Жеті тиын

422

0

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында бастауышта оқып жүрген кезіміз еді. Сабақтан қайтып келеміз, қасымда екінші класта оқитын қарындасым, қалтамда мектепте жұмсағаннан ауысқан он бес тиын бар, ол кездегі он бес тиын да – бала үшін әжептәуір ақша. Себебі, коржик, булочка сегіз тиын, пирожки төрт тиын және бұл тәтті-дәмділердің құнары қандай, соның өзіне тояттап қаласың. Орталықтың Ленин көшесіндегі №1 дүкеннің алдында шағын ларек, қазіргіше айтқанда, дүңгіршек болатын, жанынан өткенде жүрек жалғап кететінбіз. Ұмытқан жоқпын, ларекте үнемі үнсіз, тек сұраққа ғана жауап беретін бір әдемі апай тұратын. Сол кісіге он бес тиынымды беріп, бір коржик сұрадым. Коржигімді берді, қалған тиынымды қайтарған жоқ, басқа жаққа қарап үнсіз тұра берді. Коржикті қарындасыма ұстаттым да, қайтарылуы тиіс тиынымды күттім. Әдемі болса да, сұсты апайға сұрақ қоюға батылым бармай, біраз тұрып-тұрып шыдамым таусылған кезде: «апай, қалған жеті тиынымды қайтарыңызшы» дедім. Маған мүсін болып көрініп жүрген сырты әдемі апайым тесіле қарап: «қайтаратын ұсақ тиын жоқ, балақай!» деп қысқа қайырды. «Олай болса, маған тағы бір коржик беріңізші» дедім маған құнды болып саналатын жеті тиын үшін жаным күйіп. «Коржик сегіз тиын тұрады, ал сенің бір тиының жетпейді» деді әдемі апайым суық жымиып. Қойшы, сонымен не керек, сөздік қорым да таусылып, қарындасым екеуміздің төзіміміз де түгесілген кезде орнымыздан қозғалдық. Кейін ол жерден талай өттім, әдемі апайға көңілім қалғаны соншалық, ол жерден ештеңе алмайтын, тіпті айналып өтетін болдым. Біраздан соң дүңгіршек те,әдемі апай да басқа жаққа көшірілді ме, жеті тиынмен бірге жоқ болды.

Айтпағым, бала көңілдің базынасы емес, құнсызданып қағаз болуға қараған қаражатымыз, бүгінгі күннің бетімен кеткен базар бағасы туралы аз-маз ғана сөз қозғағым келген, қайдағы-жайдағы есіме түсіп кеткені.

Осы бар ғой, кеңес одағын жерден алып, жерге саламыз. Қазіргі тәуелсіз елде өмір кешіп жатқан көпшілігіміз сол қоғаммен бірге жасасып, біте қайнастық. Оқыдық, шоқыдық, қызмет еттік, қиындығы мен қызығына, ыстығы мен суығына куә да болдық, тікелей сезіндік те. Жоқ-жоқ, ұлтымызды талай ақтабан шұбырынды мен нәубет, зұлматқа ұшыратқан, жер-дүниенің алтыдан бір бөлігін әлем ағымына ілестіру былай тұрсын, кері тартқан кеңес үкіметін аңсап отырған жоқпын. Тек қажетке жарайды-ау деген тұсын құмнан алтын іздегендей шұқылап отырғаным ғой. Обалы не керек, ондай тұстары да жетерлік болатын.

1967 жылы №94 теміржол бекетінен Жаңақазалыға көшіп келдік. Бұл – енді қазақша айтқанда ес біліп, етегімізді жауып, мектепке барып жүрген кезіміз. Сол уақыттан бастап анамыздың  қолы  ұзарып,  бізді жұмсай бастаған. Ол кезде әр отбасында кемі бес-алты бала, ал орта есеппен тоғыз-он бала болатын. Большевик көшесінің соңғы жағында азық-түлік дүкені бар. Содан күнделікті тұтынатын ғана затымызды аламыз, иә-иә, тек күнделікті тұтынатын, ұнды ғана қаппен алатынбыз. Үлкеннің де, кішінің де «ертең мына зат болмай қалады-ау, күні ертең мына заттардың бағасы көтеріліп кетеді-ау» деген уайым ойына да кіріп шықпайтын. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасынан 1990 жылдарға дейін тұрмыс қажеттілігіне пайдаланатын тұтыну заттарын былай қойғанда, азық-түлік және өзге заттардың бағасы, ақ нанның бір көмеші 24 тиыннан, қара нан 16 тиыннан, қанттың 1 келісі 88 тиыннан, бір қорап сіріңке 1 тиыннан, кірсабын  19  тиыннан,  көкөніс-бақша дақылдарының барлық түрлері нақты бір бағадан, жарыққа төлем бағасы 4 тиыннан өзгерген жоқ. Ол уақытта бір жағы мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына сәйкес әрі қарапайым халық арасында  қазіргідей қажеттілік туындамаған соң, валюта бағамы дегенді күнделікті қадағалап отырумен көпшіліктің шаруасы болмайтын. Жоғары кластың «Қоғамтану» оқулығында 1 доллардың кеңес сомына шаққандағы бағамы 78 тиын еді және мұқтаждық болмаған  соң, оның өзгеріске ұшыраған-ұшырамағаны  Одақ  тарағанша жай халықты қызықтырмаған.

Мейлі саясаткер болайық, мейлі шаруа, діндар, қатардағы кез келген бір кәсіп иесі болайық, осы көпшілікке қатысты бір ғана шындық ол – сананы тұрмыс билейтіні. Дана халқымыз «Бір күн аш жүрген адамнан алты ай ақыл сұрама», «Ораза, намаз тоқтықта, егер пенде аш болса, сәлдесі қалар боқтықта» деп, сахара саясаты ретінде кейінгі ұрпаққа айтып қалдыра берген. Ел басшысынан бастап, еңбектеген балаға дейін тамағы тоқ болмаса, қарны ашса алаңдай бастайтыны ақиқат. Көп нәрсе осыдан бастау алады. Қысқаша ғана өткенге жасалған шолу қазіргі ұрпақ үшін ертегі сияқты болып естілетінін де түсінуге болады. Кеңестік қоғамға сәл ғана шегініс жасап, артыма қайырылғандағы мақсатым – ол қоғамды аңсау емес, өткеніміздің озығына тағы бір мәрте ой жүгіртсек, тозығынан түңіле білсек, өміршең қағидаларын екшеп алып қажетімізге жаратсақ, одан ұтпасақ, ұтылмайтыныз туралы айтқым келгендегім еді.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<