Бәсекелестік заңнамасын бұзуға жол жоқ

4

0

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің  облыстық департаменті метрологиялық қызметтерді тұтынушы кәсіпкерлік субъектісінен  «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалының әрекеттеріне қатысты түскен өтініші бойынша зерделеу жүргізді.

Қарау барысында филиалдың метрологиялық құралдарды тексеру қызметтерін көрсету бойынша шарт жасасуға өтініш білдірген кәсіпкермен, қызмет көрсету мүмкіндігі бола тұра, негізсіз шарт жасасудан бас тартқаны анықталған.

Сонымен қатар, департамент былтырғы және осы жылдың бірінші тоқсаны аралығындағы кезеңге метрологиялық қызметтер нарығына талдау жүргізді. Талдау қортындысында «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалының аталған нарықта үстем жағдайға ие екені белгіленді.

Жинақталған материалдар негізінде филиал әрекеттерінде бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері анықталып, Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес хабарлама шығарылды. Қазіргі уақытта хабарлама орындалып, анықталған бұзушылықты жою бойынша қажетті шара қабылданды.

Сондай-ақ, департаменттің мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне жүргізген мониторинг нәтижесінде Қызылорда қаласындағы 10 балабақшада бәсекелестік заңнамасының талаптарын бұзу фактілерін анықтаған.

Атап айтқанда, коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар өз жарғыларына монополияға қарсы органның келісімінсіз қосымша қызмет түрлерін енгізген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар қызмет түрлеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды монополияға қарсы органмен келісуге міндетті.

Аталған факт бойынша  бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықты жою туралы 10 нұсқама жолданған. Бүгінде барлық нұсқама  орындалып,  балабақшалардың құрылтай құжаттары заңнама талаптарына сәйкестендірілді.

«СБ» ақпарат