мемлекеттік тілді қызмет тіліне айналдыру» тақырыбында семинар өтті. Жиын модераторы, облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов қатысушыларды Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтап, мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейтіп, заңды мәртебесін қалыптастыру бағытында қаралатын мәселенің маңыздылығын атап өтті.

Күн тәртібіне сәйкес облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекова «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері» тақырыбында хабарлама жасап, бүгінгі өзекті мәселе – мемлекеттік тілді қызмет тіліне айналдыру мақсатында басқарма тарапынан біршама жұмыстар атқарылғанына тоқталды.

– Бүгінде қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілді қолдану талаптары орныға бастады. Жергілікті атқарушы органдарда іс қағаздарды мемлекеттік тілде рәсімдеу бір қалыпқа түсті деуге болады. Дегенмен, мемлекеттік емес мекемелерде, ұйымдарда, мысалы, шағын және орта бизнес, банк жүйесі, қаржы, сауда, құрылыс өндіріс мекемелерінде тұтынушымен арадағы қатынас хаттар мен құжаттар толықтай мемлекеттік тілде жүргізіліп отыр деп айта алмаймыз. Осы орайда әлеуметтік желілерде және басқармаға ХҚО-да, сауда нүктелерінде, бақылау кассаларында, тұтынушылық қызметтерге арналған терминалдарда, газ пайдалану, өрт сөндіру салаларында қызмет көрсету орыс тілінде жүргізілетіні жөнінде шағымдар көптеп түсуде. Бұл ретте қоғамдық даму басқармасы өз құзыретіне сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Әйтсе де, меншік нысанына қарамай, барлық мекемелер мемлекеттік тілді қолданудың заң талаптарына сай орындалуын өзара талқылап, орын алған кемшіліктерді дер кезінде түзетуге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әсіресе, сыртқы жарнамаларда кемшіліктер жиі кездеседі. Заңдылығында көрнекі ақпаратта түпнұсқа мәтін сақталуы тиіс, яғни, мемлекеттік тілде жазылуы міндетті. Ал қажет болған жағдайда орыс  немесе басқа тілде жазылады. Бүгінге дейін облыс бойынша 623 кәсіпкерлік нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, оның ішінде кемшіліктер анықталған 143 нысанға ескерту берілді. Жалпы мемлекеттік тілді қызмет тіліне айналдыру мақсатында жоспарлы жұмыстар жыл бойы жүргізіледі, – деді М.Қазбекова.

Әділет департаментінің бөлім басшысы А.Қосбергенова «Салаға қарасты мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбындағы хабарламасында департамент тарапынан жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету кезінде мемлекеттік тілге басымдық беру тиісті заң талаптары арқылы түсіндіріліп отыратынын, департамент өкілдері мен Нотариаттық палата бірлесіп, нотариустарға тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсетіп келе жатқанын айтты. Хабарламашының айтуынша, атқарушылық жазбалардың мемлекеттік тілдегі нұсқасын нотариаттық жүйеге енгізу мәселесі бойынша құзырлы орындарға хат жолданып, қажетті жұмыстар жүргізілуде.

 Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қ.Бекшин бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, заң талаптарына сәйкес бүгінде бақылау-касса машиналарында мемлекеттік тілге ауыстыру функциясы қолданылатынын айтты.

Семинарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары Жеңіс Сәдуақасұлы, Аман Абасилов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев, ардагер-қаламгер Жалғас Аманов тақырып төңірегіндегі ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын жолдады. Ғалымдардың айтуынша, бұл мәселені науқандық іс-шараға айналдырмай, република бойынша тұрақты әрі жүйелі жұмыс жасайтын кеңес құрып, сол деңгейде жан-жақты талқыдан өткізе отырып, ортақ шешімдер қабылдануы қажет. Сол сияқты, термин сөздіктерін том-том кітап етіп шығарғанша, арнайы бір электронды базада орналастырса, сол тиімідірек болатыны айтылды.

Ал жиын барысында туындаған «Жоғарыда аталған заң талаптарын орындамаған жағдайда қандай шара көріледі және оны қай құзырлы орын жүзеге асырады?» деген сауалға қоғамдық даму басқармасының басшысы «Жергілікті атқарушы органдар тарапынан әкімшілік хатттамалар толтырылып, айыппұл салынатын болады» деп жауап берді.

«Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес көрнекі ақпарат, ас мәзірі, жол белгілері, елді мекен атауларын, банк жүйесі, қаржы, сауда саласы бойынша мемлекеттік тілге аудару мәселелерінде филолог-ғалымдармен бірлесе отырып, нақты, сапалы аударма  жасау қажеттігі  айтылды.

Семинарды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов мемлекеттік мекеме басшыларына салаға қарасты барлық ұйымдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу жөнінде тапсырма берді.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<