Продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында отандық жаңа телехикаяға түсуге шақырту алғанын хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Өнер иесі бұл ұсынысты қабылдап, жобаның өзі үшін шығармашылық жолындағы жаңа кезең екенін атап өтті.
«Осы жаздың ерекше жаңалығы – сериалға түсу туралы ұсыныс. Әрине, қабыл алдым! Қай телеарнаға, қандай жанрдағы сериал екенін кейінірек айтамын. Ең бастысы, көрерменге ұнайтын туынды болатынына сенемін», – деді ол.
Сериалда медицина қызметкерлерінің күнделікті ауыр да жауапты жұмысы баяндалады.
«Ақ халатты абзал жандардың жұмысы үнемі көзге көріне бермейді. Бірақ түрлі сынаққа тап болып, дертпен бетпе-бет келгенде олардың қадірін түсінеміз. Осы тақырыпты кино арқылы халыққа жеткізіп жатқан ұлттық арнаға және түсірілім тобына алғысымды білдіремін», – деп түйіндеді Мөлдір Мұқан.






