Қара жолда абай бол, қарағым!

487

0

жауапсыздық жантүршігерлік апаттарға соқтыруда

Жантүршігерлік жол апаттарының басты себептері жылдамдықты арттыру мен жауапсыздық екен. Бұған жолдың сапасыздығын қосыңыз. Жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен облыста күн сайын 20-дан астам жол-көлік апаты болады. Екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалып жатыр.

Қара жол бойындағы қасіретті жағдайлар азаймай тұр. Құзырлы органдар биыл өткен жылмен салыстырғанда жол апатынан қаза болғандардың саны 14 пайызға артып кетті деп дабыл қағып отыр. Жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғасы тіркелуде. 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алған.

Кейінгі 4 жылда, әсіресе, пандемия кезінде жол апаты динамикасы төмендеді. Бірақ шектеулер мен блокпосттар алынғаннан кейін бұл көрсеткіштер өсіп жатыр. Мысалы, биыл қаза тапқандар 18%-ға, жарақат алғандар 13%-ға өскен. Әсіресе, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол апаты деңгейі жоғары. Қазақстан бойынша барлық көлік оқиғасының 56 пайызы, жарақат алғандардың 55 пайызы және қаза тапқандардың 41 пайызы дәл осы өңірлерде тіркелген.

Тағы бір жантүршігерлік статистика – жол апатынан елімізде тәулігіне кем дегенде 5 адам ажал құшады. Қыршын кеткендердің арасында балалар да аз емес. Жыл басталғалы республика бойынша 5 млн-ға жуық жол ережесін бұзу фактісі ресми тіркелген. Оның 17 мыңы мас күйінде ұсталса, 20 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айрылды, 16 мың адам әкімшілік қамауға алынып, 188 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.

«Көп жағдайда апатқа себепкер – көлік жүргізу куәлігін сатып алғандар» дейді жауапты министрлік. Өйткені автомектептерге қойылатын талап жоқ, нәтижесінде сапа әлсіреген. Қазір еліміз бойынша 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензия мен рұқсат беру алып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Осының кесірінен оқу процесі формализмге айналды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ.

Өткен айда ғана Ақтөбе тұрғындары айналма жолды жауып, не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік белгілері жоқ деп жергілікті әкімдікке талаптарын айтқан еді. Бұл мәселеге Үкімет басшысы да назар аударған болатын. Ол көлік апаттарының негізгі себебі – жолдың нашарлығы деді. Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар.

Жүргізушілердің дені жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдында келе жатқан көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Енді қараңыз, статистика мәліметтеріне жүгінсек, тәжірибесіз жүргізушілердің, яғни көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмен көлік иелерінің үлесіне жол-көлік оқиғаларының тек 2 пайызы тиесілі екен. Жол апаттарының басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің тарапынан орын алады. Өздеріне тым сенімді жүргізушілер қауіпті тәуекелге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, өзгелердің өміріне де үлкен қатер төндіреді.

Жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі жол қауіпсіздігінің айқындаушы факторы болып отыр. Елімізде әрбір бесінші жол-көлік апаты жылдамдықты арттыру салдарынан болады. Әсіресе елді мекендерде, қала ішінде, ауыл көшелерінде жылдамдықты арттыру өте қауіпті екенін жүргізушілер ескере бермейді. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемі артса да, желік қуған көлік иелерінің жауапсыздығына бұл шектеулер тыйым болмай тұр. Нақты деректерге сүйенер болсақ, жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталған. Олардың кейбіреуі 150 рет жол ережесін бұзған.

Қазіргі уақытта жолдардағы өлім-жітім жол-көлік апатының негізгі үш түрінің динамикасына байланысты. Ең көп тіркелетін жол апаты – жаяу жүргіншілерді қағып кету. Жыл басынан бері Қызылорда облысы аумағында жаяу жүргіншіні қағудың 101 дерегі тіркелген. Екіншісі – көліктің аударылуы. Үшіншісі – жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соқтығысу. Жол-көлік апатының осы үш жағдайында қаза болғандардың жалпы саны еліміздегі жол оқиғаларынан көз жұмғандардың жартысынан көбін құрайды.

Жоғарыда айтылған қаралы сандарға ортақ бір себеп бар. Ол – жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Себебі сағатына 40 шақырым жылдамдықпен келе жатқан жүргізуші кез келген жағдайда, тіпті қарсы алдынан жаяу жолаушы жүгіріп шықса да, тежегішті басып үлгереді. Адамды қаққан күннің өзінде соққы өлімге алып келетіндей ауыр болмайды. Ал 80, 100, 120-мен келе жатқан автокөлік жаяу жүргінші үшін де, жүргізушінің өзі үшін де, қарсы бетте келе жатқан көлік иесі үшін де өте қауіпті. Мұндай жылдамдықтағы соққының салдары да, тартқызар зардабы да көп.

Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы елдегі жол-көлік оқиғаларына ең көп түрткі болған 5 себептің рейтингісін жасап шығарған. Оның негізгі параметрлеріне – жүргізушінің мас күйде көлікке отыруы, ауа райының қолайсыздығы, жолдың сапасы, автокөліктің жағдайы енсе, ең басты фактор ретінде  жылдамдықты асыру көрсетілген. Сондықтан жол тәртібіне жауаптылар жүргізушілерден қандай жағдай болсын жол ережесін қатаң сақтауды талап етеді.

«Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Жаны бар сөз. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі бірден-бір кепілдігі. Жолды жөндеуге болады, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру де – уақыттың еншісіндегі іс. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей жағдайдың оңға басуы қиын. Мәселе – заңның қатаңдығында емес, қоғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де төмендігінде екендігі көзге ұрып тұр.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<