Қаламгер портреті

1277

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада аймақ тарихында өзіндік орны бар 1968-1985 жылдар аралығында облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы болған Қалқабай Әбеновтің туғанына 100 жыл толуына орай «Қарымды қаламгер» тақырыбында портрет кеші ұйымдастырылды.

Жиынға облыстық «Сыр бойы» газетінің бұрынғы бас редакторы, Ақпарат саласының үздігі, ардагер журналист Жолдасбек Ақсақалов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, облыстық газеттің аға тілшісі Ғазиза Әбілда қатысып, қарымды қаламгердің елге еткен қызметі тұрғысында естеліктер айтты. Сол кезеңдегі идеологиялық саясатты іске асыруда облыстық басылымның көтерген жүгі, оның ішінде журналистер еңбегі жайлы сөз қозғалып, шығармашылық ұжымды ұзақ жыл басқарған Қ.Әбеновтің адамгершілік қасиеті, азаматтық болмысы әңгімеге арқау болды.

– ҚазГУ-ді бітіріп, облыстық газетке алғаш келген кезім, Қалқабай Әбенов редактор еді. Шығармашылық құрамның ішінде ең жасымын. Сол жылдарда облыстық газет қабырғасында басталған еңбек жолым қырық жылға ұласты. Шығармашылық қызметтің барлық сатысынан өттім. Сонда жас та болсам, басылым редакторы Қ.Әбеновтің бойындағы жоғары адамгершілік қасиетін, кеңпейілділігін, көркем мінезін аңғаратынмын.

Қазақтың белгілі философ ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының айтуынша, адамға сол дәуірдің тұрғысынан, сол дәуірдің сипатына сай баға берілу керек. Осы тұрғыдан айтар болсақ, ол кісі өз ісіне шын берілген, өз заманының нағыз қайраткері болды. Аға басылымға 18 жыл басшылық етіп, ерекше қолтаңбасын қалдырды, –деді Жолдасбек Ақсақалұлы.

Сөз кезегінде Ғазиза Әбілда ғасырлық мерейтойы аталып отырған қарымды қаламгердің көзін көрмесе де, ол туралы айтылған көркем естеліктер арқылы адами биік болмысын танып-білгенін айтты. Сондай-ақ, облыстық «Сыр бойы» газетінде дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан Қ.Әбенов атындағы шығармашылық байқау жайында сөз қозғап, игі бастаманың журналистік жолды таңдаған кейінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Жалпы портрет кешінде облыстық «Ленин жолы» газетінің он бірінші редакторы болған Қалқабай Әбеновтің тұсында басылымның мазмұндық сапасы жаңарып, оқырмандар саны артып, газет таралымы 40 000-ға дейін жеткені айтылды. Сонымен бірге, осы жылдары аға басылымда талантты журналистер шоғыры қалыптасқан еді. Қарымды қаламгердің өмірлік ұстанымы болған көпшілдігі, кеңпейілділігі, адалдығы мен парасаттылығы іргелі ұжымның шығармашылық күш-қуатын күшейте түсіп, облыстық басылымның беделі қалыптасуына да оң әсер еткені ол туралы айтылған естеліктерден айқын көрінді.    

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<