Биыл Сыр өңірінде Халықаралық отбасы күніне орай 700-ге жуық іс-шара өткізіледі. Бұл туралы «Достық үйінде» өткен көшпелі брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов хабарлады.
Жыл сайын Халықаралық отбасы күнін атап өтуге байланысты шаралар кешені бекітіледі. Атап айтар болсақ, қайырымдылық акциялары, «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауы, «Отбасы ағашы» акциясы, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы «Толағай» спорттық сайысы, психолог мамандардың қатысуымен білім беру мекемелерінде ата-аналармен кездесулер сынды танымдық-тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады.
– Қазір облыста 17 мыңнан астам «Алтын алқа», «Күміс алқа» иесі мен 48 мың көпбалалы отбасы бар. Өздеріңізге белгілі, отбасы құндылықтары мен киелі шаңырақтың қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, рухани-адамгершілік тәрбиені дәріптеу үшін барлық аудандағы неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар кеңесі «Руханият орталығына» топтастырылды. Орталықтарда аға буын мен жастар бір-бірімен араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасады. Онда мәдени-көпшілік шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізіледі.
Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыс бар. Наурыз айында қала орталығында еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» пайдалануға берілді. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде құзыреттілік орталықтарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Жаңа нысан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдері үшін ортақ платформаға айналуда. Екі қабатты, 1000 орынға арналған заманауи ғимарат студенттерді халықаралық кәсіби шеберліктерін шыңдауға бағытталған жарыстарға даярлайды.
Сонымен қатар мұнда сарапшылар қауымдастығын дамыту, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастардың жұмысшы кәсіптеріне қызығушылығын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – дейді Руслан Қаюпов.
Басқарма басшысының айтуынша, Президент саябағы аумағында 300 орындық балалар тынығу лагері пайдалануға беріледі. Лагерь жеткіншектердің салауатты орта қалыптастыруына бағытталған спорт кешенінен, балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктардан, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған event-аймақтан, 5 киіз үй, ашық бассейн, ойын алаңдарынан және амфитеатрдан тұрады. Оған қоса, саябақта Ботаникалық білім беру орталығының (қысқы бақ) ғимараты салынуда. Бақ ішінде шетелдерде өсетін жасыл желек егіледі.
«Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Кешенде олимпиадалық бассейн, 2500 орындық спорт залы, сондай-ақ түрлі форумдар мен жиындар өткізуге арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған. Нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.
Аймақта бірқатар заманауи ағартушылық және мәдени нысандар ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, «Өнер орталығы», «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, «Оқушылар сарайы», тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты, сондай-ақ заманауи талаптарға сай салынған «Теннис орталығы» жастардың білім мен өнерге, спортқа деген қызығушылығын арттыруға, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған заманауи Инклюзивті спорт орталығы салынды. Орталықта балалардың спортпен еркін айналысып, денсаулығын нығайтуына және қоғамдық ортаға бейімделуіне барлық жағдай жасалған.
Брифингте басқарма басшысы дәстүрлі «Мерейлі отбасы-2026» байқауына құжат қабылдау басталғанын жеткізді.
– 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы биыл 13-рет ұйымдастырылады. Бұл – отбасы институтының және отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұлтымыздың әлеуетін арттыруға орасан зор үлес қосып келе жатқан бірегей жоба. Жыл сайын өткізілетін байқау өнегелі отбасыларды баршаға танытып келеді. Конкурсқа облыстан барлығы 3000-нан астам отбасы қатысты. Өткен жылы облысқа қарасты барлық елді мекеннен 231 отбасы өтінім берді. Биыл да жобаға қатысушылар белсенділігі жоғары, – дейді басқарма басшысы.
Құжат қабылдау 15 мамырдан бастап 15 маусымға дейін жүргізіледі. Конкурсқа өтінім беру процесі бұқаралық ақпарат құралдары мен облыстық қоғамдық даму басқармасы, қала және аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады.
Алдымен аудандық деңгейдегі комиссиялар құрылып, облыстық комиссияға ұсынылады. Жоба жеңімпаздарын комиссия құрамы сараптайды. Облыстық комиссияның оң шешімін алған отбасылар республикалық деңгейдегі конкурсқа жолдама алады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





