Қызылордада үш кезеңдік саяси оқыту бағдарламасының алғашқы легі аяқталды

5

0

Фото: «AMANAT» партиясы

Бүгін өңірде «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған үш күндік оқыту семинарының алғашқы кезеңі қорытындыланды.

Партиялық активтің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды білім беру бағдарламасына облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, партияның аймақтық және филиалдарының қызметкерлері, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен мүшелерінен жалпы 130 азамат қатысып, білімін жетілдірді.

Аталған оқыту бағдарламасы жалпы үш кезеңге жоспарланған. Қорытындыланған алғашқы кезең аясында қатысушылар заманауи саяси менеджмент пен мемлекеттік басқарудың негізгі бағыттары бойынша кешенді білім алды. Оқу барысында жеке көшбасшылық пен құндылықтық бағдарлар, өңірлік дамуды басқару, салық саясаты, бюджет жүйесінің деңгейлері, халықпен және командамен тиімді коммуникация орнату, саяси науқандарды ұйымдастыру тетіктері жан-жақты қамтылды.

Сонымен қатар стратегиялық ойлау, жобалық басқару, көпшілік алдында сөз сөйлеу және қоғаммен тиімді байланыс орнату бағытындағы практикалық дағдыларын жетілдірді. Бағдарлама көшбасшылық қабілеттерді дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға және партиялық бастамалардың сапалы жүзеге асуына негіз қалауға бағытталды.

Алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша қатысушылар арнайы тестілеуден өтіп, алған білімдерін тәжірибелік тұрғыда дәлелдеді. Бағдарламаның келесі кезеңінде олар өңірлік және қоғамдық маңызы бар жобаларын қорғап, бастамаларды іске асырудың нақты тетіктері бойынша қосымша білім алады.

Үш кезеңнен де табысты өткен қатысушыларға Партияның Саяси менеджмент академиясының арнайы сертификаты табысталады.

Аталған бағдарлама партиялық кадрлардың кәсіби даярлығын жаңа деңгейге көтеруге, қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімділігін арттыруға және өңірдегі белсенді азаматтардың басқарушылық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.