Құрылтай құндылықтарды қанаттандырды

460

0

Елдің ертеңін бағамдап, жоспар, бағдар жасап, өткеннен сабақ алып, қорытынды жасап, келісіп келелі жиын, кеңес өткізу біздің салт-жорамызда бұрыннан бар. Президент осы дәстүрді негізге алып, екінші Құрылтайды көне шаһар Түркістанда өткізді. Алғашқысы Ұлытауда өткен болатын. Бұйырса, үшіншісі Сарайшықта деп белгіленіпті. Байқап отырғанымыздай, біз капиталистік қоғамға кіре, алып айдынға ескексіз қайықпен шығып кеткендей қалтылдап, нарықтық экономиканың заңдылықтарын сақтаймыз деп жүргенде ұлттық мүдде, тарихи танымнан ажырай бастадық. Дарияның екі жағалауы сияқты біріне жақындасаң, бірінен алыстай беретін мұндай кезеңде орта жол табу оңай шаруа емес. Осы тарихи орындарға жиналып, жан-жағымызды түгендеу арқылы біз тарихи жадымызды біршама жаңғыртамыз деп ойлаймын.

Бұл жайында Қасым-Жомарт Кемелұлы:

– Сөз басында бірден атап өтейін, Ұлттық құрылтай бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтай еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді, біз мұндай оқиғадан сабақ алып, нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен біздің береке- бірлігімізді сынға алады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік қажет екенін айқын көрсетеді, – деп атап айтты.

Меніңше, осы құрылтайда елдің көңілін күпті қылып жүрген тағы бір даулы мәселеге нүкте қойылды. Ол – қазақтың байтақ жерінің шетелге сатылмауы. Елдігіміздің айқын айғағындай болған шекарамыз бен ұлан-байтақ мекеніміздің бір қарыс жері де, бір уыс топырағы да берілмейтіні нық сеніммен айтылды. Тағы бір көтерілген мәселе – бұл руханиятымыздың бастауы болған кітап пен кітапхананың жайы. Президентіміздің Түркияның астанасы Анкарадағы тәулік бойы жұмыс істейтін, келушілерге барынша жағдай жасайтын алып кітапхананы мысалға алып, елімізде де осындай дүниелерді қолға алу керектігін айтуы  – үлкен жақсылықтың нышаны. Ендеше бұл да – кезек күттірмей қолға алатын  дүние.

Елдің екі шекарасы бар, бірі – мемлекеттің географиялық шекарасы болса, екіншісі – ақпараттық шекара. Ал қазіргідей күн сайын ағылған ақпарат пен түрлі ағындарға төтеп беру өте қиын. Адами құндылықтардан ада қылуға үгіттейтін ойындар, шоулар, кинолар, басқа да медиа өнімдер біздің ертеңге деген алаңымызды үдете түскендей. Президент бұл жайды да назардан тыс қалдырған жоқ.

– Қазір батыс елдерінде «антиинфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдары арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпараттарға, әсіресе, жалған мағлұматтарға зор күмәнмен қарайды, яғни, адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын секілді құбылыстарды жоққа шығаруда. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылымсымақтар бар. Бұл  құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар мен ықпалды елдер тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы бұдан да басқа көптеген мәселелер мен шешілу тетіктері бірге талқыланған бұл құрылтайдың алдағы уақытта оң нәтижесін көреміз деп сенеміз. Ең бастысы, елдің іргесі аман, айналамыз бүтін болсын!

Мұхтар Ниязов,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<