Жалағашта «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбында көшпелі кездесу өтті

7

0

Жалағаш ауданында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбындағы көшпелі кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, аналардың қоғамдағы рөлін арттыру және ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті күшейту.

Кездесуге аудан тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен көпбалалы аналар қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Басқосу барысында облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева ана тәрбиесінің ұлт болашағын қалыптастырудағы орны мен бүгінгі қоғамдағы аналардың жауапкершілігі туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ «Praktikos» Еуразиялық заңгерлер және медиаторлар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиал директоры,

ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, Аналар кеңесінің мүшесі Жанна Мирамбекқызы отбасындағы татулық пен өзара түсіністікті сақтау, дау-дамайлардың алдын алу бағытындағы аналардың рөліне тоқталып, тәжірибелік мысалдар келтірді.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасып, тұрғындар қыз бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, мамандардың жауаптарын алды.

Жиыннан кейін облыстық Аналар кеңесінің мүшелері аудан тұрғындарын жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Көшпелі кездесу аясында көпбалалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді.