Тасбөгеттіктердің денсаулығын кім ойлайды?

248

0

Фото: Төртінші емхана парақшасынан

Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздайтыны шындық. Тасбөгет кентіндегі №4 емхананың тыныс-тіршілігі өте нашар екенін айтып та, жазып та келеміз.

Естеріңізде болса, 1997 жылы Сырдария ауданының тарауына байланысты бұрынғы ескі аурухана мен емхана азып-тозып құрдымға кетіп, орны ғана қалды. Бұрынғы байланыс бөлімінің ғимаратын №4 қалалық емхана етіп, Тасбөгет халқына қызмет көрсетуге берді. Сол кезеңде халық саны 22 мың еді. 2023 жылдың есебі бойынша 40 879-ға жетті. Бұл халық екі есе артты деген сөз.

Емхана күнделікті шамамен 400 адам қабылдауы керек екен. Алайда, жағдайдың жоқтығынан кент тұрғындарына заманауи медициналық көмек пен қызмет көрсетуге толықтай мүмкіншілігі келмейді. Бұл ғимарат 1984 жылы пошта және АТС-ке арналып салынғандықтан, кабинеттері мен дәлізі өте тар. Кабинеттерде ішкі ауаны сыртқа сору жүйесі қарастырылмаған. Осыған байланысты бүгінгі емхана заман талабына сай еместігін аңғаруға болады.

Сырдария ауданы кезінде коммуналдық саланы басқарып, халыққа қызмет жасағандықтан, бүгінгі емхана жайын көзіммен көргендіктен, қызметкерлердің қиындықпен жұмыс жасап жатқанын билікке жеткізуді жөн көрдім. Мысалы, бір кабинетте әр учаскеге қарасты 1 дәрігер мен 3 аяжан науқастарды қабылдап, қызмет көрсетуі тиіс болса, сол бір кабинетте 3 дәрігер отырып пациенттерді қабылдайды. Сіз бұған не дейсіз? Тіпті, науқастарды жеке қабылдайтын кабинет жоқ. Қиын жағдайды көзбен көргесін сырқаттар мен Тасбөгет халқының денсаулығының жайын ойлап, осы хатты жазуыма тура келді. Көзбен көргендегі шындық осы еді.

Бір жағынан жағдайы жоқ жерде қандай дәрігер тұрақтап қызмет атқара алады? Емханада маман дәрігерлер де жетіспейді. Учаскелік дәрігерлер жиі ауысады. Кейде ол да болмай қалады. Міне, №4 емхананың бүгінгі кешіп жатқан жай-күйі. Оңалту кабинеттері атымен жоқ. Ал емхананың әкімшілік қызметкерлері мен  «Жедел жәрдем» бөлімі кабинеттер жетіспеуі салдарынан жалдамалы жеке ғимараттарда отыр. Оның жалдау ақысы қымбат.

Киім-кешек қабылдап алатын жердегі кіші қызметкерлердің тірлігі адам аяйтындай. Онда электр желілері топтасқан. Бір күні сол тоққа біреудің қолы тиіп кетсе не болады? Осыдан-ақ бүгінгі емхана жайын біле беріңіз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деген еді өзінің сайлауалды бағдарламасында. Денсаулық саласы заманға сай қызмет көрсеткен жағдайда ғана салауатты ұрпақ, дені сау адам қатары артпақ. Мемлекет басшысы денсаулық саласы қызметінің сапасын арттыру жайлы жиі айтып келеді. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауының арқасында бірнеше елді мекендерде жаңа нысандар ашылғанын жақсы білеміз.

Сондықтан Тасбөгет кентінде 40 мыңнан аса халық тұратынын ескеріп, заманауи талапқа сай етіп, жаңадан емхана салса деген ұсынымыз жерде қалмаса екен дейміз. Осыған байланысты бүгінгі жергілікті билік басында отырған азаматтар мен жаңадан сайланған депутаттарымыз қозғау салса екен. Өйткені, біздің еліміз – қуатты, өркениет қатарына қадам басып келе жатқан мемлекет.

Олжабай ТОБАҒАБЫЛОВ,

коммуналдық саланың құрметті ардагері,

Тасбөгет кентінің тұрғыны

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<