Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

5

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен егін шаруашылығының жай-күйі, суармалы суды тиімді пайдалану, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету және су тапшылығының алдын алу мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті.

Жиынға Су ресурстары және ирригация министрлігінің Тарифтік саясатты реттеу департаментінің директоры Дархан Қайынбердиев, Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті директорының орынбасары Жәнібек Қайшыбекұлы, Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің Ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізу басқармасының сарапшысы Гүлнұр Махамбет, «Қазсушар» РМК Бас директорының орынбасары Ербол Салихбаев, Экономика және қаржы департаментінің директоры Айгүл Сұлтанова, кәсіпорынның Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Даулетбек Абдирасулов, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал – Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов, сондай-ақ шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жауапты сала басшылары қатысты.

Жиында аудандағы егін шаруашылығының қазіргі ахуалы, суармалы суды тиімді пайдалану, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету және су тапшылығының алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында аграрлық секторды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуы ең алдымен су ресурстарының жеткілікті болуына байланысты. Соңғы жылдары өңірде вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтіп, биыл да су тапшылығы байқалуда. Осыған байланысты сала мамандары су жеткізу қызметінің тарифтері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, су тапшылығының алдын алу және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілді. Сонымен қатар, жеке тұрғындар есебінен 3 100 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы көкөніс және бақша дақылдары орналастырылған.

Сондай-ақ, «Таң ЛТД» ЖШС мен «Центр Семеноводства» ЖШС тарапынан 2 мың гектар алқапқа дәндік жүгері дақылы тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары арқылы егілді. Бұл тәсілдер суды тиімді пайдаланып, оның ысырабын азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылы ауданда 31 213 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған.

Бүгінде «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен 125 шаруа қожалығы 633,5 млн теңгеге су пайдалану жөнінде келісімшарт жасаған. Ауданда жалпы 61 насос қондырғысы жұмыс істейді, оның 23-і «Қазсушар» РМК теңгерімінде болса, 38-і шаруашылық құрылымдарына тиесілі. Сонымен қатар, Р-12 каналының 72-бекеттен 115-бекетке дейінгі 4,3 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 36-бекеттен 72-бекетке дейінгі аралықта тиісті жұмыстар жалғасуда. Ал 2026 жылға Р-12, Жаңа Бестам, Р-10-0-1, Қамыстықақ, Р-7 және Жаңа Сұлутөбе каналдарын механикалық тазалау және қазу жұмыстарына ұсыныстар берілген.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков егіс алқаптарындағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізудің маңыздылығына тоқталып, су ресурстарын ұтымды пайдалану, каналдар мен су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстау, сондай-ақ шаруалардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, туындаған мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты ұсыныстар берді.

Сондай-ақ, жауапты мекеме басшыларының есептері тыңдалып, өзекті мәселелерді шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі