Алматыда өзбектерді кемсіткен Ресей азаматы 10 тәулікке қамалды

17

0

Фото: бейнежазбадан скрин

Алматыда бейәдеп сөздер айтылған видео жариялаған Ресей азаматшасы қамауға алынды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін бойжеткенге 10 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Дауға себеп болған видео әлеуметтік желіде тараған. Онда шетелдік азаматша Қазақстанда құжат рәсімдеу барысына ашық наразылық білдірген. Оның айтуынша, Алматыда банк картасын ашу үшін ЖСН алу, резидент емес мәртебесін растау секілді бірнеше мекеме арасында сабылуға тура келген.

Желі қолданушыларының ашуын тудырған басты мәселе – оның өзін Ресейдегі өзбек мигранттарымен салыстыруы болды.

– Екінші күн қатарынан шетелдік банк картасын алу үшін құжат жинап жүрмін. Өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезініп кеттім. Мені ары-бері жібереді, біресе «сіз резидент емессіз» дейді. Футбол добындай әр мекеме бір-біріне сілтеп отыр, – деген ол видеода бейәдеп сөздерді де қолданған.

СОТ ШЕШІМІ

Алматы қалалық полиция департаменті әлеуметтік желідегі бейәдеп балағат сөздер қоғамдық орында айтылған әрекет ретінде бағаланғанын мәлімдеді. Іс «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша сотқа жолданған.

– Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлады полиция өкілдері.

ҚОҒАМ ПІКІРІ

Оқиғаға қоғам белсендісі Тәңірберген Бердоңғаров пікір білдіріп, құқық қорғау органдарын мәселені назарға алуға шақырған.

Ал ресейлік тележүргізуші Ксения Собчак Telegram-арнасында бұл жағдайға ирониямен қарап, Қазақстанда «Мәскеуден келген қонақ» мәртебесі ешқандай артықшылық бермейтінін атап өткен. Сонымен қатар ол Ресейдің өзінде де шетелдіктерге қойылатын талаптар қатаң екенін еске салған.