Ауданда жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асуда

7

0

Қазалыда жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Сол жобалардың бірі – Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту» жобасы.

Қазіргі таңда нысанда жер тегістеу, тас төсеу, каналдарға темірбетон плиталарын орнату жұмыстары толық аяқталып, жолға қара шебін төсеу мен асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның жалпы ұзындығы 3,192 шақырымды құрайды. Айналма жол құрылысы шілде айына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілу жоспарлануда.

Аталған айналма жол кент орталығындағы көлік қозғалысын реттеуге, Жанқожа батыр көшесіндегі жол жүктемесін азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі.

Жалпы аудан орталығында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта В.Счастнов орамы, Жанқожа батыр көшесінің 3 шақырымдық бөлігі, Төремұрат жырау орамы, Ы.Жақаев және Ш.Қалдаяқов көшелерін қоса алғанда 13 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Р.Сабырбаев, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай және С.Сүлейменов көшелеріндегі тозығы жеткен асфальт жабындарын жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Жол жөндеу жұмыстарымен қатар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жаяу жүргіншілер жолдарын салу жобалары да жүзеге асуда. Бүгінде Т.Бөріқұлақов және Жетес би көшелерінде жаңа жаяу жүргіншілерге арналған жол салынуда. Ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын Т.Бөріқұлақов көшесі мен 1,6 шақырым болатын Жетес би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолдарына асфальт төсеу жұмыстары басталады.