5G: Аңыз бен шындық

309

0

Соңғы уақытта 5G-дің мүмкіндігі мен қаупі туралы толғам көп. Бірі бұл технологияны болашақ кілті көрсе, енді бірі мемлекет қауіпсіздігіне төнер қатер санайды. Алып компаниялар да жаңалықты нарыққа шығаруға тартынып, тек там-тұмдап өнім ұсынуда. Содан болар, бүгінге дейін әлем елдері 5G жүйесін толық қолданысқа енгізе алмай келеді. Сонымен тың технологияның сыры неде, артықшылығы қайсы?

Бұл жүйе – 4G-дің жетілген нұсқасы. Жетілгені сонша, 4G-ден мың есеге дейін жылдам әрекет етеді. Мәселен, қолданушы толық метражды фильмді ап-анық күйінде бірнеше секундта-ақ жүктей алады. Бұл нарыққа жаңа формат, қосымша құрал да енгізуі мүмкін. Алайда басымдық бизнес үрдісінде дамытуға арналары анық. Себебі, заманауи кәсіп әлдеқашан цифрланған. Енді оған өнімділіктің жаңа түрі қажет.

5G мобильді желілерін енгізу – әлемдік тренд. Бұл өз кезегінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Алдымен жоғары жылдамдықпен алыстағы ауыл-аймақтар мен қала сыртындағы елді мекендерді қамтамасыз етпек. Интернет жоғары жылдамдықта болса, телемедицинаның дамуына септігін тигізері сөзсіз. Біздің елдегі мектептердің жартысынан көбі ауылдық елді мекендерде екенін ескерсек, заманауи сандық білім беруде байланыстың бесінші буынының көмегі зор болмақ. Сондай-ақ, 5G қымбат технология болғанымен, барлық абоненттердің сапасы артып, трафик бағалары төмендеуі мүмкін. Оған қоса, IT саласының дамуына және мемлекетті цифрландыруға үлесі көп болары анық.

Жалпы Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша соңғы он жылда елімізде желіні дамыту мен жабдықтауға 1 трлн теңге инвестиция салынған. Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5G технологиясын енгізу де жоспарланған. Наурыз айында Президенттің қатысуымен өткен мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі кеңесте 5G ірі қалаларда енгізілетіні айтылды. Қазіргі таңда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 5G пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Осы орайда жаңа технологияны дамытуда қаржыны байланыс операторларының өздері салады. Тіпті 5G желісін бірнеше оператор бірлесіп пайдалануы ықтимал. Мұндай тәжірибе өзге елдерде сәтті нәтиже көрсетуде. Мысалы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттері желіні бірнеше операторларға беріп, ортақ бір желіні бірге пайдалануға мүмкіндік берген екен.

Сонымен 5G-дің қаупі қандай? Мамандар Қытайдың 5G жабдығы, чиптері, бағдарламасы басқа мемлекеттерде тыңшылық жасауы мүмкін деген пікірде. Мәселен, өткен жылы Австралия өзінің телекоммуникациялық операторларына Huawei және ZTE компанияларының 5G жүйесін алуына тыйым салған. Ал Verizon мен оның бәсекелесі AT&T болса, Huawei телефондарын сату жоспарын тоқтатқан болатын.

Иә, 5G-дің артықшылығы көп, кемшілігі де бар. Алдағы уақытта қауіпті тұсы ескеріліп, өзгеріс те енер. Дегенмен бір білеріміз, алдағы онжылдықта жаңа жүйені қолданысқа енізуіміз кезек күттірмейтін қадамға айналатын секілді. Осы орайда жаңа технологияны бүгіннен меңгерсек, көшке еруіміз оңай болары белгілі.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<