Дәстүрдің озығынан тозығы қымбат

1078

0

Фото: ашық дереккөз

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан асыл дініміз – Ислам діні Тәуелсіздік алған тұстан бастап өзгеше қарқынмен жаңа арнаға бет бұрғаны баршаға аян. Оған діни баспалардың, көптеген діни газет-журналдардың, интернет-сайттардың ашылуы, бұқаралық ақпарат құралдарында діни бағдарламаларға еркіндік беріліп, мектептерде дінтану пәнінің енгізілуі, жер-жерде мешіттердің көптеп бой көтеріп, ішіндегі жамағат қатарының ұлғая түсуі – осының бәрі ел тұрғындарын имандылыққа үндеудің айқын дәлелі.

Әрине, осы және өзге де оң өзгерістердің белең алып келе жатқаны, Аллаға шүкір, жасырын емес. Ежелден мұсылман болып есептелетін халқымыз үшін мемлекетіміздің бұл тұрғыдағы жүргізіп отырған саясаты көпшіліктің оң жамбасына келгені анық.

Алайда, қай нәрсенің де екі жағы болатыны сияқты, «әттегенайлардың» да ілесе жүретіні өмірдің ащы шындығы. Пенде дәм-тұзы таусылып, жанын хаққа тапсырды делік. Мұндай жағдайда ең алдымен кезек күттірмейтін міндет – мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу, рәсімге сай шығарып салу, жерлеу. Ал, мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, дастархан даярлығы, қонақ күтудің қамына кірісіп кетуді шариғат мақұлдамайды. Жасыратыны жоқ, қазір де, қынадай қысқан қымбатшылыққа қарамай, өзіміз де арасында болып, тікелей атсалысып та жүрген ағайын-туыс, көрші-көлем, жақын-жуықтың шаңырағында кездесіп қалып жататын топырақты қазасында қалың көпшілік  шариғат шарттарымен шатастырып алып жүрген «өлім қойдай, жаназа тойдай» деген тәмсілді еске салатын шектен шыққан ысырапқорлық белең алып барады. Обалы не керек, дін өкілдері айтпай жүрген жоқ, өздері болған жерлерде дінде міндет болып саналмайтын жат әдеттердің, ысыраптың, өлік жөнелтудегі шектен шыққан өрескел ғұрыптарды шариғат мақұлдамайтынын естір құлаққа айтудай-ақ жеткізіп жүр. Бірақ, біздің Қазалы өңірінде жақын арада жат қылықтан арыла қоятын сыңай байқалмайды.

Бірнеше бөлмеге жасалған, тропикалық жемістер мен теңеу үшін айтқанда құстың сүтіне дейін табылатын аста-төк дастарханнан бөлек, мәйітті шығарып салғанша сойылатын ірілі-ұсақты мал, жаназа намазының үстінде шығарып салу рәсімі аяқталмай жатып, ақшұнақ аяз бен аптап ыстықта қайтыс болған адам пайғамбар с.ғ.с. жасынан, яғни 63-тен асты дегенді себеп қылып, тақыр атауымен сап түзеп жиналған жүздеген адамға 500 теңгеден және бір қауым болып бөлек отыратын әйелдерге де тиісінше ақша тарату, ата ұлдары үшін деп әр руға атаған 5 мың теңгесі мен шапаны, мәйіт жасы келген кейуана болса, сандық ашу деген желеумен жүздеген әйел адамдарға қымбат матадан жыртыс рәсімін ұйымдастырып ұшына ақша түйіп, қасына шағын қорап шай қосу, өзге де әртүрлі рәсімге шығындалатын қаражат, бардың малын шашып, жоқтың артын ашатын есепсіз ысырапқорлықтың ешқандай шариғат шарттарымен сыйыспайтыны – дін ғұламаларының пәтуа, тәпсірлерімен ерте заманнан-ақ дәлелденген.

Егер хадистерден мысал келтіретін болсақ, сахаба Жағыпар қайтыс болғанда Алланың елшісі Мұхаммед с.ғ.с.: «Ей жамағат, Жағыпардың жақын-жуықтары оны ақ жуып арулап, шығарып салудың ісімен айналысып жатыр, оларға салмақ салып, ауырлық түсірмей ол шаңырақтың мұқтаждығы үшін көрші-көлемнен ас әзірлеп беріңдер» деген. Алла елшісінің осы сөзінен-ақ, қаралы шаңырақты әуреге салып, оларға қиыншылық келтірудің мұсылман амалына жатпайтынын аңғаруға болады. Ал көпшілігіміз тікелей арасында болып, қатысып та жүрген өзіміздің өңірдегі жаназа намазындағы жоғарыда айтып өткен өрескелдіктерден өзге сыпырып-сиырып дастархан тонау, қаралы үйге түк қатысы болмаса да, жасы бар, зейнетке шыққан жасамысы бар, тұрмыс жағдайлары ешкімнен кем емес, көпшілікке танымал болып қалған, шаңырақ иесіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын және өздері де кімнің шаңырағына келіп жатқандарын да білмейтін, сапқа тұрып  тиын-тебен алып, молшылыққа толы дастархан басында емін-еркін қалауынша отырып ішіп-жеп болып, жел қуған қаңбақтай тағы сондай жер іздеп жөніне кете беретін де пенделер бар.

Жезқазғанның Сәтбаев қаласында қырық жылдан аса тұрған немере ағамыз өмірден өтіп, жаназасына қатыса алмай, қырық күндік садақа асына бардық. Азалы ас мешітке таяу жердегі шағын асханада өтті. Жергілікті жерден, тыс жерлерден жиналған ағайын-туыс, құда-жекжат, бірге оқыған, қызметтес болған дос-жаранның шамасы жүз қаралы адам болды. Бір столға он адамнан отырдық. Ақырындап дастархан мәзіріне назар салдым. Әр столда екі поднос, әрқайсысында шағын ыдыстарға салынған печенье, қант, құрма, өрік-мейіз, нан, май. Бұдан өзге артық ештеңе байқамадым. Шайды орталай бергенде әр столға шағын екі тарелкамен палау әкелінді. Ас үстінде елден келген және қызметтес болған бірер азаматтың естелігі тыңдалды. Молда уағыз айтып, соңынан Құран бағышталды, рәсім бір жарым сағатта аяқталды. Қазалыдан барған ағайындар үшін қазалы рәсімге сәйкес болып өткізілген бір ерекшелік – садақа асы үстіндегі өлі тыныштық, мұңмен айтылған естелік, молда айтқан уағыз, насихатқа көпшіліктің үнсіз назар аударуы, ас соңынан дастархан үстінен бірдеме ала кетуге бір қапталда бөлек отырған әйел затының қол созбауы. Ал жылдар бойы қаралы шаңырақта қонақ жайлаудың шариғатқа сай келмейтін, қазақтың қарабайыр тілімен айтқанда бардың малын шашып, жоқтың артын ашуға әкеліп соқтыратындығы туралы дін қызметкерлері тарапынан да, аудандағы үлкендер, белсенді азаматтар тарапынан да талай мәрте сөз қозғалып келе жатса да, біздің өңір туралы бұлай айтуға әлі де уақыт керек сияқты. Тіпті соңғы уақытта көршілес Арал ауданында, Сексеуіл, Төретам кенттерінде мәйіт жөнелту мәселесінде ысырапқа жол бермеу туралы көпшілік бірауызды пәтуаға тоқтам жасап және оның  дін өкілдері, рубасы ақсақалдармен қадағалана бастағанын, сол жақтағы ағайынның ас-садақасына барып келген адамдар үлгі қылып айта да бастады. Жаратушы баршамыздың да басымызға іс түсірмей-ақ қойсын, аманшылығымызды берсін. Әйтсе де, жаман айтпай, жақсы жоқ дейді ғой халқымыз. Ендігі жерде де айналамызға қарап бой түзесек, бірауыздан бастама көтерілсе, оған халық қолдау білдіріп атсалысса, бәсекесіз, ысырапсыз, салт-дәстүрдің озығына ойысып, тозығынан теріс айналатын өмір салтын қалыптастырып, осы өмір салтын саналы түрде жалғастыратын ұрпақтың өсіп, өніп, өркен жайып, көктеп, көгеріп, көбеюіне күш салса да кеш болмас еді.

Әлімжан ҚИЯС,

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<