Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде Жасанды интеллект негізінде көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселесі қаралды.
Бүгінде цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.
Жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік қызмет көрсету саласына енгізу – қызмет көрсету үдерістерін автоматтандыруға, азаматтардың уақытын үнемдеуге, қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшыларына мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстарды жүйелеуді, жаңа технологияларды тиімді пайдалануды және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, жиын барысында күн тәртібінен тыс екі қосымша мәселе қаралды.
Алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Каримов мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында 2026 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Баяндама барысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Келесі мәселе бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді.
Осы ретте сайлау науқанын ұйымдастыру барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындарға сайлау тәртібі мен маңызын кеңінен түсіндіру, тиісті органдармен бірлескен жұмыстарды жүйелі жүргізу мәселелері қаралды.
Мәжіліс соңында аудан басшысы қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






