Құрылтай

Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы

2

0

Қызылорда облысында 10 тамыз – Абай күніне орай ұлы ақынның шығармашылығы мен рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы» атты облыстық байқау өтті.

Байқау барысында қатысушылар мен қонақтар «Адамзаттың Абайы» атты көрме-инсталляциямен танысты. Көрмеде хакім Абайдың өмір жолы, шығармашылық мұрасы, философиялық тұжырымдары мен адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды ойлары кеңінен қамтылды.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақын мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

– Абай мұрасы халқымыздың рухани қазынасы ғана емес, адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейтін мол мұра. Ұлы ойшылдың әрбір сөзі адамды білімге, еңбекке, ізгілікке, әділет пен жауапкершілікке үндейді. Сондықтан Абай шығармашылығын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау ұлттық руханиятымызды нығайтудың маңызды бағыты, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық байқауға Қызылорда қаласы мен аудан­дарынан жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарының студенттері мен жастарынан құралған сегіз команда қатысты. Олар өзара білімдері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салып, бірнеше кезең бойынша бақ сынады.

Атап айтқанда, қатысушылар Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде сахналық қойылым ұсынып, хакімнің әндерін орындады.

Әр кезең жас қатысушылардың Абай мұрасын қаншалықты терең меңгергенін ғана емес, олардың ізденісі мен сахналық шеберлігін, ұлттық өнерге деген құрметін де танытты.

Байқау қорытындысында Қазалы ауданының «Сыр зеректері» тобы үздік атанып, І орынға ие болды. Жалағаш ауданының «Жеңіс» тобы ІІ орынды, Жаңақорған ауданының «Жалын» тобы ІІІ орынды иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.

Абай – бір дәуірдің ғана емес, барша адамзаттың ой-санасына сәуле түсірген ұлы тұлға. Оның «толық адам» туралы тағылымы, білім мен ғылымға үндеген өсиеті, еңбек пен әділетті биік қойған ұстанымы бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Сондықтан Абай мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру өткенді ұлықтау ғана емес, кемел болашаққа бағыт сілтеу. Облыста Абай күніне орай ұйымдастырылып жатқан тағылымды шаралар ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның рухани мұрасын кейінгі буынға жеткізуге қызмет етуде.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі