Құттықтау жеделхат жолдады

557

0

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Король VI Мұхаммедті Марокко Корольдігінің ұлттық мейрамы – Таққа отырған күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Марокко арасындағы сенімді қарым-қатынастың одан әрі жандана беретініне сенім білдіріп, VI Мұхаммедтің қызметіне табыс тіледі.

ГРАНТ САНЫ ӨСЕДІ

2025 жылға дейін мемлекеттік білім гранттарының саны 50 пайызға артады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтылды деп хабарлайды Қазақпарат.

«Жоғары білімге кең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет өткізіледі. Сондай-ақ шекті балл жинамаған талапкерлер ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде қабылданып, ҰБТ-ны бірінші курс оқып жүріп, қайта тапсыра алады. Сонымен қатар жыл сайын жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі (2019 жылы – 50 901, 2020 жылы – 51 071, 2021 жылы – 56 561 грант, 2022 және 2023 жылы – 73 061 грант) ұлғайды. Соңғы бес жылда бакалавриатқа мемлекеттік тапсырыс көлемі 31 пайызға өсті. 2025 жылға дейін гранттардың саны 50 пайызға артады. Нәтижесінде кемінде 75 мың жас қазақстандық мемлекеттік қолдауға ие болады» делінген министр жауабында.

Жалпы, жоғары білім беру жүйесінің негізгі міндеті – экономика салаларын инновациялық дамыту. Сонан да ЖОО жұмысының сапасы түлектердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігімен өлшенеді.

«Ол үшін талапкерлерді сапалы іріктеу қажет. Білікті мамандарды даярлау үшін талапкерлерден белгілі бір біліктілік деңгейі (дағдылар мен қабілеттер) талап етілетіндіктен қолданыстағы ҰБТ механизмі сапалы іріктеуді қамтамасыз етеді» деді ол.

Сондай-ақ, министр конкурстан кейін қалған бос білім беру гранттары ҰБТ нәтижелері бойынша балы жоғары талапкерлер арасында қайта бөлінетіндігін атап өтеді.

Ақша ата-аналардың шотына аударылады

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады. Ата-аналар мемлекеттен берілетін ақшаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды өздері таңдап сатып ала алады.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, биыл әр оқушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Ақша ата-аналардың шотына аударылады.

Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқкиімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата- аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді.

Несиесін төлеу кейінге шегеріледі

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскерге шақырылған 2600-ден астам азаматтың несиесін төлеу кейінге шегерілетінін мәлімдеді.

«Қазіргі таңда 2600-ден астам мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың қарызы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру үшін уақыт берілген. Жобаның ұзақмерзімді сипатын ескере отырып, жеке өтінішсіз проактивті форматта кредитті төлеуді тоқтата тұру мүмкіндігін ұсыну алгоритмі әзірленді. Бұл алгоритм даму сатысында» деп атап өтті Д.Ахмедиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<