Қызылордада Сыр өңірінің бас имамы Дастан Жанасұлының төрағалығымен Құрбан айтқа дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған жиын өтті.
Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өткен жиынға Қызылорда қаласындағы жұмыс тобы офлайн форматта, ал Байқоңыр қаласы мен жеті ауданның бас имамдары онлайн форматта қатысты.
Жиын барысында өкіл имам Дастан Жанасұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне қатысты тапсырмаларын таныстырды.
Атап айтқанда, Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде ұйымдастыру, халыққа қолайлы жағдай жасау, мешіттерде мерекелік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн және офлайн форматта жүзеге асатын құрбан шалу рәсімдерін жүйелі үйлестіру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, мал сою орындарын санитарлық-тазалық талаптарына сай әзірлеу, арнайы штабтар құру, құрбан шалу рәсімдерінің шариғат талаптарына сәйкес орындалуын бақылау, құрбан еттерін әлеуметтік жағдайы төмен және мұқтаж отбасыларға уақытылы жеткізу бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Жиын соңында бас имам дін қызметкерлерін ауызбіршілікпен жұмыс атқарып, Құрбан айт күндері халыққа сапалы діни қызмет көрсетуге шақырды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі






