Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының Қызылорда филиалына оқытушылық қызметке келгеннен кейін 1980 жылы ортақ достарымыз арқылы Бағдат Кәрібозұлымен таныстым. Ол Қызылорда педагогика институтында оқытушы екен. Сол бір таныстық уақыт өте келе рухани жақындыққа ұласарын ол кезде кім білген?!
Жастық шақтың өзіне тән асқақ арманы болады ғой. Біз де сондай арман жетегінде едік. Ол кезеңдегі ең үлкен рухани құндылығымыз ғылымға ұмтылу, терең білімге жол салу, аспирантураға түсіп, ғылым кандидаты атану еді. Бұл мақсат екеумізді одан сайын жақындастырды. Біз тек әріптес емес, бір бағытта ойлайтын, бір мұратқа ұмтылған жандарға айналдық.
Екі жылдан соң мен Мәскеуге, ол С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне аспирантураға түстік. Оны тәмамдап, кандидаттық диссертация қорғап, туған жерге оралған соң, қайтадан бір арнада тоғыстық. Бұл жолы біз тек оқытушы ғана емес, ұйымдастырушы, басшы ретінде де танылдық.
Екеуміз екі оқу орнында факультет деканының орынбасары, декан қызметтерін қатар атқардық. Бағдат Кәрібозұлы ұзақ жылдар бойы факультетті абыроймен басқарды. Ал мен филиал директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.
Біздің өмір жолымыз осылайша қатар өрілді. Қуанышы мен қиындығы қатар жүрген қызмет жолында бір-бірімізге тірек болдық, бір-бірімізді толықтырдық. Уақыт өткен сайын түсінгенім – кейбір адамдармен танысу кездейсоқ емес, тағдырдың жазуы. Бағдат Кәрібозұлымен достығым – соның бір дәлелі.
Бүгін артқа қарасам, сол бір алғашқы таныстықтан басталған жол тұтас бір дәуірге айналыпты. Уақыт алға жылжыған сайын адам тағдырындағы жауапкершілік те салмақтана түседі екен. 1998 жылы облыс орталығындағы екі жоғары оқу орны қосылып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болды. Мен жаңадан құрылған университеттің ректоры қызметіне тағайындалдым. Бұл жай ғана қызмет емес, тұтас бір ұжымның, жаңа білім ордасының тағдырын мойныңа алу деген сөз еді. Дәл сол уақытта Бағдат Кәрібозұлы университет қабырғасында факультет деканы болып еңбек етіп жүрген болатын.
Алғашқы күндерден-ақ алдымызда үлкен мақсат тұрды. Ол – екі бөлек оқу орнын біріктіріп, оларды біртұтас ғылым мен білімнің, парасат пен руханияттың ордасына айналдыру. Бұл оңай шаруа емес еді. Уақытпен санаспай, күндіз-түні тынымсыз еңбек еттік. Сол жолда екеуміз иық тіресе жұмыс атқардық. Оның табандылығы мен жауапкершілігі, іске деген адалдығы сол кездің өзінде айқын көрініп тұратын.
Көп ұзамай оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор қызметіне ұсындым. Бұл үлкен сенім, әрі зор жауапкершілік еді. Бағдат Кәрібозұлы осы міндетті де абыроймен атқарды. Әсіресе студент-жастарға деген шынайы жанашырлығы, олардың болашағына алаңдай білетін қасиеті оны өзгелерден даралап тұратын.
Ол қызметке кіріскен тұста еліміз жаңа ғана тәуелсіздік алып, өз бағытын айқындап жатқан кезең еді. Жастар саясаты да жаңаша сипат алып, жаңа мазмұнмен толыға бастаған уақыт. Осындай тарихи сәтте тәрбие жұмысын мемлекеттік бағдарламалармен үйлестіре отырып, жан-жақты жүйелі түрде жүргізе білді.
Сол жылдары университет қабырғасында тәрбие жұмысының тұтас бір жүйесі қалыптасты. Рухани-адамгершілік, патриоттық, зияткерлік, мәдени-эстетикалық, құқықтық, экономикалық және дене тәрбиесі бағыттары өзара сабақтасып, бір арнаға тоғысты. Әрбір студенттің бойында Отанға деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық, жауапкершілік, құқықтық сана, салауатты өмір салтына деген көзқарас қалыптастыру басты мақсатқа айналды.
Бағдат Кәрібозұлының бастамасымен сол кезде университетте бұрын-соңды болмаған жаңа құрылым – «Жастар саясаты және мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру бөлімі» ашылды. Бұл бөлімнің тізгінін педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға Тасбергенқызы Игенбаева ұстады. Рабиға Тасбергенқызы мен Бағдат Кәрібозұлы тізе қоса отырып, тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Соның нәтижесінде факультеттер мен кафедралар деңгейінде жүйелі тәрбие сағаттары өткізіліп, студенттік орта қалыптасып, жастардың рухани әлемі байи түсті.
Сол жылдардағы әрбір кездесу, әрбір мәдени шара, әрбір пікірталас пен тәрбие сағаты студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, азаматтық ұстанымын нығайтуға қызмет етті. Осы жұмыстар тек сол кезеңнің жемісі болып қалмай, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан игі дәстүрдің негізін қалады.
Бұл қызметтегі еңбегі көзге көрінетін нәтижесімен ғана емес, уақыт сынынан өткен тағылымымен құнды. Ол қалыптастырған жүйе, енгізген қағидаттар бүгінгі жастар тәрбиесінде әлі де өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Ал оның ғылыми-педагогикалық жолына келсек, өз алдына бір үлкен белес. Жылдар өте келе тек білікті ұстаз ғана емес, елге танымал ірі ғалым ретінде қалыптасты. Филология ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне жетіп, қазақ әдебиеті, фольклортану салаларында сүбелі еңбектер жазды. Оның ғылыми еңбектері – ұлттық руханияттың алтын қорына қосылған қомақты үлес.
Бүгін сол бір кезеңдерді еске алғанда, көз алдыма тынымсыз еңбек, үлкен сенім, биік мақсаттар мен адал достық елестейді. Бірге қызмет атқарған сол жылдар менің өмірімдегі ең бір мазмұнды, ең бір мағыналы кезеңдердің бірі болып қала береді.
Оның еңбек жолына көз жүгірткен сайын, өмірі бір ғана қызметтің немесе бір ғана атақтың шеңберіне сыймайтын, тұтас бір ғылым мен білімге арналған ғұмыр екенін айқын аңғарасың. Өзінің кәсіби жолын жоғары оқу орнында қарапайым оқытушылық қызметтен бастап, доцент, профессор деңгейіне дейін көтеріліп, факультет деканы, оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқара жүріп, ғылыми-педагогикалық қызметін әрдайым биік деңгейде ұштастыра білді.
Проректорлық қызметтен кейін Қорқыт ата мұраларын зерттеу орталығына жетекшілік етуі ғылыми жолының заңды жалғасы іспетті. Бұл қызметте де ғылыми жобаларға басшылық жасап, түркі әлеміне ортақ рухани тұлға Қорқыттың болмысын, философиясын, дүниетанымын жаңа қырынан ашуға күш салды.
Мен оны әрқашан тек ұйымдастырушы басшы ретінде ғана емес, ғылымға шын берілген зерттеуші ретінде таныдым. Ғылыми ізденістерінің өзегі қазақ руханиятының терең тамырларына бойлау еді. Қазақ фольклоры, әдебиет теориясы, ұлттық мәдениет пен руханият, тіл мен әдебиеттің өзара байланысы сияқты іргелі бағыттарды өмірлік мұратына айналдырды. Бұл жай ғана тақырып таңдау емес, ұлттың жадын, рухани өзегін тануға деген талпыныс болатын.
Ол қазақ халқының дәстүрлі мұрасын тек жинақтап қана қойған жоқ, ғылыми тұрғыда саралап, тарихи-мәдени мәнін ашуға ерекше ден қойды. Әрбір зерттеуінде халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы, сөз өнерінің құдіреті, рухани сабақтастықтың терең иірімдері көрініс тауып жататын. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер – осының айқын дәлелі.
Ғалымның еңбектері тек ғылыми ортада ғана емес, кең ауқымда жоғары бағаланды. Қазақ фольклорының теориялық мәселелері, ұлттық әдеби мұраны талдау, руханият пен мәдениетке қатысты жазылған мақалалары көптеген оқу орындары мен ғылыми орталарда талқыланып, өз бағасын алды. Бұл оның зерттеулерінің өміршеңдігін, өзектілігін көрсететін белгі еді.
Бағдат Кәрібозұлы тек зерттеуші ғана емес, ұстаз ретінде де үлкен мектеп қалыптастырды. Жас ғалымдарды тәрбиелеп, ұлттық мұраны зерттеудің ғылыми әдіснамасын қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Шәкірттері бүгінде әр салада еңбек етіп, ұстаз жолын жалғастырып келеді. Сонымен қатар, ол қазақ әдебиеті мен мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға да айрықша көңіл бөлді. Бұл – оның ғылымға деген кең көзқарасының, ұлт руханиятын әлемге танытуға деген ұмтылысының көрінісі.
Мен өзім әдебиетші ғалым емеспін, терең ғылыми талдау жасауға да талпынбаймын. Бірақ әріптес әрі дос ретінде Бағдат Кәрібозұлының еңбектеріне әрдайым назар салып отырамын. Біздің әрбір кездесуімізде әңгіме міндетті түрде ғылымға, әдебиетке, руханиятқа ойысатын. Сондай сәттерде оның ой тереңдігіне, мәселені кеңінен қамти білетін қабілетіне, ғылымға деген адалдығына тағы бір мәрте көз жеткізетінмін.
Бүгінде Бағдат Кәрібозұлы – қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан, өзіндік орны қалыптасқан тұлға. Оның еңбектері өміршең, оның ізденісі – жалғасын тауып жатқан үлкен рухани жол. Ал мен үшін сенімді әріптес, сырлас дос және ғылымға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.
Жақында ғана Бағдат Кәрібозұлының жаңа кітаптарының тұсаукесеріне қатысып, оның тұлғалық биігін, рухани қуатын тағы бір мәрте айқын сезінгендей болдым. Ол кеш жай ғана рәсім емес, ұзақ жылдардың табанды еңбегінің, ғылымға деген адалдықтың, руханиятқа деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі іспетті. Денсаулық жағынан қиындығы болса да мойымай, жан серігі Салтанат екеуі қол ұстасып, еңбектің ауыр жүгін бірге көтеріп келе жатқаны ерекше құрметке лайық. Сол сәтте мен олардың төзіміне, өмірге деген құштарлығына, ғылымға деген адалдығына іштей сүйсіндім.
Біздің арамыздағы әңгімелердің өзегі қашанда бір – денсаулық, амандық, тіршіліктің қадірі. Кездескен, телефон арқылы тілдескен сайын бір-бірімізге ең алдымен осыны тілейміз. Менің де жүрегімдегі жалғыз тілек – Алла Бағдат Кәрібозұлына қуат берсін, денсаулығын нығайтсын, ғұмырын ұзартсын деген ақ ниет.
Өміріндегі ең үлкен бақтың бірі ұлы ұстаз, кемеңгер академик Зейнолла Қабдоловтың шәкірті болуы деп ойлаймын. Университет қабырғасында жүрген жылдары сол кісімен талай жүздесіп, бірге отырып, пікір алмасқан сәттеріміз әлі күнге дейін жадымда. Сондай отырыстардың бірінде ағамыздың Бағдат туралы айтқан сөзі есімнен кетпейді: «Бағдат – менің ақ Бағдатым ғой» деген еді. Бұл – үлкен сенім мен ерекше ықыластың белгісі.
Бәкеңнің өзі де ұстазы туралы әрдайым зор құрметпен, ерекше ілтипатпен айтып отырады. Ұстазына арнап кітап жазуы – оның рухани сабақтастықты терең сезінетінінің айғағы. Бұл – жас ұрпаққа үлгі, ғылым жолындағы адалдықтың көрінісі.
Жылдар бойы жазылған ғылыми мақалалары, монографиялары бүгінгі ғана емес, келер ұрпақтың да рухани игілігіне айналары сөзсіз. Олар – уақыттан озбайтын, қайта уақыт өткен сайын құны арта түсетін асыл мұра.
Сондықтан жүрек түкпірімнен шығатын тілек біреу: Бағдат Кәрібозұлы аман болсын, денсаулығы мықты болсын, ғылымдағы жолы ұзақ болсын. Оның қаламы талмай, еңбегі жана берсін, шығармашылығы жаңа биіктерге жете берсін.
Осы орайда, Бәкеңді келе жатқан 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өмірлік серігі Салтанат екеуіне ұрпақтарының қызығын бірге көруді, шаңырақ шаттығын тілеймін. Алла нәсіп етсе, алдағы уақытта да жақсы күндерде жүздесіп, Айнұр бастаған қыздарының, немерелерінің қызығын көріп, солардың ортасында бақытты ғұмыр кешсін деген ақ тілегімді білдіремін.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы,
профессор





