Маңызды мәміле

2

0

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты.

Мемлекет басшысы бұл форумның екі ел үшін тиімді әрі мазмұнды болғанын атап өтіп, алқалы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Түркия тарапына алғыс айтты. Президент Қазақстанда түрік компанияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды.

«Қазір елімізде түрік капиталы бар 3800-ге жуық кәсіпорын табысты қызмет етіп жатыр. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Инвестициялық көрсеткішті арттыру үшін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Бүгінгі іс-шара бірлескен кәсіпорындар санын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум аясында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Түркияның «Fabe Agro» ком­паниясының басшысы Фатих Буданмен кездесті. Онда «Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге ар­налған жылыжай кешенін салу» инвес­ти­циялық жобасын іске асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

– Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын стратегиялық міндеттердің бірі – азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту. Қызылорда облысы – Қазақстандағы күріш өндіретін өңірлердің бірі. Еліміздегі күріш пен тұздың 90 пайыздан астамы біздің аймақта өндіріледі және өнімдер алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Өңірдің климаты картоп, көкөніс, бақша дақылдары және жеміс-жидектің барлық түрін өсіруге қолайлы. Маусымаралық кезеңде облыс тұрғындарын жергілікті әрі сапалы көкөніспен қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

2025 жылдың қыркүйек айында «Fabe Agro» компаниясының өкілдері Қызыл­ордаға келді. Сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлымен кездесіп, жо­баны бастауға қатысты келіссөздер жүр­гізілді. Бұл жоба қазан айында Мемлекет басшысы Қызылордаға жұмыс сапарымен келгенде таныстырылған болатын. Бүгінгі меморандум осы жобаны әрі қарай жүзеге асыруды көздейді.

Қазір жұмыс істеп тұрған жылыжай­лардан алынатын өнім қызылордалықтар сұранысының небәрі 1,5 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Сондықтан өңірде жылы­жай шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Осы ретте, құрметті Фатих Будан мырза, «Fabe Agro» компаниясының тәжіри­­бесін ескере отырып, Қызылорда облы­­сында жылыжай кешендерін салу бағы­тында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Біз әрбір инвесторға қолданыс­тағы заңнама аясында жер телімін беруге, даму инсти­тут­тарынан қаржылай қолдау алу кезінде құ­жат­тарын рәсімдеуге жан-жақты көмек көр­сетуге әзірміз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сол жағалаудағы көлемі 250 гектар ірі агроөнеркәсіптік жобаның жалпы құны 134,5 млрд теңге, оның аясында 250 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кешеннің өндірістік қуаттылығы жылына 45 мың тонна қызанақ өндіруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінде өңірде аумағы 12,1 гектар болатын 21 жылыжай, олардың қатарында «КазАгроМир» ЖШС-ның испандық заманауи технологиямен жабдық­талған, толық автоматтандырылған 2 гек­тарлық жылыжай кешені бар.

«СБ» ақпарат