БОКС ТАШКЕНТТЕ ТОП ЖАРҒАН СЫР ЖАСТАРЫ
Ташкент қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қызылорда облысының жас былғары қолғап шеберлері ел мерейін үстем етті. Байрақты бәсекеде Сыр спортшылары жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.
70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Аян Бауыржан финалдық кездесуде өзбекстандық Улмасбек Сатимовпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы айқын басымдық танытып, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша, Аян құрлық додасының чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
Қыздар арасында өнер көрсеткен Диана Мендіғараева да жанкүйер сенімін ақтады. 15 жасқа дейінгі санатта, 40 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған жас спортшы қарсыластарымен лайықты айқас өткізіп, Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ БОЗКІЛЕМДЕ ҚАРСЫЛАС ШАҚ КЕЛМЕДІ
Алматы қаласында өткен грек-рим күресінен Қазақстан кубогында Қызылорда облысының балуандары табысты өнер көрсетті. Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали 60 келі салмақта жоғары шеберлігімен көзге түсті.
Финалда Алматы облысының өкілі Ербол Камалиевпен белдескен қызылордалық балуан сенімді бастады. Алдымен жамбас арқылы әдіс жасап, 2 ұпай еншіледі. Кейін қарсыласының енжар күресі үшін тағы 2 ұпай алып, бірінші кезең аяқталмай жатып кездесуді мерзімінен бұрын жеңіспен түйіндеді. Осылайша, Айдос Қазақстан кубогының чемпионы атанды.
Сонымен қатар, 55 келі салмақта Дастанбек Алпамыс, 130 келіде Сырлыбай Олжас қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан кубогының жеңімпаздары атанды.
ТАЕКВОНДО ТАТАМИДЕГІ ЖАРҚЫН БЕЛЕС
Өскемен қаласында өткен WT таеквондодан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Қызылорда облысының спортшысы Әбіл-Мансұр Шаншархан жоғары нәтиже көрсетті. 61 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жас таеквондошы барлық қарсыласынан басым түсіп, ел чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды.
АУЫР АТЛЕТИКА ЗІЛТЕМІРДЕ ЖІГЕР ЖЕҢДІ
Талдықорған қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионатында Сыр өңірінің спортшылары жүлделі орындардан көрінді.
Әйелдер арасында 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Алтынай Тәңірбергенова жұлқа көтеруде 80 келі, серпе көтеруде 108 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша ел чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Ал чемпионаттың үшінші жарыс күнінде ерлер арасында 71 келі салмақта өнер көрсеткен Әли Медетбаев та табысты нәтиже көрсетті. Қызылордалық зілтемірші жұлқа көтеруде 121 келі, серпе көтеруде 156 келіні еңсеріп, 277 келі нәтижемен Қазақстан чемпионатының қола медалін жеңіп алды.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





