«Шымкент –Бадам» автожолында ірі жол-көлік оқиғасы болып, бір әулеттің үш адамы қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы жағдайдан қаза болғандардың арасында Астанадан қонаққа келген анасы мен қызы және інісінің 11 жастағы ұлы болғаны белгілі болды.
Жеңіл көлікте отырған тағы бір жолаушы жол апатына дейін қатар келе жатқан күйеуінің темір тұлпарына ауысқан екен.
Куәгерлердің айтуынша, жеңіл автокөлік жолда өзге көліктерді басып озып келе жатып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан қарсы беттен келе жатқан жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Куәгерлер жүк көлігі жеңіл көлікті соқтығысудан кейін шамамен 100 метрге дейін сүйреп барғанын айтады.
Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.






