Ұлылардың ұясы – Ұлытау

1251

0

Ұлтымыздың бірлігі мен елдігін, ұланғайыр жерін сақтауда, қазақ халқы үшін ұлы жорықтар алдында өрісті істер мен баянды бастамалардың негізін қалауда Ұлытау төрінде хандар мен бектер, билер мен даналар бас қосып, ұлы жиындар өткізген. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ұлытау өңіріндегі киелі де қасиетті жерлерді көруге облыстың 55 ардагері жолға шықтық. Ұлытау сапарын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастап барды.

Сондай-ақ сапарластар сапында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Смат Сейдахметов, көпбейінді облыстық аурухананың қабылдау бөлімінің мейіргері Лаура Донбаева, облыстық өнер орталығының қызметкері, республикаға белгілі жыршы Әділхан Қуаңбаев және менеджер-ұйымдастырушы Ғалымжан Камалов ардагерлерге өз қызметтерін мүлтіксіз көрсетті.

Маусымның ми айналдырар аптабына қарамастан, жолға шыққан ардагерлердің бәрі де шат-шадыман, көңіл-күйі жоғары. Жол ұзақтығын ескерсек, әрине, ардагерлерді шаршататыны белгілі. Елден алыстаған сайын тарих қойнауына сөз оздырып, сыр шертісіп, әрі-беріден қаузай түсті.

Еңбек ардагерлерінің бәрінің де тарихтан хабардар екені байқалады. Қызу әңгіме шегіне жетіп бәсеңси түскен сәтте, ортамыздағы жыршы жігіт Әділхан ініміз қоңыр домбырасын қолына алып, төкпелете жөнелді. Жан-жақтан «ой, пәлі!» деген қошеметті дауыстар оған шабыт бере түскендей төске өрлей шауып, тыңдаушылар жанын жадыраттты. Жолүсті 3 сағаттан аса уақыт жырлаған оған ардагерлер қауымы риза болысты. Дауысы ашық, жүзі жарқын жігітке алғыстарын жеткізіп жатты. Ол да рухты жырын ағайыннан аямай, тыңдаушысын шабыттандыра, шалқыта жырлауда. Арқалана түскен жыршы жігітіміз ел ағаларына ән арнап, жыр төккенде ардагерлер шаршағанын ұмытқандай. Үлкендеріміз жыршы жігітке ақ бата  беріп, «бәрекелді, көп жаса!» деген алғыс жаудырды. «Көп пейілі – көл» деген осы болар.

Жыр арнасынан тасып төгіліп, шалқып барып тоқтаған шақта, бір сәт ортамыздағы мейіргер Лаура өз қызметін жалғастырып, ардагерлердің хал-жағдайларын біліп, қан қысымын өлшеп, көмек керек жандарға дәрі-дәрмегін беріп, өз қызметін көрсетуде.

Ардагерлер арасынан Келдібай Бектұрғанов ағамыз көңілді әңгіме бастап, әрі қарай көпшілікті қыран-топан күлкіге қарқ етті. Бұл әңгіме іле-шала көпшілік арасында жалғасын тауып, жұрттың көңілі бір көтеріліп қалды. Осылайша Ұлытау шекарасына қалай жеткенімізді де байқамай қалдық. Кіреберісте орналасқан қонақүй жанындағы асхана қызметкерлері бізді зор қошеметпен қарсы алды. Осы жерде түстеніп, бой жазып алдық. Осыдан соң көлікке қайта отырып, Ұлытау орталығы – Жезқазғанға жол тарттық.

Әлденіп алған ардагер ағаларымыз Әділхандай төкпе жыршыдан жыр айтуын сұрады. «Қалағандарың жыр болса, айтпай неге қылайын…» дегендей Әділхан да домбырасын шалқыта қағып-қағып жырды бастап жіберді. Жұрт ұйып, беріле тыңдауда. Тыңдаушының пейілі де, зейіні де ауған. Әр жырдың аяғында қол шапалағы дуылдай соғылады. Бұл ұлттық өнерге, жырға деген, жыршыға деген шынайы құрмет еді. Осылай көңілді отырған бойы Ұлытау облысы шетіндегі «Талап» ауылына табан тіредік. Сәлден соң облыс орталығы Жезқазған қаласы зауыттарының мұржаларынан будақтаған түтін алыстан мұнартып көріне бастады.

Қала шетіне ене бергенде, облыс әкімдігінің азаматтары қонақжайлығын білдіріп, ыстық ықыласпен, құшақ жая қарсы алды. Осы жерде біраз аялдап, аман-саулық сұрасып, ел жайын біліп болған соң алға жылжыдық. Бұрыннан қойымыз қоралас жатқан ағайын болғасын, жүздесу жылы да жарқын басталды.

Облыс әкімдігі қызметкерлері бізді қала ортасындағы еңсесі биік бір мейрамхана кешеніне бастап әкелді. Осы жерде аялдаған Сыр бойы ардагерлеріне арнайы қонақасы берілді. Дастарқан басында Ұлытау облыстық мәдениет басқармасының өнерпаздары Арқаның әндерін, айтыскер ақын Шынболат Ділдәбеков атындағы өнер мектебінің түлектері Шынболаттың мақамымен бірнеше терме тарту етті. Арқаның әндеріне жанымыз сусап қалды.

Қолы қалт еткен тұста, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы ардагерлерге арнайы келіп сәлемдесті.

– Тұрпаты ерек Тұранның төрінен, Сырдың елінен келген аса қадірлі де, құрметті ардагерлер, біздің Жезді өлкеге, ұлылығын ұлт санасына сіңірген Ұлытау жеріне хош келдіңіздер дейміз! Менің сыйлас әріптесім, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылған сапарларыңыз сәтті болсын. Қолымыздан келгенше барлық жағдайды жасаймыз. Бүгінгі берілген қонақасы өздеріңізге арналған. Сіздердің баталарыңыз біздің аймақтың дамуына, өсуіне, өркендеуіне оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Өйткені өлкелеріңізде ірі-ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қызылорда облысының экономикалық-әлеуметтік ақуалы қарқынды өсуде. Барлық сала бойынша дамуы артып, құрылыстың кең қанат жаюы, инвестиция тарту көлемінің артуы республика бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын жақсы білеміз. Бұл нәтижелі жұмыстың басында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тұрғаны қуанышты. Оның іскерлігінің, біліктіліктілігінің арқасында жүзеге асырылуда.

Біз Сыр елімен ынтымақтастығымызды орната отырып, бірге жұмыс жасауға дайынбыз. Арамыздағы бірлік пен туыстығымыз ежелден қалыптасқан елміз. Кезінде Сыр елі малшыларымен Сарысу төскейінде басымыз қосылып, қойымыз көктеуге қосыла өріп, төрт түлігіміз бірге жайылғаны шындық. Сіздер мен біз осы сыйластығымызды үзбей жалғай береміз деп ойлаймын.

Құрметті Серік Әбішұлы, сіз басқарып отырған облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысы жаңадан құрылып жатқан біздің Ұлытау облысы ардагерлер кеңесіне өзінің бағыт-бағдарын, ақыл-кеңесін беріп отырады деп сенеміз.

Жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы саналатын – Жезқазған қаласы 1954 жылдың желтоқсан айында құрылған. Биыл қаламызға 70 жыл толмақ. Келе жатып өздеріңіз көрген шығарсыздар, қала іргесінде Қаракеңгір өзені бар. Қала ірі өнеркәсіптік аймаққа жататынын білесіздер. Облыс орталығына іргелес Қ.Сәтбаев қаласы орналасқан. Бұл қала 1990 жылы құрылған. Онда да тау-кен өндіру және тау-кен металлургия, соның ішінде түсті металлургия саласы кең дамыған. Ертең ол қалаға кірмесеңіздер де, үстінен өтесіздер. Сондықтан оны да таныстырып қойып жатырмын.

Біздің Ұлытау тау сілемдерінен, үстірттерден, қыраттардан, биік шоқылардан тұрады. Ертең тарихи орындарды аралағанда Қазақ хандарының басын қосқан «Хан ордасы» мен Ұлытаудың шығыс бетіндегі Әмір Темір тасқа қашап жазып ұрпаққа қалдырған «Алтыншоқыны» көретін боласыздар. Ұлытау – қазақ деген ұлы халықтың хандарының басын қосқан киелі жер. Осы жерде келелі мәселелер айтылып, шешімін де, кесімін де тапқан. Тұмар ханымның ұлы жорыққа осы киелі Ұлытаудан аттанғаны да айтылып жүр. Жерінің тарихы терең, қойнауы байлыққа кенен Ұлытауға тағы да қош келдіңіздер, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Осыдан соң сөз алған делегация басшысы Серік Әбішұлы арнайы сәлем беріп, жылы кездесу жасаған Ұлытау облысының әкіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сәлемін жеткізіп, Сыр елінің атынан ризашылығын білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

– Құрметті Берік Әбдіғалиұлы, Сыр бойының бір топ ардагерлері Қызылорда облысының әкімі, өзіңіздің әріптесіңіз Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен бүгін ұлттың ұясы атанған Ұлытау өңіріне, оның тарихи жерлерін көруге келіп қалдық. Сіз қазақи үрдіспен алдымыздан ел азаматтарын жіберіп, күтіп алдыңыз. Ол үшін алғысымыз шексіз.

Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы сырттай таныс екеніңізді естіп, қуанып қалдық. Кейінгі екі жылда өңір барлық жағынан да жылдамдықпен өркендеп-өсіп, даму үстінде. Жаңа өзіңіз айтқандай, облыс әкімі Н. Нәлібаевтың еңбекқорлығының нәтижесінде осындай іргелі жұмыстар атқарылуда. Аймағымызда әлеуметтік-экономикалық даму көші ілгері. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өсті. Өңдеу өнеркәсібінің аяқалысы жаман емес. Биыл облыста құрылыс жұмыстары көлемінің қарқыны өте жоғары. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жағы көңіл қуантады. Жыл басынан бері облысқа мол инвестиция тартылды.

Тасы мен топырағына дейін қасиетті, қилы-қилы заманаларды басынан өткерген Ұлытау өңірі әрбір қазақ баласы үшін тарихы тереңде жатқан, шежіреге толы жер деп білеміз. Осындай Ұлы даланы мекендеген ұлы бабаларымыз мыңдаған жыл бұрын қазақ халқының үрдіс-дәстүрін қалыптастыра отырып, аттың жалында, түйенің қомында өмір сүріп жүрсе де, елдігімізді сақтай білген, атамекенімізді қорғай білген жауынгер әрі батыр да батыл халық екенімізді бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізе, құя білуіміз керек. Небір зар заманды басынан өткерген бабаларымыз бүгінгі азаттықты, тәуелсіздікті, егемендікті аңсап өткені шындық.

Жошы ұлысы, Алтын Орда, Дешті Қыпшақ мемлекеті мен Қазақ хандығы шаңырағын көтерген ежелгі Ұлытау өңірінің бай шежіресі мен тарихы әрбір жанды тереңге тарта түсері анық. Біз бүгін бабалар жүрген жол мен олардың ел үшін басқыншыларға қарсы шыққан майдан алаңқайларын көріп, ой-өрісті ұзартуға келдік. Бұл жерлерді бұрыннан білсек те, арнайылап келудің орны бөлек.

Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған ұлы даланың әрбір бөлшегі алтыннан да қымбат екені шындық. Өйткені біз осы Ұлы даламен бірге жаралдық. Пейіліміз осы дарқан далаға ұқсас. Оны ешкім жоққа шығара алмасы белгілі. Біз бүгін жазиралы Сыр бойынан шығып, үстірті үстем, қыраты жасыл, белесі биік, жерінің үсті жал-жал кен, асты тұнған қазына-байлық Жезді өлке Жезқазған жеріне ат басын тіредік. Геродот жазбаларында кездесетін бүгінгі Ұлытаудың тарихта таңбаланудағы ұлылығы осында жатса керек. Қазақтың бүкіл хандары оны құтты қоныс етіп, Ұлытауда «Хан ордасы» орын тебуі бекерден-бекер емес. Сыр елінен келген ардагерлер осынау тарихи орындарды аралап көріп, майдан даласында жанкештілік жасаған ерлер рухына дұға етпекші. Ұлытау жөнінде әлі де білмес жағымызды көзбен көріп, толықтыра түсеміз деп ойлаймын.

Француздың аса көрнекті тарихшысы А.Тьеридің жазған тарихи деректеріне жүгінсек, Ғұн патшасы Еділдің/Аттила/ Италияға, Алманияға, Грецияға, Румынияға, Венгрияға, халықтары мекендейтін батыс бағытқа жасаған жойқын жорықтары V ғасырда осы түркі тектілердің ұлт болып ұйыған өлкесі, киелі кіндігі – Ұлытау төңірегінен басталғаны айтылады. Алда Алаша хан мазаратына, Жошы хан кесенесіне барып, дұға жасаймыз. Сыр ардагерлеріне қазақи үрдіспен қошемет көрсеткеніңізге көп рахмет.  Ұлытаудың дамуы, өркендеуі жолындағы еңбегіңізге табыс пен абырой тілейміз! – деді Серік Дүйсенбаев.

Осыдан соң мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Биғали Қаюпов, қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиев ардагерлер атынан сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қаршыға Есімсейітова мен Жүзбай Таңрықбаев кітаптарын облыс әкіміне тарту етті.

Берік Әбдіғалиұлы Серік Дүйсенбаевқа Қаныш Сәтбаев жайлы жазған Медеу Сәрсекенің «Феномен» және жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» атты кітаптарын табыстады. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы музейінің директоры К.Балкенов «Қазақмыс-20 жыл» естелік кітабы мен «Ұлытау» журналын сыйлады.

Облыс әкімімен жүздесуден кейін Ұлытау ауданына қарай сапар шектік, 3 сағаттан аса жол жүрдік. Аудан орталығындағы «Ұлытау» қонақүйіне ат басын тіредік. Осы жерде жайғасып демалып, азанда тарихи орындарға жолға шықпақпыз. Таудың ортасында тұрған қонақүйде өте жақсы демалдық. Көгі мен таза ауасына риза болған ардагерлер азанда сергек күйде ерте тұрып, шай-тамағын ішіп болысымен киелі орынға аттандық. Облыс әкімі киелі орындарды аралау үшін арнайы 4 «Газель» автокөлігін бөліпті.

Алғашқы сапарымыз сөз басында айтылғандай, Әмір Темірдің тасқа қашап жазып кеткен жері «Алтыншоқыға» жол тарттық. Ортамызда тарихи орындарды таныстырушы, Қ.Сәтбаев атындағы музейдің директоры, тарихшы Кенжалы Баукенов жолүсті «Алтыншоқының» тарихы жайлы сыр шертіп келеді.

Әмір Темір жаздырған тасты ХХ ғасырдағы қазақтың ғұлама академигі Қаныш Сәтбаев тапқан. Бұл тас сол заманның аса құнды жәдігері ретінде қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы тұр. Онда Тұранның сұлтаны Темірдің жүз мың әскермен Тоқтамыс ханмен соғысуға бара жатып, Ұлытауға аялдағаны жайлы жазылған. Міне, осылайша Шарафаддин Әли Йезди жазбаларындағы дерекке Қ.Сәтбаев тапқан тас бұлтартпас дәлел болғаны айтылды.

Әмір Темір Ұлытаудың дәу қара тасын алдыртып, қайың ағашын жинатқызып от жақтырып, тасты балқытып ойып жаздырған көрінеді. Оның айтуы бойынша тасқа алдымен Алланың 11 атын қашап жазған. «Хижраның 793 жылдың қой жылы көктемінде 200000 әскеріммен Тоқтамыс ханды шабуға бара жатырмын» делінген деді. Алайда не үшін шабатыны жайлы айтылмаған. Осы тастың жанына Темір 200000 сарбазына «Алтыншоқы» төбесіне тас жинатып, белгі орнатады. Төбеде тас маңында ардагерлер жиналып суретке түсіп, шайқас даласында шейіт болған ерлерге құран бағыштады.

Осыдан соң Ұлытау алабындағы Хан ордасына бардық. Төрт бұрышы да 92 метр топырақ үйіндісімен қоршалған. Ортасында мәрмәр тастан соғылған хан тағы тұр. Тарихшы Кенжалы оның 92 метр қоршалуының себебін тоқсан екі баулы қыпшақ пен басқа да жүздерге байланысты екенін тілге тиек етті. Хан ордасына жиналған қазақ хандары осы жерде 3 жылда бір рет бас қосып, келелі жиындар өткізетін болған. Жалпы қазақ тарихында Ұлытаудағы Хан ордасын қоныс қылған қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы. Бұл жер Кенесарының бұзылмас қамалына айналған. Мұны кезінде патша үкіметі мойындаған. Сондықтан болар, Кенесарыны Ұлытаудан ығыстырудың түрлі жолдарын ойластыруы. Өз кезінде әскери тарихшы Н.Середа «Кенесары өз халқына мәңгілік бостандық тіледі, шынайы патриот ретінде орыс мемлекетінің өздерін толық жаулап алуға ұмтылатындығын түсіне білді» деп жазған екен. Кенсарының бел шешпей ат үстінде жүрсе де халқының қамын ойлаған нағыз ер екенін осыдан біле беріңіз. Жан-жағы жазық Хан ордасы мен Ұлытауды мекен еткен Кенесары рухына құран бағышталды. Ардагерлер Ұлытау орталығына қайтып келіп, түстеніп алып Алаша хан мазаратына жолға шықты.

Айтулы Қ.Сәтбаев қаласы жанынан жүріп өттік. Сырттан қарағанда қала сондай көрікті екен. Маңында саяжайлары тиіп тұр. Көгілдір үстірт үсті жап-жасыл. Бірнеше сағат жол жүріп, ақыры Алаша хан мазаратына келдік.

Алаша ханның кім екенін жазған Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и рашиди» атты кітабында Мағұлстанның ханы Жүніс ханның баласы Сұлтан Ахмет хан болатын деген. Мағұлстанда оған тең келетін ешкім болмаған. Қалмақтар одан қатты қорыққан көрінеді. Қалмақ батыры Исантайшымен екі рет соғысып, оны ойсырата жеңген. Содан қалмақтар одан қорыққан. Осыдан соң «Алаша» деп лақап ат қойып, сонымен атап кеткен. Олардың тіліндегі мағынасы кісі өлтіруші, жаналғыш дегенді білдірген екен. Ол 1465-1504 жылдары өмір сүрген. Қазақ жерін қалмақтардан қорғаған тарихи тұлға десек болады. Алаша хан кесенесінде оның рухына дұға жасалды.

Осыдан соң Жошы хан ұлыстық құрған аймаққа бет алдық. Біз барған тарихи орындардың арасы бір-бірінен өте ұзақ. Әйтеуір діттеген жерімізге жеттік. Кесене маңында ақ орда құрулы тұр екен. Музей ішінде түрлі картиналар ілінген. Қысқаметражды фильм көрсетілді. Жазушы Ұларбек Дәлейұлы «Жошы хан» атты кітабында «Біздің түсінігіміз бойынша Шыңғысхан дәуірі мен Жошы хан заманы – мәңгі таусылмас тақырып. Жошы хан Қазақ елінің түпкі құрушысы, барша хандардың атасы. Ал Ұлытау – Жошы сүйген, орда тіккен, мәңгілік тыным тапқан киелі мекен» деп келтіріпті. Біз де осы ойға қосыламыз. Осылайша бір күніміз Ұлытау өңіріндегі тарихи жерлерге арналды.

Қала шетіндегі қонақүйге барып тынықтық. Ұлытаудың таза ауасы шаршағанымызды баса түскендей. Жайдары жаздағы салқын сабат ауа жанға жайлы. Ертеңіне Қызылордаға қарай көлігіміздің басын бұрдық. Асханадағы дастарқан басында Әбдіғаппар  Әмірғалиев көшбасшымыз, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлына, ардагерлер кеңесінің хатшысы Мақсұт Баекеевке барлық ардагерлер атынан сапардың өте сәтті өткенін айтып, осы істі ұйымдастыруға ұйытқы бола білгеніне алғысын жеткізді.

Түскі ас ішкен ардагерлер көлік ішінде тарихи орындар жайлы өз ойларын ортаға салып, уақытты ұтуға көшкендей. Сөз арасында қаржы саласының ардагері Айдар Жұматұлы Ұлытау өңіріне келіп, Сыр елі жастарының жұмыс жасауға болатыны жайлы ойын ортаға салды. Тұмса табиғатының адам жанына жұмсақ тиетінен айтып, ауа райының қоңыржайлығына сүйсінді. Ол кісіге Ұлытау ауданының таулы, қыратты, үстіртті болуы, адам тынысын аша түсетіні ұнаған.

– Біздің жастар үш ай жазда осында келіп жұмыс істесе, өмірдегі өз жолдарын табар еді. Өйткені кеше аудан әкімінің орынбасары Алмас ініміздің сөзіне қарағанда, бұл ауданда кіші кәсіпкерлік дамымай жатыр. Егер кәсіп істейміз деген Қызылорда жастары болса, кез келген уақытта қолдар едік дегені ұнады. Менің байқауымша, осы үш ай жазда осында келіп ең әрісі кәуап жасап сатса, ақысына шығар еді. Шаштараз кәсібі де жоқ сияқты. Есік-терезе жасаушылар да қажет секілді. Біз жақтағы жастар осында келсе, жұмыс көзін ашып алатынына сенімдімін. Ауылға жеткенде жастарға осы жағын айтып ой тастаған дұрыс-ау, – деді қаржыгер ағамыз.

Қалалық білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мылтықбай Бәйімбетов Ұлытау өңірінің малға жайлы, жері өте шұрайлы екеніне тоқталды.

– Осындай жерді жау қолына бермей, сақтап қалған ата-бабаларымыздың аруағынан айналдым. Бүгін аралаған тарихи орындарды көргенде кеудеме осындай ой түйдім. Осы жерлерді мектептің жоғары сынып оқушыларына арнайы саяхат жасатып көрсетсе, жастардың тарихи танымы кеңи түсер еді. Ауылға барғанда қалалық білім бөліміне, облыстық білім басқармасына айтсам деген ойда келемін, – деді ол.

Қызылордаға 15 сағат дегенде жеттік. Ұлытаудың тарихи жерлерін аралаудан алған әсеріміз көңіл төріне ұмытылмастай орнықты. Өйткені ұлылылардың ұйытқысы – Ұлытау өңірі бізді терең тарихымен де, әсем табиғатымен де таңғалдырды.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Ақпарат саласының үздігі.

Қызылорда-Ұлытау-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<