Жемқорлыққа қарсы иммунитет: тұрақтылық пен тазалық жолы

5

0

Қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде мемлекеттік басқарудың ашық әрі тиімді болуы – ел дамуының басты кепілі. Мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір іспетті бұл сенімге сызат түсіретін ең қауіпті құбылыс – сыбайлас жемқорлық. Ол елдің экономикалық әлеуетін әлсіретіп қана қоймай, әлеуметтік әділдік орнату үдерісін тежейді. Сондықтан бұл кеселмен күресуді тек мемлекеттік аппараттың міндеті деп қарамай, жалпыұлттық мақсат ретінде қабылдауымыз қажет.

Лауазымды тұлғалардың өз өкілеттігін жеке мүддесіне құрал етуі – қоғамның іргетасын шайқалтатын заңсыздық. Мұндай келеңсіздіктер заң үстемдігіне деген күмәнді арттырып, қазына қаржысының мақсатсыз жұмсалуына соқтырады. Оның зардабы сыртқы инвестиция ағымының азаюынан бастап, жас ұрпақтың рухани құндылықтарының құлдырауына дейінгі ауыр әлеуметтік проблемаларға ұласады.

Бүгінде бұл қатердің алдын алу бағытында жүйелі реформалар жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік қызметтердің толық цифрлануы, қазына қаржысының бөлінуі мен мемлекеттік сатып алулардың ашық форматқа көшуі – осының айқын дәлелі. Дегенмен, тек техникалық шешімдермен ғана шектелу жеткіліксіз. Ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу үшін әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығын арттырып, ортада парасаттылық пен адалдық мәдениетін қалыптастыру аса маңызды.

Бұл үдерісте азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Жұртшылықтың белсенді бақылауы мен ақпараттық ашықтық билік институттарының жауапкершілігін күшейтіп, есептілік деңгейін арттырады.

Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою – толассыз жүретін күрделі процесс. Бұл майдандағы жетістік әрбір отандасымыздың ішкі мәдениеті мен саналы ұстанымына тікелей байланысты. Тек әділдік пен тазалықты серік еткен қоғам ғана өркениетті болашаққа нық қадам баса алады.

Ермек Орынбасар,

Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту

және мәдени-продюсерлік орталығы,

мәдени ақпараттандыру бөлімінің маманы