Өнерге қанат қаққандар

888

0

Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген тұжырымының астарында осынау киелі аспапты құрметтеуге қатысты ой жатыр.

Адамдардың бәрінің бірдей музыкаға қабілеті бола бермейді, дегенмен музыканы сүйіп тыңдайды. Демек, ол – адамдардың рухани қорегі. Әсіресе, домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ. Әр қазақтың төрінде үкілі домбыра мен қайыс қамшы ілініп тұруы қажет. Ол аспаптың құлағында ойнайтын перзентіңіз болмаса да, немерелердің домбыраны қолына алып, әдемі ән мен күйді орындап бертініне сеніңіз. Бауыржан Момышұлы: «Мен қолына домбыра ұстаған қазақтың қара баласын көрсем қуанамын. Сол баланың бойынан имандылық, тазалық, қазақ өнеріне,соның ішінде қастерлі домбыраға деген махаббатын сеземін» деген екен.

№267 орта мектеп жанында көркемдік-эстетикалық балалар орталығы бар. Орталықтың мақсаты – оқушыларға қосымша білім бере отырып, түрлі қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстыру, білімін шыңдау,  үлкен сахнаға дайындау. Биыл орталықтың ашылғанына сегіз жыл толды. Осы жылдар аралығында үйірмеге келген балалардың арасында аспаптың  пернелерін басып, тартпақ түгілі, қалай ұстауын да білмейтіндер болды. Білім мен шығармашылықты қатар ұстап жүрген кәсіби білікті ұстаздардың арқасында жас өнерпаздар  бірнеше сайыстарда жүлделі орын иеленді. 

Көркемдік-эстетикалық балалар орталығының биылғы оқу жылында жеткен жетістіктеріне тоқталсақ. Былтыр қазан айында «Атадан мұра» қорының ұйымдыстырумен Түркістан қаласында өткен  «Ұлы дала ұрпағы» V республикалық байқауында «Әлқисса» домбырашылар ансамблі бас жүлдені иеленіп, суперфиналға жолдама алды. Аспаптық өнер (фортепиано аспабы) бойынша Zhuldyz art Kazakhstan халықаралық  байқауында Чагай Аслан бас жүлде, Нағашыбекқызы Ақсүйрік І орын иеленді. Республикалық «Ақберен» күйшілер байқауының қалалық кезеңіне  Әнуарбеков Аят қатысып, жүлделі ІІ орын иеленді. Шәкірттер  Қызылорда қаласында «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Дала сазы» республикалық байқауында  лауреат атанды. Атап айтатын болсақ, қобыз үйірмесінің оқушылары Әбдіраш Балнұр І орын, Батырхан Раян І орын, «Қос ішек» дуэті Алпысбай Ерқанат пен Сүлейменов Нұрдәулет ІІ орынды иеленсе, ең жас  қатысушымыз Ермекбай Бибінұр дипломант атанды. Байқауда жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға Алматы қаласында өтетін халықаралық байқау жолдамасы табысталды.

Қызылорда қаласында «Жеті өнер»  шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен  «Қазақстан үміті» VI республикалық  байқауында дәстүрлі ән, ансамбльмен ән салу өнері  бойынша Ханзада Сырым бас жүлде иеленді. Оған Алматы қаласында өтетін халықаралық байқауға тегін жолдамамен бірге Астана қаласында  «Bilim orkenieti»  ұлттық- инновациялық ғылыми зерттеу орталығының  ұйымдастырумен өтетін дарынды оқушылар форумына 15% жеңілдікпен қатысуына сертификат табысталды.  І республикалық «Керуен» байқауында «Реверанс» би тобы ІІІ орын иеленді. Өнерпаздарымыз мектептің ғана емес, облыс мақтанышына айналып отыр.

Қазір жаз мезгілі болғандықтан, барлық білім беру орталықтары демалыста. Дегенмен ата-аналар өз балаларының болашағына бүгіннен мән беріп, ақысыз негіздегі  осындай орталықтардан  қосымша білім алуына атсалысса, артық болмайды.

Үйірмеге мектеп қабырғасындағы барлық оқушының қатысуға құқығы бар, тек ынтасы мен еркі болса жеткілікті. Қатысушылар ең алдымен мәдениетке,  эстетикалық тәрбиеге және тәртіпке үйренеді. Жалпы мектептерде негізгі сабақтарға көп көңіл бөлінеді. Ал көркемдік-эстетикалық балалар орталығындағы домбыра, қобыз, баян, фортепиано, вокал, би  үйірмелерінде әр баланың бойына бейіміне қарай қажетті қағидалар сіңіріледі. Олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуы үшін біліммен қатар өнер және спорт үйірмелеріне қатысуын қамтамасыз ету – әрбір ата-ананың борышы.

Сабила РАХЫМШАЕВА,

№267 орта мектептің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<