«Әкімшілік әділет – мемлекет пен қоғам арасындағы диалог кепілі»

4

0

Қазақстан Республикасы әкімшілік соттарының құрылғанына – 5 жыл. «Әкімшілік әділет – мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда облыс әкімі Мұрат Ергешбаев бес жыл бұрын қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жаңа стандарттарын қалыптастырғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы: «Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді», – деді.

Бұл мемлекеттік органдардың жұмыс мәдениетін өзгертіп, қабылданатын шешімдердің сапасы мен заңдылығына қойылатын талаптарды күшейтті. Азаматтардың сотқа деген сенімі – құқықтық мемлекеттің ең басты көрсеткіштерінің бірі. Осы ретте өңіріміздегі сот қауымдастығы заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауап­кер­шіліктеріңіз еліміздегі құқық үстемдігін нығайту ісінде маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да Президентіміздің Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құру жолындағы ортақ жұмысымыз жалғаса беретініне сенімдімін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров, Қызылорда облысының мамандандырылған аудан­аралық әкімшілік сотының төрағасы Гүлжан Мыр­затаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситеті экономика және құқық институтының директоры, PhD докторы Айнұр Исаева сөз сөйледі.

Аймақта әкімшілік әділет институтының тиім­ділігі нақты нәтижелерімен көрініс тапты. Кейінгі бес жылда облыс соттарына 6 мыңға жуық әкім­шілік талап қою арызы түсіп, 5 мыңнан астамына тиісті шешім қабылданған.

Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара бай­ланысты жаңа деңгейге көтерген маңызды бас­тамалардың бірі «е-Өтініш» бірыңғай плат­формасы. Аталған жүйе азаматтардың өтініштерін ашық әрі тиімді қарауға, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беріп, «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралына айналды.

2021 жылдан бері өңірдің мемлекеттік орган­дарына 220 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл азаматтар мен мемлекеттік институттар арасында­ғы өзара іс-қимылдың жаңа мәдениеті қалыптасып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігі арта түскенін көрсетеді.

Конференцияға облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері, адвокаттар, мемлекеттік органдар қызметкерлері, ғалымдар мен құқық саласының мамандары қатысты.