Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзі

5

0

Құрметті Мемлекет басшылары!

Қадірлі саммитке қатысушылар!

Баршаңызды Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда қарсы алып, Өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.

Менің шақыруымды қабыл алып, алқалы жиынға келгендеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темір­­қазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атан­ған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған.

Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды. Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды. Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз.

Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады.

Бүгінгі жиында Өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым.

Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады. Сол себепті кеше алғашқы мәр­тебелі награданы аса құрметті Прези­дент Режеп Тайип Ердоғанға сал­­танатты түрде табыстадым. Осы­лайша, біз түркі руханиятының темір­қазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей оты­рып, халық­тарымыздың арасын­да­ғы мызғымас бауырластық тамырын ны­ғайта береміз деп сенемін.

Бүгінде Түркістан – көне мен келе­шекті тоғыстырған шырайлы шаһар. Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард дол­лардан асты.  Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды.

Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту. Біз киелі орданың тарихы қан­дай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қарай­мыз. Осы мүмкіндікті пайда­ла­нып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қол­да­уымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миро­монұлы Мирзиёевке және өзбек хал­қына алғысымды біл­діремін.

Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы. Менің пікірімше, бұл мешітке «Миромон ата» аты берілсе, өте орынды болар еді. Қос халқымыз бұл шешімді қолдайтынына еш күмән жоқ. Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет етеріне сенімдіміз.

Құрметті достар!

Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бас­тан өткерудеміз. Әлемдік және ай­мақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп ба­рады. Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес. Мұның бәрі әлем эконо­ми­касына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Таяу Шығыс­тағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастады. Осын­дай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбір­шілікте болуы – өте маңызды.Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар.

Қазіргі таңда түркі елдері заман тала­бын ескеріп, экономика және ин­вестиция саласындағы ықпалдас­тықты нығайтуы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын. Осы орайда, бүгінгі саммиттің «Жа­сан­ды интеллект және цифрлық даму» мә­се­лесіне арналып отырғаны өте маңызды.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Қадірлі достар!

Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемле­кеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қал­майды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мем­лекеттер техноло­гия­лық жаңғыру үдері­сінен тыс қал­мауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс.

Қазақстан цифрлық ел болуды көз­деп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұр­ған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қа­зақ­станда «Цифрландыру және жа­санды интеллект жылы» деп жария­ланды. Ас­танада Alem.ai жасанды интел­лект ор­та­лығы ашылды. Сондай-ақ біз екі суперкомпьютерді іске қос­тық. Келесі қадам – «Деректерді өңдеу орта­лық­та­ры­ның алқабын» құру. Бұл жоба ай­мақ елдеріне жетекші техно­логия­лық ком­паниялар мен жаһандық цифрлық капи­талды тартуға зор мүм­кіндік бермек.

Біз Қазақстанды аймақтық хаб ре­тінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады.

Сонымен қатар елімізде Цифрлық кодекс қабылданды, Жасанды интел­лект туралы заң күшіне енді. Біз білім сала­сындағы цифрлық инфрақұ­ры­лым­ды дамыту және озық технологияны мең­герген педагогтерді даярлау мәсе­лесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатпен мен жа­қын­да Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Алдағы уа­қытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan страте­гиясы бекітіледі.

Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешім­дер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комис­сиясының қолдауымен жүзеге асы­рылады. Қазақстанға тілектестік таны­тып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқан­дарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын.

Сонымен қатар наурыз айында Түркі кеңесі сарапшыларының қаты­суымен Шым­кент қаласында «Жасанды интел­лект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтті. Бұл іс-шара ел­деріміздің осы саладағы ынты­мақ­тас­тығы мен мүдделестігін айқын көрсетті.

Мен былтыр Габалада өткен басқосу кезінде цифрлық даму және кибер­қауіпсіздік мәселесіне қатысты бірқатар бастама көтердім. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық мониторинг және Цифрлық иннова­ция­лар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар Ұйымға мүше мемле­кеттердің өсіп-өркендеуіне цифрлық тұрғыдан тың мүмкіндіктер береді. Бұдан бөлек, сол алқалы жиында Кибер­қауіпсіздік жөніндегі кеңес құру қажет екенін айттым. Мұндай Кеңес ел­дері­міздің цифрлық әлеміндегі осал тұс­тарды анықтап, инфрақұрылымға төне­тін қауіптің алдын алуға ықпал етеді. Осы құрылым арқылы Ұйымға мүше елдердің тиісті органдары жедел ақ­парат алмаса отырып, жұмыс істей алады. Қазақстан бұл бастамалар бо­йын­ша тиісті тұжырымдамаларды әзір­леп, Ұйымға мүше мемлекеттерге ке­лісу үшін жолдады. Аталған нақты ша­ра­лардың бәрі де елдеріміздің ортақ мүд­десіне сай келеді, сондықтан, осы бағытта тиімді және белсенді әрекет етеміз деп ойлаймын.

Құрметті мемлекеттер басшы­лары!

Мен бүгін бірқатар ұсынысты ортаға салғым келеді.

Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн.

Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабіле­тін арттыруға ықпал ететін негізгі фак­тордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет. Сол арқылы технологиялық дер­бес­тігімізді нығайтып, инновация­лық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туа­ды. Мысалы, «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады.

Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық техно­логияларды енгізу өте маңызды. Сон­дықтан Түркі елдерінің жасанды интел­лект орталықтарының желісін құруды ұсынамын.

Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жос­парлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқы­­ту үшін арнайы гранттар бөлуге дайын­быз. Бағдарламалау, жасанды ин­теллект және озық цифрлық технология салалары бойынша Түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдас­тыр­ған жөн деп санаймыз. Бұл баста­маларды жүзеге асыру үшін Түркі инвес­ти­циялық қоры тарапынан қаржы­лай көмек көрсетуге болар еді.

Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобалар­ды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көр­сетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы мін­детті жедел жүзеге асыруға ша­қырамын.

Төртінші мәселе. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемле­кеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталық­қа «Turkic ai» атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.

Бесіншіден, жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет. Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес. Бұл – біздің бірегей болмы­сымызды, бірлігімізді және ынтымақ­тас­тығымызды көрсететін маңызды фактор.

Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді.

Алтыншы мәселе. Жасанды интел­лект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты мате­риал­дарды жинақтайтын арнайы цифр­лық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өр­кениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бас­тамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.

Жетінші міндет. Түркі мемле­кет­терінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа ама­нат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет, парыз деп айтуға болады. Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым.

Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жоба­ларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпал­дас­тығымызды ны­ғайта түседі. Орталықтың қызметін тиімді ұйымдас­тыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл университетке қажет­ті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі.

Бәріміз де жаңа ғана Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы бастамаға көрсеткен қолдауларыңыз үшін Сіздерге ал­ғысымыз зор.

Бұған қоса, біз Астанада Дала өрке­ниетін дәріптеуге арналған арнайы орта­лық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ. Ұйым­ға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын.

Келесі маңызды мәселе. Техноло­гиялық даму және гуманитарлық ықпал­дастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет.

Жақында Түркі Академиясы ағыл­шын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс термин­дерді бір ізге келтіруге және ортақ ғы­лым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын.

Құрметті әріптестер!

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі. Бүгінде біздің Ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді. Осы орайда Қазақстан Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз «Алтай сұхбат алаңы (диалогі)» фору­мын құру жөніндегі ұсынысы­мызды жарияладық.

Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мем­лекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады. Осы форматқа қо­сылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болу қажет деп санаймын. Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек.

Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тасты­ғын нығайтатын бірегей алаң. Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды ба­сымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұр­ғы­сынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбір­шілігін арттыра түсері сөзсіз.

Аса құрметті президенттер!

Қадірлі жиынға қатысушылар!

Бауырластық пен достық негізінде құрылған Ұйымының қызметі жыл өткен сайын жанданып келеді.

Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы ортақ бастамалар көтеріліп, өзара қол­дау табатын теңдессіз сұхбат алаңы ретінде қалыптасты. Мен осы тұста бар­шаңызға тағы да шынайы ризашы­лығымды білдіремін.

Бұл басқосуда қабылданған шешім­дер Түркі елдерін одан әрі қарқынды дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін.

Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығайып, берекесі арта берсін!