Уақыттың өзі кейде адам тағдырын таразыға салып, кімнің кім екенін ел жадында айқындап кететін секілді. Қазақтың «тектіден текті туады» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Сол бір тектіліктің айқын көрінісін мен Бағдат Кәрібозұлынан көремін. Ол – жыраулық дәстүрдің ізі қалған, сөздің киесін сезінген Балқы Базардай бабалардың жұрнағы. Осындай рухани тамырдан нәр алған адамнан өзгеше болмыс күтудің өзі заңдылық.
Бағдаттың әкесі – Кәрекең, Кәрібоз сырт қарағанда қарапайым шаруа адамы болғанымен, ішкі болмысы терең, сөзі салмақты, аз сөйлеп, көп мағына сыйғызатын кісі еді. Ондай адамдардың әр айтқаны өнеге, әр ісі үлгі болып қалатыны анық. Бәлкім, Бағдаттың бойындағы парасат пен сабыр, кісілік пен кеңдік сол әкенің тәлімінен дарыған қасиет болар. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен келген асыл қасиеттердің ұрпақ бойынан табылуы – табиғи заңдылық.
Бағдат көпбалалы отбасында дүниеге келген. Оның алдында екі апасы болған. Әкесі Кәрекең үшін бұл ұлдың орны ерекше еді. Баласы туған сәттен бастап қуанышын жасыра алмай, ел-жұртына той жасап, қайда жүрсе де «Бағдатым» деп асығып жететін. Тіпті түн ортасы болса да, баласының жанына келіп, қасында болуды парызындай көретін. Бұл әке жүрегіндегі шексіз мейірім мен үміттің көрінісі еді. Сол балалардың ішінде Бағдатқа деген сенімі де, ықыласы да бөлек болатын.
Менің әке-шешем мен Кәрекеңдердің отбасы бір-бірімен етене жақын, сыйлас, көрші-қолаң болып араласқан жандар еді. Сондықтан Бағдаттың өскен ортасын, тәрбие алған шаңырағын жақсы білемін. Кәрекеңнің өз бауырларына деген қамқорлығы – өз алдына бір тағылым. Соғысқа кеткен ағалары оралмай қалған соң, олардың отбасыларын жетімсіретпей, барлығын өз қамқорлығына алып, өсіріп-жетілдіріп, әрқайсысын үйлі-жайлы етіп, жеке отау қылып шығаруы нағыз азаматтықтың, бауырмалдықтың үлгісі еді. Осындай ортада өскен бала мейірім мен жауапкершіліктің не екенін бойына сіңірмей қалуы мүмкін емес.
Бағдат та сол қасиеттерді бойына дарыта білді. Ол туған жері бұрынғы Сталин, кейін Ленин атындағы колхоз, қазіргі Құмжиек ауылдық округіндегі мектепте оқып жүріп-ақ алғырлығымен көзге түсті. Сабаққа зерек, ізденімпаз, қатарынан озық болды. Сол талаптың арқасында білімін жалғастырып, Қызылорда педагогикалық институтына түсіп, тіл мен әдебиет саласын таңдады. Бұл оның табиғатына, рухына жақын жол еді.
Институт қабырғасында жүріп-ақ ұстаздарының назарын аударып, қабілетімен ерекшеленген Бағдат аспирантураға жолдама алып, ғылым жолына түсті. Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, кейін өзі білім алған оқу орнында ұстаздық қызмет атқарды. Ол тек дәріс оқып қана қойған жоқ, шәкірт жүрегіне жол таба білді. Студенттердің сүйікті ұстазына айналды. Оның әрбір сабағы білім ғана емес, адамгершілік мектебі еді.
Ғылымдағы ізденісін тоқтатпай, кейін Алматыға барып докторантурада білімін жалғастырды. Бұл кезең оның ғалым ретінде қалыптасуындағы ең маңызды белестердің бірі болды. Осы тұста оның ғылыми жұмысына жетекшілік еткен қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, академик Зейнолла Қабдолов еді. Зәкеңнің талғамы қатал, таңдауы биік болатын. Ол кез келген адамды жанына жақындата бермейтін. Ал Бағдатты өз қарамағына алып, сенім артуы – оның қабілетін, болашағын дәл танығанының белгісі.
Мен Бағдаттың докторлық диссертация қорғаған сәтіне арнайы қатысқан едім. Сол күн әлі күнге дейін көз алдымда. Баяндамасы аяқталған соң, комиссия мүшелері сұрақ қоюға дайындалып отырған сәтте, Зәкеңнің өзі орнынан көтеріліп: «Осы баяндаманың өзімен-ақ докторлық атақ беруге болмай ма?» деп, оның еңбегіне жоғары баға бергені залдағы жұрттың бәріне ерекше әсер қалдырды. Бұл ұстаздың шәкіртіне берген шынайы бағасы еді. Сол жиында белгілі ғалымдар да оның жауабына қанағаттанып, Бағдаттың нағыз ғалым екенін мойындады. Мен сол сәттің куәсі болғанымды әрдайым мақтан тұтамын.
Кейін Зәкең Бағдат туралы: «Бағдатжан келгенше қазақ әдебиеті жалаңаш қалып қоя ма деп уайымдайтын едім, енді оның барында бұл салаға сенімім мол» деген сөз айтқанын естігенде, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыстың қаншалық терең екенін түсіндім. Бағдат та өз кезегінде ұстазын әкесіндей құрметтеп, әрдайым ізетпен еске алып жүреді.
Бүгінде Бағдат Кәрібозұлы – елге танымал ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол тек ғылыммен ғана айналысып қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де зор үлес қосып келеді. Қазақ әдебиетінің дамуына, ұлттық руханияттың өркендеуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сыр өңірінің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналған тұлға.
Отбасында өнегелі әке, жұбайы Салтанат екеуі тәрбиелеп өсірген ұрпағы әке жолын жалғап, ғылымға бет бұрған ізденімпаз жастар. Бұл – әке тәрбиесінің, отбасы берекесінің айқын көрінісі.
Мен үшін Бағдат – тек ғалым емес, бауыр, сырлас, рухани жақын адам. Оның жетістігіне қуану, абыройымен мақтану – біз үшін үлкен бақыт. Ол – Сыр елінің маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі. Алла ғұмырын ұзақ етіп, әлі талай шәкірт тәрбиелеп, елге қызмет ете берсін деген тілек әрдайым жүрегімізде.
Алда келе жатқан 70 жылдық мерейтойы – тек бір адамның емес, тұтас бір дәуірдің, бір әулеттің, бір өңірдің қуанышы. Біз сол қуаныштың куәсі болып, бірге бөлісе берсек екен деймін. Ең бастысы, амандық болсын.
Самұрат ИМАНДОСОВ,
қоғам қайраткері





