ӨРКЕНИЕТ ОРДАСЫ
Кеше Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Саммит аясында алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге екі ел арасындағы бауырластық байланыс және рухани ынтымақтастық нышаны ретінде Түркістанда бой көтерген мешітпен танысты.
Құлшылық үйінің орталық залында Құран оқылды.
Мешіт Өзбекстан Президентінің Түркістан тұрғындары мен барша қазақстандықтарға тартуы ретінде салынған. Ғимаратта дәстүрлі ислам элементтері заманауи құрылыс технологияларымен үйлесім тапқан. Қасбеті мен ішкі аумағы ұлттық ою-өрнекпен және мұсылман каллиграфиясымен безендірілген. Мұнаралардың биіктігі – 61 метр. Ғибадат орны жаңа инженерлік желілермен жабдықталған. Сондай-ақ абаттандырылған аумақта жарықтандыру жүйелері, демалыс аймақтары, субұрқақтар бар.
Мұнан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев түркі дүниесінің әйгілі рухани және тарихи-мәдени киелі орындарының бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.
Мемлекеттер басшылары ұлы ғұлама, әулие Қожа Ахмет Ясауи мен кесене аумағында жерленген басқа да белгілі тарихи тұлғалардың рухына зиярат етті.
Президенттерге кесененің XIV ғасыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынғаны, көлемі жағынан әртүрлі 35 бөлмеден тұратыны жөнінде ақпарат берілді. Ғимараттың ішкі биіктігі 39 метрді, ал сыртқы биіктік өлшемі 41 метрді құрайды.
Мәртебелі меймандар қабірхананы, орталық бөлмеде орналасқан қазандықты, тайқазанды және қола лауханы аралап көрді. Сондай-ақ экспозицияда түркі-ислам әлемінің белгілі ойшылдары мен шайырларының еңбектерінен тұратын 45 кітап қойылған. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет», Низамидің «Хамса», Науаидің ғазалдары, Бақырғанидың шығармалары, Фирдоусидің «Шахнама», Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүн» дастаны, сонымен бірге «Манас» жырының үзінділері және басқа да сирек кездесетін туындылар бар.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйлады.
Келесі кезекте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысты.
Мемлекеттер басшылары XIV-XV ғасырларға тиесілі сирек жәдігерлер көрмесін тамашалады. Ол Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде XIV ғасырдан бері сақталған қабірхананың ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, қаңылтырмен және алтын жалатылған жазулармен безендірілген. Сондай-ақ куфа мен сулус үлгісіндегі араб мәтінімен өрнектелген.
Мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер мен айдаһар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді. Көрменің ерекше сәулеттік элементі – кесене күмбезінің ұшар басында орналасқан көне кубба (мыстан жасалған).
Залдағы аса құнды жәдігердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға жататын Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының қабіржапқышы. Оның бедерлі ою-өрнектері діни символизмді, геометриялық композицияны, каллиграфияны ұштастырады. Орталық Азиядағы ислам мәдениетінде қабіржапқыш рухани құрметтің белгісі саналады.
Кеше сондай-ақ, Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтерді.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары жаңа орталықтың қазығын қағып, іргетасын қалады.
Кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу. Мұнда ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілмек.
Орталықтың архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді. Ал мазмұндық құрылымы жағынан экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді.
Көрермендер тарихи оқиғаларды терең сезіну үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданылады.
Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысушы елдердің президенттеріне Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту және аймақтағы технологиялық серіктестікті нығайту бастамалары жайында мәлімет берілді.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға еліміз ЖИ-ді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын баяндады. Бұл орайда инфрақұрылымды, адами капиталды және инновациялық өнімдерді дамыту арқылы толық экожүйе құрылмақ.
Бүгінде Қазақстанда Starlink және OneWeb компанияларының жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Есептеуіш қуатын арттыру бұл саладағы маңызды қадамға айналды. Аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлер іске қосылды. Енді «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб AI-есептеулерді ұсынуға негізделген экономиканың жаңа экспорттық моделінің іргесін қалайды.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ғарыш саласында да нәтиже беруде. Еліміз Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерімен бірлесіп, CubeSat ғылыми жерсерігін әзірлеп жатыр. Оны ғарышқа келесі жылы ұшыру жоспарланған.
Жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесінде кеңінен қолданылуда. eGov AI асситенті, AlemGPT платформасы секілді шешімдер мемлекеттік қызметтерді анағұрлым жетілдіре түседі.
«СБ» ақпарат





