Қызылорда облысының полицейлері 14 жыл бұрын жасалған аса ауыр қылмысты ашты. Оқиға 2012 жылдың қазан айында Қармақшы ауданының Жосалы кентінде болған. Топтық төбелес барысында жасөспірім пышақ жарақатын алып, аудандық ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан жасөспірім көз жұмған.
Оқиғадан кейін төбелеске қатысқан барлық адамдар анықталып, тексерілгенімен, тікелей айғақтар мен куәгерлердің болмауына байланысты қылмыс ұзақ жылдар бойы ашылмай келген.
2026 жылы Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы мен Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің кешенді жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары нәтижесінде істің мән-жайы толық қалпына келтірілді. Жүргізілген жұмыстар барысында басты куәгер анықталып, қылмысқа қатысы бар күдікті қолға түсті.
Анықталғандай күдікті сол кезеңдегі төбелеске қатысқан азаматтардың бірі болып шыққан және қазіргі уақытта өзге қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындады. Қылмыстың себебі ретінде жастар арасындағы жанжал мен өзара кикілжің болды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.
Істің ашылуына Қызылорда облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бекбау Дәулет Жаңабайұлы айрықша үлес қосты.
Сонымен қатар істі сапалы тергеп, заң талаптарына сәйкес сотқа жолдаған Қызылорда облысы ПД Тергеу басқармасының тергеушісі полиция капитаны Әлімбаев Абылай Әлімбайұлы кәсіби біліктілігін көрсетті. Ол ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім алған. 2020 жылдан бері тергеу саласында қызмет атқарып келеді.
Қызмет барысында өзін жоғары білікті, жауапкершілігі мол, принципшіл және өз ісіне адал маман ретінде таныта білді. Тергеуші әрбір іске мұқият қарап, азаматтарға құрметпен қарауды басты қағида санайды. Құқықтық сауаттылығы жоғары, аналитикалық ойлау қабілеті қалыптасқан және күрделі жағдайларда салмақты шешім қабылдай алады.
Абылай Әлімбайұлы үшін полиция қызметі – заң мен әділдікті қорғауға бағытталған өмірлік ұстаным. Қоғамдық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін бірнеше мәрте марапатталған.
«Біз үшін ең бастысы – азаматтардың сенімі. Әрбір тергеуші істі сапалы әрі кәсіби деңгейде тергеуі тиіс. Ол үшін қырағылық пен жауапкершілік қажет» дейді Абылай Әлімбайұлы.





