Сыған серенадасы

6

0

Серенада – өте сирек кездесетін музыкалық жанр. Ол алғаш рет Еуропаға ХVІІІ ғасырда келді, Отаны – Австрия. Небәрі 31 жыл ғана ғұмыр кешкен Франц Шуберттің «Вечерная серенада», «Аве Мария», «Гордость и предубеждение» атты кең тынысты, терең толғаныспен сезім сырларын өрнектейтін әсем әуендері саз әлеміндегі құдіретті құбылыс деп бағаланған.

Қазақта Шәмшіге дейін де, Шәмшіден кейін де ешкім серенада жазған жоқ. Шәмшінің ерекшелігі – музыка мамандары ойлағаннан да артық жаңа әуен туғызуы. Ол – әрине, «Сыған серенадасы». Шәмшінің бұл шығармасы өмірге қалай келді? Композитордың сыған қызы Изольданы құлай сүйгені рас па?

Расында, Шәмші шығарған бұл ән тіптен өзгеше. Қазақ сазына ұқсамай­ды, бірде құйылып, бірде асқақтап жүрек тербейтін керемет ән. Арада қаншама жыл өтсе де әннің төңірегінде қарама-қайшы пікірлер бар. Біреулері әндері мен билері үйлесім табатын, жан-жағын той-думанға бөлеп жүретін, әлеуетті өнерді еркіндігімен астас­тырған сыған музасына Шәмшінің ынта қойып қызыққанынан туған дүние деген уәж айтады. Енді бірі Изольдаға ғашық болған, содан өмірге келген ән дейді. Не десек те, ән махаббатты жырлаған керемет туынды екені даусыз. Серенаданың мәтінін халқымыздың аса талантты ақыны Қадыр Мырза-Әлі жазған. Сөзі де бөлек, тегеурінді. Екі шумағын қайыр­масымен оқып көрейікші:

– Тулаған қаны бар,

Тұлпар да табылар

Үміт болса.

Күн туса басыңа,

Мойыма,

Жасыма жігіт болсаң!

Толқысын шартарап,

Тасышы, тебіренші,

О, гитара жансерігім,

Төгілсін күй тарап

Жаның тарықпасын.

Қайран басың,

Ғаріп басың,

Көзіңді жұмбай қамықпасын.

Консерваториядан шығып қалып, басына ауыр күн туған қиын сәтте сыған тобырымен біршама күн бірге болғандағы сыған қызының Шәмшіге арнаған қайрау сөзін Қадыр ақын жоғары­дағыша қиюластырады. Қызы­ғатынымыз, сөз бен саз бір-бірімен үндесіп жатыр. Бұл өлең шумақтарын ешкім жатырқамайды. Шынтуайтында әркімнің өз ойы, өз арманы ретінде қабылдайтын шумақтар. Өркениеттің қылбұрауына ерте ілігіп, табиғи тірлік­тен алыстап кеткен, еркіндігі мен бостандығын қимай, ұшарын жел, қонарын сай білген сығандарға да келетін ән мен шумақтар.

«Үйде байыз тауып отыра ал­май­мын. Ел кезіп кетемін. Біресе Жам­былға, біресе Шымкентке, бірде Фрун­зе­ден табыламын. Ат басын тіреп бара­тын адамдарым бар. Олар кім деп сұрамай-ақ қой. Маған сығандардың еркін өмірі ұнайды. Жастау кезімде со­лардың тобырына еніп, біраз жүргенім бар. Сол қимас күндер есіме түсіп, «Сыған серенадасы» деген ән шығар­дым». Бұл – композитордың жазушы Оразбек Бодықовқа айтқан жан сыры. Автордың 1992 жылы «Дәуір» баспа­сынан басылып шыққан «Шәмші Қалдаяқов: хикаяттар» кіта­бына беріл­ген аннотацияға қарайық: «Аяулы ана, мөлдір махаббат, шынайы бақыт туралы тамаша әндер шығарып, өзі елеусіз де аянышты тірлік кешкен қайран Шәмші! Бірақ біздер әнсүйер қауым оның өмірі дәл осылай бақыт­сыздау болып өткенін білдік пе? Білме­дік. Қолыңыздағы кітап композитор Шәмшінің көзі жұмылғанға дейінгі үш жылында қасынан қалмай, қуанышы мен күйінішіне куә болған, қажет ке­зінде сүйеніші бола білген нағыз жана­шыр да айнымас досы-жазушы Оразбек Бодықовқа мыңдаған оқыр­мандары атынан рахмет айтамыз». Бұл пікірдің ар жағында біраз тарих жатқанын көзіқарақты оқырман аңғарған болар.

Жә, тақырыптан қашықтаңқырап кеттік білем, «Сыған серенадасына» оралайық. Ұмытпасам 1972 жыл бола­тын. Мектепте ән және музыкадан сабақ беремін. Бірде Шәмші Қалдаяқов­тың нотасымен қоса жазылған «Менің Қазақстаным» атты қалың, көлемді кітабы қолыма түсті. Қуанып кетіп парақтадым. Ішінде өзім білетін, сонау алпысыншы жылдары талай қосыла шырқаған әндеріміз бар екен. Бір бетін ашқанымда «Сыған серенадасы» дегенге көзім түсті. Нотасын баянға салып, асықпай тартып көре бастадым. Ырғағы, әуені, өлшемі кәдуілгі әннен бөлек. Мұнысы қалай? Балаларға үйретуге келмейді екен деп ойладым да, келесі параққа көшіп кеттім. Арада 2-3 жыл өткенде теледидардан көрсе­тілген бір концертте Алтынбек Қоразбаевтың әнді домбыраға қосып орындап жатқаны үстінен түстім. Көрермендер залында Шәмшінің өзі де отыр. Осыдан соң ән жылдар бойы естілмей жоғалып кетті.

Арада 30 жылдан аса уақыт өткенде Тоқтар Серіков сахнаға шығарды. Бұл қалай болды, кейінірек тоқталамын. Әуелі, Шәмшіге арнап «Ән аға» атты керемет ән жазған әуесқой композитор Қалдыбек Құрманәлінің сөзін берейік: «Шәкең екеуміз сұхбат құрып, емен-жарқын сөйлесіп отырған сәт­тердің бірінде әңгіме төркіні «Сыған серенадасына» тірелді.

– Көресің, – деді Шәкең, бұл ән өз орындаушысын табады, халық аузынан түспейтін танымал ән болады.

– Шәке, сіз де мақтанады екенсіз, шыққанына қаншама жыл өтсе де көпшілікке тарамаған, елдің аузына ілікпеген ән енді қашан?..

– Асықпа, айтқаным келеді, – деп композитор әңгіме төркінін басқа жаққа бұрды.

Айтқаны келді ғой, бірақ өзі тыңдай алмай кетті…

Осындайда Асанәлі Әшімов айтқан мына бір төрт қатар сөз тіркестері ойға оралады:

– О, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы?

Танимысың сен мені

Мен қазақтың баласы.

Әндері қалың елді дүрліктіріп, тыңдағанын тәнті еткенімен ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқовты тәкаппар дүние кейінірек ғана таныды десек, артық айтқандық емес шығар?!

Ақын-драматург, әуесқой сазгер Исрайыл Сапарбайдың «Сыған сере­надасы» атты драмалық шығарма жазғанын білеміз. Осыдан біраз жыл бұрын М.Әуезов атындағы акаде­миялық театрдың Қызылордаға келіп, осы спектакльді қойғаны бар. Көппен бірге біз де тамсана тамашалағанбыз. Сәтті шыққан қойылым ұмытылмастай әсер қалдырған еді.

Махаббат – құдірет! Ол ұлт таң­дамайды, тек жүректің әміріне ғана бағынады. Әлімсақтан солай. «Махаб­батпен өткен күндер – нағыз күндер» дегендей сыған қызы Изольдамен жолығысуы, Шәмшінің жабырқаған жанына шуақ құйып, екінші тынысын ашқандай… Мұндайда ұлы адамдарға да ден қойған ләзім. Мысалы, 1799-1850 жылдары өмір сүрген француз жазушысы Оноре де Бальзактың: «Махаббат деген – қажеттілікке сезім­нің ұласуы» деген сөзін ойға алсақ, Шәмшіні де түсінуге болады.

Нартәуекелге барып, тобырға келген дарынды тұлға олар­ды қазақ әнімен бас идіреді. Естайдың «Қор­ланын» айтқанда сөздерін түсін­бесе де, сазы арқылы мазмұнын ұғы­нып, қошеметтеп қол соғады:

– Бір қыз бар Маралдыда        Қорлығайын,

Табиғат берген екен күн мен айын,

Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,

Дариға, арманым көп, не қылайын, – деп Шәмшінің әуелетіп салған әні сыған қызының жүрек түкпірінен орын алса, кімді кінәлаймыз?

Спектакль Қызылордада екі рет қойылды. Алғашқы күнгі қойылымда Шәмші бейнесін белгілі актер Бекжан Тұрыс сомдаса, келесі күнгі жас актер Ерлан Біләл ойнаған еді. Көрермен қауым қазақ жігіті Шәмші мен сыған қызы Изольда арасындағы қимас сәттердің куәсі болған. Бір кездері дүниеден баз кешіп, тобырдан сая тапқан Шәмші мен Жаратушыны ғана мойындайтын еркін, сұлу қыз Изольда көрерменді шынайы сезім жетегіне ертіп әкеткен. Мұндайда ойды-ой қуып, көз алдыңа өткен күндерің елес береді.

Сонау алпысыншы жылдар. Қазақ да­ла­сының түкпір-түкпірі Шәмші ән­дері­мен толқып тұратын еді-ау! Сұлу Сыр­дың жағасындағы жасыл желегі жайқалған ауыл.

Біріміз:

– Жайраңдап жазда ағатын еді,

Есімде қайран Сыр сұлу.

Таңертең сонда баратын еді,

Толқынға құмар бір сұлу, – десек,

Екіншіміз:

Тау да тұр жырақта,

Қол бұлғап аңсаған,

Сен жоқсың бірақ та,

Қайдасың, қалқажан? – деп шарқ ұрдық.

Үшіншіміз:

Өзгеден де ең сұлу,

Өмірлік дос тең сұлу

Өзім сүйіп ұнатқан,

Бәрінен де сен сұлу, – деп жаһанға жар салатынбыз.

Сондағы бозбала – бүгінде ата, ба­лауса қыз – бүгінде әже. Дегеніне көн­діріп, зымырап өткен жылдар-ай десең­ші? Не десек те, жүректерді жаулаған Шәмші әндері жастықтың жалауындай желбірегені шындық.

Изольдамен кете алмай, не оны алып қала алмай жасыған Шәмшіні тығырықтан қыздың өзі шығарады:

– Қайнаған қаны бар

Қалыңдық табылар,

Үміт болса…

Жасыма жігіт болсаң, – деп жігер береді.

Символикалық сәт! Біраздан бері көз жазып қалған күйсандықпен Шәмші қайта қауышты. Жан дүниесі күмбірлеп кетті. Жаңа ән туды. Ән болғанда қандай! Жақсы қойылым жан сарайыңды ашады, көңіл күйіңді көтереді. Театр деген – өмір ғой!

Енді әннің бағын ашып, өзі де қазақ жұртына осы әнімен белгілі болған Тоқтар Серіковке келейік. Өнер әлеміне енді қадам басқан, әлі студент Тоқтар репертуар таңдап жүріп, ықыласы «Сыған серенадасына» ауа­ды. Әннің оранжировкасын жаса­тып, біраз дайындықтан өткесін сах­наға шығу ойына келеді. Не істеу керек? Сол күндердің бірінде Алматыға көшіп келген әнші-композитор Ұлықпан Жолдасов­пен танысады:

– Бір әнді айтқым келіп жүр, – дейді Тоқтар.

– Ол қандай ән?

– Сыған серенадасы.

 Осы әнді Рамазан Стамғазиевтің домбырамен айтқанын тыңдап, «мынау бір жақсы ән екен» деп өзі талаптанып жатқан Ұлықпан кідіріп қалады.

Өйткені, бәрін дайындап қойып, тек басын қалай бастау керек (мұны музыкада «вступление» дейді) екеніне ойланып жүрген.

– Осы әнді маған қиыңыз, менің өнердегі төлқұжатым болсыншы, – деп өтінеді Тоқтар.

Жас жігіттің көңілін қимаған Ұлық­пан келіседі. Дайындайды. Ол жылдары «Тамаша» ойын-сауық хабары эфирге тікелей шығады екен. Ұлықпан ағасы Тоқтарды ертіп «Тамашаға» апарады. Бұл 1999 жыл еді. Сәті түсіп, Тоқтар Серіковтің эстрада жанрына салып айтқан «Сыған серенадасы» биікке сам­ғады. Әннің бағы ашылып, Тоқтар­дың атағын шығарды, халықтың ықы­ла­сын тудырды. Бұл жайлы Тоқтардың өзі: «Сыған серенадасы» Қазақ радио­сынан жиі беріліп, базарда да, қай жерге барсам да алдымнан шығатын болды. Осы әнге бола концерттерге, жиын-тойларға шақыратын. Жұрт әнді құмарта тыңдады. Зор қошеметке бөлендім», – дейді. Осындайда өзі айта­мын деп дайындаған әнін Тоқтарға қиған Ұлықпан Жолдасовтың азамат­тығына тәнті боласың. Мұны өнер адамдарының арасында кездейсоқ кездесетін өзара сыйластық пен мәрттік деп бағалауға әбден болады.

Мақала соңында қанша жазсақ та, қанша дәріптесек те артықтық етпейтін біртуар тұлға, «Вальстің королі» ата­нып, күллі қазаққа ән салдырған Шәмші Қалдаяқовтың қысқаша өмір­дерегін жаза кетуді артық көрмедік. Ол 1930 жылы 15 тамызда Отырарда дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Жәмшид, кейін Шәмші атанып кеткен. Әкесі Қалдыаяқ он саусағынан өнері тамған ұста, оның үстіне домбыра, қобыз, гармон тартқан. Анасы Сақып­жамал керемет әнші болған. Шәмші мектеп бітіргесін Қапланбектегі зоо­техникалық-мал­дәрі­герлік техникумға түсіп, оны тәмам­дайды. Жолдамамен барып, Ақтөбе облысында зоотехник болып еңбек еткен. Сегіз айдан соң әскер қатарына шақырылады. Әскери бо­рышын өтеп қайтқасын Ташкенттегі музыкалық училищеге түседі. Осында оқып жүрген Шәмшіні атақты әнші Жамал Омарова кездестіреді. 1956 жылы Алматыға алып қайтып, Шәм­шіні Құрманғазы атындағы мем­ле­кеттік консерваторияның компо­зиторлық бөліміне түсіреді. Естіген жұртты елең еткізіп, халық жүрегінен орын тепкен «Қайықта», «Ақмаң­дай­лым», «Ақсұңқарым», «Менің Қазақ­ста­ным», тағы да басқа көптеген ән­де­рі­мен тыңдарманның құлақ құры­шын қандырады. Қазақстан комсомолы сый­лығын иеленеді. Дінмұхаммед Қонаев қабылдап, Алматы қаласының орталығынан үш бөлмелі үй бергізіп, ән кітабын бастыртады.

Жоғарыда тоқталып кеткендей Шәмші өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ. Әлдебір себептермен консерва­ториядан шығып қалуы, тұрмыстағы қиыншылықтар… Саналы ғұмырында 300-ге тарта ән жазыпты. 1991 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атағын алды. Шымкенттегі филармонияға, ту­ған жеріндегі балалар музыка мек­те­біне, Астана, Алматы қала­ларындағы көше­лерге ұлы композитордың есімі берілген.

Жер бетінде қазақ деген халық барда, әсем әндерімен артына мәңгілік мұра қалдырған Шәмші ұмытылмайды, жасай береді.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі