Сабырмен сүрілген саналы ғұмыр

7

0

Адамның байлығы тек дүниемен өлшенбейді. Кейбір жандардың ең үлкен қазынасы – көргені мен түйгені, өмірден жинаған тәжірибесі мен даналығы. Осындай асыл жандардың бірі – тыл ардагері Құрмаш Есімсейітов.

Бүгінде 97 жасқа келген қарияның қос жанарының жарық дүниені көрмегеніне жиырма жылдан асқан. Алайда көзі көрмесе де, көкірегі ояу, санасы сергек. Ол айналасында болып жатқан оқиғалардан хабардар, өткен тарихты да, бүгінгі күннің тынысын да жақсы біледі.

Құрмаш ата – өмірдің талай сынағынан сүрінбей өткен жан. Соғыс жылдарындағы ауыр еңбекке араласып, тылда аянбай қызмет етті. Қиындыққа мойымай, адал еңбек пен төзімді өмірлік серік еткен қария бүгінде үлкен әулеттің ақылман ақсақалына айналған.

Атаның өмірдегі ең үлкен бақытының бірі – ұрпағының көптігі. Ол 12 бала тәрбиелеп өсіріп, олардың барлығына адамгершілік пен еңбексүйгіштікті өнеге етіп қалдырды. Бүгінде бала-шағасы мен немере-шөберелерінің ортасында абыройлы ғұмыр кешіп келеді.

Жасы ұлғайғанына қарамастан Құрмаш атаның есте сақтау қабілеті ерекше. Ол ел ішіндегі шежірелерді, өткен заман оқиғаларын, ата-бабалар тарихын нақтылықпен айтып береді. Сондықтан да алыстан арнайы іздеп келіп, өз тегін, ата-бабасының тарихын сұрайтындар аз емес. Қарияның жадысында сақталған деректер талай жанның өткенін тануына жол ашып келеді.

Жақындарының айтуынша, Құрмаш ата ешқашан ашуға бой алдырмайтын, сабырлы мінезімен ерекшеленетін жан. Оның ұзақ ғұмыр сүруінің сыры да осы сабыр мен қанағатта жатқандай.

Ғасыр жасына таяған қарияның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Көзі көрмесе де, жүрек көзі ашық Құрмаш ата бүгінде даналықтың, төзімнің және өмірге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып отыр.

Аружан ЕСІМСЕЙІТОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

1 курс студенті