15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бұл – адамзат үшін ең қымбат құндылықтардың бірі отбасының қоғамдағы рөлін дәріптеуге арналған мереке. Отбасы – тәрбие мен мейірімнің, сыйластық пен жауапкершіліктің негізін қалайтын қасиетті ұя. Ұлттың болашағы да, мемлекеттің беріктігі де ең алдымен шаңырақтағы тәрбиеге байланысты. Қазақ халқы «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі, бала алғаш рет адамгершілікті, ізеттілікті, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты отбасында үйренеді. Сондықтан отбасының берекесі – елдің берекесі.
Бүгінде мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету, жастарды баспанамен, жұмыспен қамту бағытындағы бағдарламалар – соның дәлелі. Бұл – отбасының қоғамдағы орны әрқашан маңызды екенін көрсетеді.
Татулық пен тұрақтылықтың алтын қазығы саналатын отбасы институтын нығайту бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның жарқын көрінісінің бірі – 2023 жылдың 29 қыркүйегінде облыстың 85 жылдық мерейтойы мен қала күні қарсаңында салтанатты түрде ашылған «Отбасы орталығы».
Ел игілігіне берілген бұл нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Заманауи талаптарға сай бой көтерген орталықтың басты мақсаты – отау құруға ниетті жастарға әлеуметтік әрі рухани қолдау көрсету, жас буынға өнегелі отбасылардың өмір жолын үлгі ету және отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру.
Бүгінде орталық жас жұбайлар үшін ерекше маңызға ие рухани мекенге айналып отыр. Мұнда туу туралы куәлік, неке куәлігі, зейнетақы кітапшалары салтанатты түрде табысталады. Сонымен қатар алтын той, күміс той, маржан той секілді отбасылық рәсімдер ұйымдастырылып келеді. Орталық ашылғалы бері 2306 жас неке куәлігін алып, жаңа өмірге қадам басты.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Бақыт мекені» жобасының да маңызы зор. Жоба аясында облыстық «Жастар денсаулығы» орталығы, облыстық «Жастар ресурстық орталығы», «Отбасы банкі» мен «Мансап» жұмыспен қамту орталығының мамандары жастарға өмірлік маңызды шешімдер қабылдауда бағыт-бағдар беріп келеді. Жұптық өмірді жоспарлауға ниет білдірген жүзге жуық жұпқа нақты қолдау көрсетіліп, жыл басынан бері 155 адам тегін кәсіби кеңес алды. Жалпы өткен жылы 800-ден аса жасқа тегін қызмет көрсетілді.
Орталық тек отбасылық құндылықтарды дәріптеумен шектелмей, жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге де белсенді атсалысып келеді. Мұнда тұрғын үй мәселелері, мемлекеттік бағдарламалар, еңбек нарығы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жастарға арналған жобалар мен мемлекеттік қолдаулар жөнінде кәсіби кеңестер беріледі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, орталықта креативті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған тұрақты жобалар жүзеге асырылуда. Өңір кәсіпкерлеріне арналған шеберлік сағаттары, сауда көрмелері ұйымдастырылып, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өнімдерін жарнамалап, коммерциялауға мүмкіндік жасалуда.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында орталық бастамасымен 1300 адамды қамтыған 24 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл – «Отбасы орталығының» өңір тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік әрі рухани алаңға айналғанының айқын дәлелі.
Бүгінде «Отбасы орталығы» – тек рәсім өтетін орын ғана емес, берекелі отбасының бастауы, жастардың болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашатын маңызды қоғамдық кеңістік. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасылық институтты нығайту жолындағы мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор.
Атаулы күнге орай «Отбасы орталығының» ұйымдастыруымен «Отбасы – ұлт тәрбиесінің алтын ұясы» атты мерекелік іс-шара өтті. Оның мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, ұлттық тәрбиені дәріптеу және өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі ету.
Мерекелік кеште неке қию рәсімі өткізіліп, жаңа туған сәбилердің ата-аналарына туу туралы куәліктер берілді. Шарада жарты ғасыр бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан алтын той иелеріне құрмет көрсетілді.
Мерекеге орай тағы бір шара Құзыреттілік орталығында өтті. Облыстық білім басқармасы психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «PARENTS TALK: Бақытты отбасы» атты облыстық ата-аналар форумы болды. Оның мақсаты – ата-аналарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты дамыту және жасөспірімдердің қауіпсіз психоэмоционалдық ортасын қалыптастыру.
Форумға білім беру ұйымдарының өкілдері, педагог-психологтар, ата-аналар, сала мамандары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Онда жасөспірімдердің психологиялық саулығы, отбасындағы эмоционалдық қолдаудың маңызы, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, қауіпсіз орта қалыптастыру, ерекше балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері, жасөспірімдермен тиімді байланыс орнату тақырыптары талқыланды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





