Ғылымға нақты қолдау қажет

460

0

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері өңірлік ғылымның дамуына белсене атсалыспақ.

Мемлекет басшысы 2023 жылы 12 сәуірде Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында «Заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу» деп атап өткен болатын.

Осы мақсатта Студенттер сарайында алқалы жиын өтті.

Жиынға ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев, «Агробиоресурстар және экология» басқармасының басшысы Қуантар Әлиханов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының басқарма басшысы Бекбол Рамазан және жергілікті мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар мен педагогтар қатысты.

Академия делегациясы алдымен университеттің материалдық-техникалық базасын аралап, өңірлік ғылымды дамытуға бағытталған ЖОО ғалымдарының коммерцияландыруға дайын үздік жобаларымен танысты.

Жиында сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының басқарма басшысы Бекбол Рамазан өңірлік мәселелерді шешуде ғылымның алар ерекшелігіне тоқталып өтті. 

– Академия өңірдегі ғылымға айрықша көңіл бөліп отыр. Шараға атқарушы мемлекеттік орган өкілдерін арнайы шақырдық. Мәселелері болса ғылымға жүгінсін. Ұлттық ғылым академиясы оны шешу үшін ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Сол арқылы біз ғылымға да, ғалымға да кең жол ашып береміз. Отандық ғылымға тың серпін беруді барынша қолға алып жатырмыз. Негізгі мүдде – жаңа ғылыми жұмыстарға қолдау көрсету. Осыған байланысты жергілікті ғалымдардың ой пікірін білдік. Алдағы уақытта өндіріс қалдықтарын қайта өңдеп, құрылыс материалдарын шығару, одан бөлек су тапшылығын үнемдеу, цифрландыру жобасын жолға қою мақсатында жұмысшы тобы құрылады. Ғалымдардың қатысуымен мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жас ғалымдары күріштің ақуызы мен сабанынан қалған қалдықтардан көптеген пайдалы заттар алуды ойлап тауып жатыр. Биологиялық тұрғыда медицинаға пайдасы бар дүниелермен айналысып отырғандары қуантады. Португалия, Америка мемлекеттерімен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Бұл қазақ ғылымына қосылған жаңа жоба деп білеміз. Осы мақсатта жұмыс барысын дамыта түсуіміз  қажет, – деді ол.

Ғылым мехнаты қашанда аз болмаған. Оған бет бұру үшін ең алдымен табандылық қажет. Ғылымның берер жемісі тәтті болғанымен, жаңадан жаңалық ашып, оны қоғам қажетіне жаратып, өндіріске енгізу оңай шаруа емес. Бұл ретте кейбір жерлестерімізді Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдері танып үлгерді. Солардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші профессоры Нұрбол Аппазов.

Кездесу барысында жас ғалымның пікірін білген едік.

– Жалпы университет жанынан іргелі зерттеулер жүргізіліп келеді. Нәтижесінде коммерцияландыруға дайын жұмыстар бар. Осы кезге дейін оқу орнында ғылымды гранттық қаржыландыруда ондаған жоба орындалды. Қазіргі таңда ауылшаруашылық саласында органикалық тыңайтқыштар шығаруды енгіздік. Ғылымды коммерцияландыру – өте күрделі мәселе. Көптеген қаржыны қажет ететін дүние. Бізге қонаққа Ұлттық ғылым академиясының өкілдері келіп отыр. Олардың мақсаты – өндіріске дайын жобалармен танысып, оларды әрі қарай дамытып, инвесторлар тартуға қолдау көрсету. Қазір органикалық жер өңдеу өте маңызды. Бұл бағытта да біздің зерттеулеріміз бар. Біздің ең көп іргелі зерттеулер жүргізгеніміз әртүрлі патогендер. Олар адамның да, өсімдіктің де патогені. Ол – бактериялар және саңырауқұлақтар. Соларға қарсы біз ең белсенді жаңа қосылыстар алғанбыз. Енді оны әрі қарай өндіріске енгізу үлкен қаржыны қажет етеді. Мұнымен тоқтап қалмай жұмыс жалғасуда. Қолдау болса, өз жобаларымызды жаңғыртып, жақын арада өндіріске ұсынып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндігіміз бар, – дейді ғалым.

Алқалы жиында өңірдегі әр сала бойынша түйткілді мәселелер мен шешу жолдары сараланып, сырбойылық ғалымдардың ұсыныстары талқыға түсті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<