Әлем таныған әдебиет өкілі

4

0

Әлем таныған әдебиет өкілі, «Еңбек Қызыл Ту», «Отан», І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов биыл 90 жаста.

Алматы қаласының тумасы Ол­­жас Омарұлы – жастайынан білім жо­лына түсіп, саналы ғұмы­рын жыр жазуға, әдебиетті зерт­теуге, та­ри­хи, қоғамдық-саяси мәселе­лер­ді терең талдауға арнаған қа­лам­гер. Де­ректерге сүйенсек, «Ка­зах­стан­ская правда» га­зетінде, «Қазақ­фильм» кино­студия­сында, «Прос­тор» жур­на­лында қыз­мет атқа­рып қала­мы қа­­лыптасқан ол әде­биет ісіне 1955-1960 жылдардан бас­тап араласқан екен. Ал 1971-1981 жыл­дар аралы­ғын­да Қазақстан Жа­зушылар одағы басқармасының хат­шысы қызметін атқарды. Қазақ КСР, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

Ақын Олжас Сүлейменовті Кеңес одағы көлеміне танымал еткен 1962 жылдың 11 сәуірінде Ю.Гагариннің ғарышқа ұшуы ал­дында жазылған «Адамға табын, жер енді» өлеңі болатын. Қоғамдағы айтулы саяси оқиғаны арқау еткен жыр жолдары іле-шала ел ішінде, одан әрі әлемге кеңінен таралып кетті. Бұл өлеңі кейіннен поэмаға айналды. Ол – әдебиетпен бірге қоғамдық-саяси өмірде өте ықпалды тұлғалардың бірі. Соның айқын көрінісі, 1975 жылы «Аз и Я» кітабы жарық көріп, түркі және славян халықтарының ежелгі ескерткіштерін зерттей келіп, тереңде жатқан тілдік байланысты ашып көр­сеткен туынды әлем на­за­рын ау­дар­ған еді. Әйтсе де кітап шық­қан бой­да қысымға ұшы­рап, бү­кіл кітапханалардан жойылды. Ал ақын­ға бірнеше жыл бойы бас­паға ма­те­риал өткізуіне қатаң тыйым салды. Тек еліміз Тәуелсіздік алған­нан кейін «Аз и Я» кітабы қайта басылды.

Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я», «Қыш кітап» сынды атақты шы­ғар­маларымен қатар, қоғамдағы аза­мат­­тық болмысы үшін халық құр­меттейді. Айталық, ол 1980-1991 жыл­­­дар аралығында Қазақ КСР, КСРО Жоғарғы Ке­ңесінің депутаты болған кезінде халық сенімін абы­роймен ақтай білді. Оның азамат­тығының айқын бір көрінісі – 1989 жылы «Невада-Семей» қо­ғамдық қоз­­ғалысының ба­сында жүріп, Семей қаласындағы ядролық қа­руды сы­найтын полигон­ды жабуды талап етуі әрі соған қол жеткізді, сынақ ала­ңы жабылды.

Көрнекті қаламгер, мемлекет жә­не қоғам қайраткері Олжас Сүлей­мен­овтің 90 жасқа толуына орай Ә.Тә­жібаев атындағы облыстық әм­­­­бе­­бап ғылыми кітапханасында «Әлем­­дік тұлға» атты дөңгелек үстел ұйым­­дас­­­тырылды.

Жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқыту­шысы, тарих ғылымдарының докто­ры, қауымдастырылған профессор Тас­тан­бек Сәтбай, жазушы-эколог, «Па­ра­сат» орденінің иегері Сайлау­бай Жұ­батырұлы, ақын, Қазақстан Жа­зу­шылар одағының облыстағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының иегері Қаршыға Есімсейітова, өлкетанушы, инженер-гидротехник Әлібек Сабырбаев, ардагер журналист Қайырбек Мыр­захметұлы, «Ақмешіт ақшамы» га­зетінің редакторы Сәр­сенкүл Бихожа, ақын, «Ақмешіт ап­талығы» газетінің бөлім басшысы Гауһар Қожахметова, сондай-ақ «Өр­кениет» медицина колледжі мен М.Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық-ІТ жоғары колледжінің студенттері және кі­тап­хана оқырман­дары қатысты. Жиын­ды кітапхана басшысы Сапар Көзей­баев жүргізді.

Әдеби мазмұнды іс-шара аясында ақын Олжас Сүлейменовтің айтулы шығармаларымен қатар, қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық тату­лықты, бейбітшілік пен достықты қа­дірлеуге үндейтін  еңбектері туралы айтылды. Ақын өлеңдері оқылды.

Алғашқы сөз кезегін алған тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай ақын Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығын тұрақты зерттеп келеді.

– Олжас 10-12 жасында Толстой­дың 12 томдығын оқып бітірген. Жа­сыратыны жоқ, қазір Толстойдың кім екенін білмейтін магистранттар бар. Оның «Аз и Я» кітабы жарыққа шық­қанда үлкен дүмпу болған.

Менің кандидаттық диссерта­циямның тақырыбы 1946-1970 жыл­дар аралығында Қазақстандағы шы­ғар­машылық одақтарының қызметі туралы болатын. Осы зерттеу жұмы­сымның барысында сол уақыт­тағы ірі басылымдардан Олжас Омар­ұлы­ның сөйлеген сөздерін кез­дес­­ті­ріп, таңғалдым. Ол заманда өкі­мет сая­сатына  қарсы пікір айту деген ойың түгілі, түсіңе кірмейтін жағдай. Ал қаламгер Олжас өз шығармасында «Совет ада­мы» дегенге қарсы шы­ғады, – дейді ғалым. Сондай-ақ сө­зінің барасында бала Олжастың дү­ниетанымының қа­лыптасуында екін­ші әкесі Әбдуәли Қарағұлов («Жетісу» газетінің редак­торы бол­ған), сонымен қатар, Ағжан Машани, Әлкей Марғұлан сынды ғұ­лама ға­лымдар үлкен рөл атқарға­нын атап өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Жұбатырұлы қа­лам­гер Олжас Сүлейменовпен жүз­дескен сәттерін әсерлі әңгімелеп, оның ой-пайымының, ақыл-параса­тының өзгеше екеніне назар ау­дартты.

– Олжас Сүлейменовтің шығар­машылығы өте терең, қай жағынан бойларыңды білмейсің. Әсіресе, сол кеңестік заманда Мәскеудің төрінен қазақтың дауысы шыққаны біз үшін ерекше әсер еткен еді. Ал 1975 жылы жарыққа шыққан «Аз и Я» оның ақындық, азаматтық, тіпті ғалымдық тұлғасын шырқау биікке көтерді. Осы туындыны өкімет тәркілеп, сол кездегі идеология саласының бас­шылары оны құртып жіберуге дейін әрекет жасады. Кітапхана сө­релерінен түгел алдырып тастаса да, жұрт сол кітапты іздеп жүріп тауып оқыды. Өйткені Олжаста бөлек көз­қарас болды. Соған сәйкес өзінің діт­теген мақсатына жетті деуге бо­лады. Бір ғажабы осы жолда сонша энергиясын жұмсады, соның өзін­де жете алмай жатқан жерлері де бар. Әрине, оған уақыт әмірші екенін бі­леміз.

Ол кісінің өзгелерден ерекшелігі қолына алған тақырыбын түп-тамы­рынан қазып, түгел зерттеуге көңіл қояды. Бір сөзбен айтқанда, Олжас Сүлейменов – бірегей қолтаңбасымен әлемді мойындатқан қаламгер! – деді ол.

Өз кезегінде Қазақстан Жазу­шы­лар одағының облыстағы өкілі Қар­шыға Есімсейітова, өлкетанушы Әлібек Са­бырбаев, «Ақмешіт ақша­мы» газе­ті­нің редакторы Сәрсенкүл Бихожа сөз алып, қалам иесінің өмірі мен шы­ғар­машылығына қатысты ой-па­йымдарын ортаға салып, әсіресе, жас ұрпақ үшін осындай танымдық іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»