Анти-инфлюенсер: Қоғамды сауықтыратын күш

596

0

Жақында Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту мәселелері туралы айтқан болатын. Президент қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатқанын атап өтті.

– Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға, яғни, fake news-қа зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер бар. Ал жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударған дұрыс екенін айтты. Себебі, бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін.

Анти-инфлюенсерлер туралы айтпастан бұрын, инфлюенсер дегеннің өзіне тоқталсақ. Бұл ұғым бізге батыстан келген. «Ықпал ету» деген мағынаны білдіреді. Іс жүзінде бүгінде жарнама арқылы ақша тауып жүрген кез келген блогер инфлюенсер саналады. Сонымен инфлюенсер дегеніміз – өзіндік пікірі мен таңдауы адамдардың қызығушылығын оятатын ықпалды адам. Түсінікті сөзбен айтқанда, біздің кумиріміз. Ал анти-инфлюенсерлер – әлеуметтік медиадағы осы ықпалды адамдармен проблемалық қарым-қатынасқа қарсы адамдар.

Себебі, олар желі қолданушыларының өміріне, белгілі бір қоғам назарын аударған жайттарға деген жұртшылық көзқарасына әсер етеді. Әлеуметтік медиа мен пайдаланушы мінез-құлқы саласында әзірге бұл мәселе бойынша нақты зерттеулер жоқ. Бірақ, әлемде инфлюенсерлер жыл сайын 14 млрд долларға жуық табыс табады және бұл көрсеткіш жыл санап өсуде. Сондықтан бұл салаға да мән беру маңызды.

Әлеуметтік желі әсері

Әлеуметтік медиа ғасырында желідегі қарым-қатынас көптеген проблемаларға әкелуі мүмкін. Мысалы, «Сonversation» журналы жүргізген зерттеуге сәйкес, парасоциалды қарым-қатынас, яғни, ықпалды адаммен біржақты байланыс желі қолданушыларының әл-ауқатына да әсер етеді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі жұмыстың маңыздылығы туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқан болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі.

– Қазір адамдар үшін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары емес, әлеуметтік желі негізгі ақпарат көзіне айналған. Салдарынан адамдар жалған мәліметке жиі тап болып, шынайы ақпарат жетіспей қалады. Сол себептен «тыңдай алатын мемлекет» тұжырымдасына көшу, яғни халықпен тікелей онлайн байланыс орнату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дегенмен, әзірге билік органдарында халықпен және бизнеспен тиімді коммуникация жүйесі енді қалыптасып келеді. Азаматтармен тікелей және кері байланыс орнату үшін тұрақты алаңдар жұмысы толық жолға қойылмай отыр. Атқарушы органдар онлайн режимде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап берудің орнына, жекелеген танымал блогерлермен жұмыс жасауға бейім. Ал танымал блогерлер белгілі бір мағынасында инфлюенсерлер десек те болады.

Жалпы, инфлюенсерлердің теріс ықпалы қоғам өмірінің барлық саласында бар. Айталық, блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына себеп болды. Желі арқылы елдегі түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің іс-әрекеті үлкен трагедияларға әкелген жағдайлар да бар. Соның бір дәлелі – Қордай оқиғасы.

2020 жылдың ақпанында бүкіл елді Жамбыл облысының Қордай ауданында болған оқиға дүр сілкіндірген еді. Тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласып, он бір адам көз жұмды. Жағдайдың бұлай ушығуына бірден-бір себеп расталмаған ақпараттың желі арқылы тез тарауы болатын.

Саяси өзгерістер құралы

Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг 2010 жылы «Құпиялылық енді әлеуметтік норма емес» деген екен. Себебі, әлеуметтік медиа көптеген адамдар туралы жеке ақпаратты қолжетімді етті. Бірақ, бұл Үкімет жұмысын жүйелеуге, азаматтық қоғамды дамытуға қалай әсер етеді?

Бір жағынан, әлеуметтік медиа мемлекеттік істерге қоғамның қатысуы үшін тегін платформа ұсынады. Сондықтан технологиялардың дамуы азаматтарға ел саясатына араласуына мүмкіндік береді деген пікір басым. Әлеуметтік желілер пайдаланушыларды бір-бірімен байланыстырады, әртүрлі қауымдастықтар құруға көмектеседі. Азаматтарға мемлекеттік қызметтердің маңыздылығын жеткізуде шешуші рөл атқара отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы процестерді неғұрлым түсінікті қылады.

Әлемдегі бес елдің төртеуі азаматтармен қарым-қатынасты ілгерілету үшін әлеуметтік медиа мүмкіндіктерін пайдаланады. Мұндай құралдардың тиімділігі туралы ешқандай статистика болмаса да, азаматтардың желідегі жаппай наразылығы биліктің жаңа саяси шешімдер қабылдауына әсер етеді.

Мысалы, елімізде биліктің 2017 жылдың қаңтарында уақытша тіркеуге байланысты бастамасы сынға ұшыраған еді. Көші-қон заңнамасына түзетулер күшіне еніп, жылжымайтын мүлік иелерін өз үйлерінде тұрып жатқан адамдарды дереу тіркеуге міндеттеді. Ал бір айдың ішінде тұрғылықты мекен-жайға уақытша тіркеліп үлгермеген азаматқа 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 23 мың теңге көлемінде айыппұл салынатын болды.

Азаматтар бұл талапқа дайын болмағандықтан, көпшілік әлеуметтік желіде наразылық танытты. Алғашында Үкімет бұл реакцияны елемеді. Алайда ашу-ыза күшейген соң, шара қолданып, уақытша тіркеуді жеңілдету үшін жаңа қызметті енгізді.

Әлеуметтік медиа дұрыс пайдаланылған жағдайда мемлекеттік саясаттағы осындай оң өзгерістерді бастаудың тиімді құралы бола алады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан сияқты дамушы елдерде сыбайлас жемқорлық көбінесе төлемдердің ашықтығы жоқ мемлекеттік қызметтермен байланысты.

Бұл мәселеде Ұлыбритания тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Ұлыбританияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы инновациялық орталығы бірнеше мүдделі тараптарды, соның ішінде азаматтық қоғамды, құқық қорғау органдары мен технология сарапшыларын біріктіріп, олардың неғұрлым ашық қоғам құру үшін жұмыс істеуіне жағдай жасаған.

Таяқтың бір ұшы

Бірақ, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұндай сөз бостандығының қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті тұстары жетерлік. Айталық, әлемде Дональд Трамп секілді өзінің Twitter аккаунтын саяси ахуалға әсер ету тәсілі ретінде пайдаланатын саясаткерлер көп. Бүгінде әлеуметтік медиа стратегиялық саясат үшін жаңа мәселелер тудырып отыр.

Цифрлық қызметтердің кеңеюі жұртшылықтың әлеуметтік жауапкершілігі мен саяси белсенділігін арттырады. Бірақ көптеген мемлекеттер технологиялардың, атап айтқанда, ақылды медианың азаматтардың саяси көзқарасына әсер етуінен қорқады. Кейбір елдерде Facebook, Twitter және WhatsApp сияқты танымал әлеуметтік желілер цензураға ұшырайды. Қытай, Оңтүстік Африка және басқа да елдер әлеуметтік медианы реттейтін заңдар қабылдауда.

Себебі, желі арқылы азаматтар мемлекеттік саясатқа қатысты заңдылығы расталмауы мүмкін ақпаратқа жылдам қол жеткізеді. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын австралиялық интернет-журналист, WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж АҚШ дипломатиясына қатысты құпия материалдар жариялаған болатын. Онда АҚШ-тың барлау қызметінің жеке адамдарға тыңшылық жасауы, биліктің жоғары эшелонындағы жемқорлық, әскери қылмыстар секілді құпиялар қызу талқыланды.

2011 жылы әлеуметтік медиа Мысыр, Тунис және Ливиядағы «араб көктемінде» маңызды рөл атқарып, сол елдердегі наразылық білдірушілерге ақпарат алмасуға және өз үкіметтері жасаған заңсыздықтарды әшкерелеуге мүмкіндік берді. Бұның аяғы жаппай көтерілістерге әкелді. Дегенмен, халық демократия жолындағы күресте жеңіп шықты деп айту қиын. Мысыр мен Ливия соңғы жылдары саяси тұрақсыздық, ішкі лаңкестік, басқа да ірі дағдарыстармен бетпе-бет келуде. Араб көктемін тудырған әлеуметтік медианың әсері бұл саяси жүйелердің автократиядан демократияға айналуына мүмкіндік бере алмады. Қалай десек те, Таяу Шығыс пен Араб түбегі жаһандағы тұрақсыздықтың мекеніне айналды.

Әлеуметтік желідегі жаппай наразылық толқынын елемеудің тағы мысалы – Бразилия. Елде 2013 жылдың маусымында халық көшелерге шығып, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысының қымбаттауына наразылық білдірді. «Тропикалық көктем» деп аталған бұл толқулар бірнеше айда басылса да, Бразилияның саяси билігіне ауыр және жойқын әсер етті. 2016 жылдың аяғында президент Руссефке импичмент жарияланып, Бразилия өз тарихындағы ең ауыр рецессияны бастан кешірді.

«Араб көктемі» елдеріндегідей, Бразилияда да әлеуметтік желілерді пайдалану экономикалық жағдайдың жақсаруына әкелмеді. Ел депрессияға түсіп, жұмыссыздық 12,6%-ке дейін өсті.

Цифрлық дезинформация арқылы сайлау нәтижелерін өзгерту, саяси жүйені шайқау сияқты әлеуметтік медианы бүтін бір елді тұрақсыздандыру үшін жалған жаңалықтар таратуға қолданудың мұндай жағдайлары өте көп. Бірақ әлеуметтік желі үкіметтің өз азаматтарының қажеттіліктерін анықтау, мемлекеттік қызметтерді дамыту үшін пайдалана алатын қуатты технологиялық құрал болып қала береді. Сондықтан билік әлеуметтік медианы электрондық қызметтерді жетілдіріп, халықпен ынтымақтастықта саясат жүргізу үшін пайдаланылуы керек.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<