Майдан хаты неге үш бүктелген?

2353

0

Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті аз айтылған жоқ. Алапат соғыстың бағасын адамзат әлі күнге бере алмай келе жатыр. Тұтас тағдырларды теңселтіп кеткен соғыс кезеңін кең панорамада көрсетуге эпистолярлық жазбалар, яғни, ұрыс даласы мен бейбіт өмірді жалғаған жауынгер хаттары септігін тигізді десек, артық айтқандық емес.

Хат жанры – ерте заманнан бері келе жатқан адамдардың қарым-қатынас құралдарының және мәдени, тарихи мәні зор жазба тілдің ежелгі формасының бірі. Жауынгер хаттары – солдаттың елге деген сағынышы ғана емес, майдан өмірі, окоп шындығы. Дала почтасынан жолданған бұл хаттардың көбі бүгінгі күнге жеткен жоқ. Алайда, елім деп еңіреген ерлердің үшбу сәлем хаттарын еміренген елі, асыл аналар көздің қарашығындай сақтап, ұрпағына рухани мұра қылып жеткізе алды. Сағынышқа толы сол хаттар облыстық музей төрінен орын алып отыр.

Өмір мен өлімнің арасында от кешіп жүрген жауынгерлердің сағынышты сәлемдерін жеткізген осынау үшбу хаттарды ауылда қалған қариялар мен әйелдер, әсіресе балалар қаншалықты сарғая күтті десеңізші! Осындай шынайы хаттарда әрбір жеке адамның ауызша айтыла бермейтін нәзік сырларды білдіретінін, сол уақыттағы көңіл-күй мен көзқарасын сипаттайтынын да ұғыну қиын емес. Демек, хат дегеніміз – жазылған уақытындағы тұтас бір қоғамның психологиясын, танымын, талғамын ойлау жүйесін ашық жайып салатын өте құнды дүние.

Соғыс уақытындағы жақын адамдардың бір-біріне жолдаған хат-хабарлары енді жеке дүние емес. Бұл – қазір бір дәуірдің тарихы. Мазмұны әртүрлі, дегенмен ұқсас. Хаттар адамдардың тағдырын, олардың сезімдері мен ойларын бейнелейді. Жіті мән берсек, каллиграфияның ұқыпты не ұқыпсыз жазылғанын көруге болады. Ол ұрыстардың арасында жауынгерге хат жазуға қанша уақыт бөлінгеніне байланысты болған.

Үшбу хаттар – бұл майдан хаттары. Хатты осылай буу дәстүрі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалыптасты. Майдан хаттары неге үшбұрыш формасында болды? Шын мәнісінде ойландыратын сұрақ. Қызығы, бұған бір емес, екі себеп болған.

Майданның қиын жағдайында қағаздың өзі  тапшы болған уақытта конверт пен мөрді іздеп табу тіпті мүмкін болмады, сондықтан почтаның «мобильді» нұсқасы ойлап табылды. Хат жазу үшін қағаз орамасы, тіпті темекі қорабы да пайдаланылды.

Хаттың арнайы конвертке салынбай, үш буылуының тағы бір себебі – жауынгерлер жазған әрбір хаттың әскери цензураның тексеруінен өтуінде еді. 

Айта кетейік, әскерлердің орналасқан жерін және қызметке қатысты басқа да ақпаратты беруге қатаң тыйым салынды. Жауынгерлер бұл ережені білді, дегенмен соғыстың құпия тұстары хаттарда еріксіз белең алғаны жасырын емес. Кей құпия ақпаратты цензор сиямен бояп жіберіп отырса, жолы болмағандар тізімі КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне жолданатын. Ауыр жағдайларда ату жазасына да кесілетін.

Көп жағдайда хаттың орыс тілінде жазылуы талап етілді. Егер хат жауынгердің өз ана тілінде жазылса, көрсетілген мекен-жайға кешігіп жететін. Өйткені, хаттар арнайы аудармашылардың алдынан өтіп, құпия ақпараттың жоқ екеніне көз жеткізіліп барып, жөнелтілетін. Заман қиын болды және жағдай осындай әрекеттерді талап етті.

Парақ үшбұрыш формасында бүктеліп, бір жағына жауынгердің өзі жайлы деректер мен алушының мекен-жайы берілсе, артқы бөлігіне хаттың мәтіні жазылатын. Почта қызметкерлері туыстарының сарбаздан жаңалық күтетінін түсініп, жауапкершілікпен жұмыс жасады. Бастысы, осындай үшбу қағазды алу ана немесе оның сүйікті жары үшін үлкен қуаныш болатын.

Соғыс уақытында хаттың конвертте немесе жай үшбұрыш түрінде келуі өте маңызды еді. Неге?

Егер үшбу хат келсе, ұлының, күйеуінің не әкесінің тірі екенін білдіреді. Себебі хаттың бұл түрін тек жауынгердің өзі жазатын. Егер конвертке салынған, мөрі бар ұқыпты хат келсе үйдегі әйелдер бірден жылай бастайды. Өйткені бұндай хаттар – отбасы үшін қаралы хабар еді. «Қаралы қағаз» деп жиі еститініміз осы. Барлық ресми құжаттар конвертке салынып, мөр басылып жіберілетін. «Қаралы қағазды» халық сандығында ұзақ сақтауды жөн көрмеген. Талайы бүгінгі күнге жетпей, өртеліп кетті. Дегенмен, Сыр елінің тумасы, майданда қаза болған батыр Қара Арысбаевтың отбасына келген «қаралы қағаз» музей экспозициясында орналасқан. 

Сұрапыл соғыс жылдарында майдан алаңындағы жауынгерлер мен шалғайда қалған туған-туысқандардың арасын хаттар жалғастырған. Сол хаттарда сарқылмас сағыныш, терең ой, мәңгілік махаббат пен қалың ормандай қайғы-қасірет те бар. Арада 80 жылдан астам уақыт өтсе де, сарғайған қағаздарды қолға алып оқыған адамның жүрегі елжіремеуі мүмкін емес…

Соғыс аңызына айналған үшбу хатты жауынгерлер қалай бүктеген? Хатты бүктеу бес қадамнан тұрады. Бірінші, ақ парақты оң жақ бұрышынан үшбұрыш формасында бүктейміз. Екінші, сол жақ бұрышын үшбұрыштың белгіленген нүктесіне дейін тағы бір бүктейміз. Байқасаңыздар, үй шатырына ұқсас фигура пайда болды. Бұл отбасы жылылығын беретіндей әсер қалдырады. Үшінші, қалған төменгі бөлігінің оң бұрышы ішке бүктелсе, төртінші, сол бұрышы ішке қайырылады. Бесінші, төменгі бөлік қайырыла бүктеліп, үшбұрыштың бірінші қалтасына салынады. Міне, осылайша үшбу хат дайын болады.

Екінші дүниежүзілік соғыс әрбір адамның жүрегінде өшпес із қалдырды. Миллиондаған адам өмірін қанды қырғынға ұшыратқан сол бір соғыс дауылының алапат кезеңін адамзат еске алумен келеді. Ел басына күн туғанда қар жамылып, мұз төсенген ерлер бүгінгі бейбіт күнді ұрпаққа әперу үшін бастарын бәйгеге тіккенін қалай ұмытарсың?!

«Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін» деп шайқасып, байтақ елдің маңайына жауды жуытпаған кешегі өрімдей жастар елімізді, жерімізді көздің қарашығындай қорғап, қан төгілген майдандарда алғы шепте жүрді. Олардың халық қамы үшін көрсеткен ерлігі, өздерін құрбандыққа шалғаны кейінгі ұрпақтар санасына жалынды жігер, өр намыс, өшпес өнеге сыйлары анық. Мейлі қай дәуір, қай мезгілде болсын, ұлтымыздың ұлылығын айғақтар асыл қасиеттері – біз үшін зор мақтаныш.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<